Түркиядағы қазақ диаспорасы – екі ел арасындағы алтын көпір
Кездесу соңында «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Д.Қадыров: «Қазақ-түрік бауырластығы нығая берсін. Түркиядағы қазақ диаспорасы – бауырлас екі ел арасындағы алтын көпірдің берік кепілі», – деп сенім білдірді.
ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ мен Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен ондағы қазақ киіз үйінде қазақ диаспора өкілдерімен келелі кездесу өтті.
Алқалы жиынға Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулы Нуриддин Аманқұл, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Түркия Әділет және даму партиясы Орталық шешімдер және басқармасының мүшесі Решиде Юксел, «Қазақкент Алтай» қоғамының басқарушы мүшесі Жанымхан Жаңалтай, Қожа Ахмет Яссауи қорының мүшесі Рамазан Авджы, «Қазақстан мәдениет және сауда орталығы» басшысының орынбасары Ержан Уайыс, «Қазақ-түрік білім және зерттеу» қоғамы (KATEAD) басшысы Сүлейман Өзпарк, Түркияда басылатын «Қазақ елі» журналының бас редакторы Ертолқын Гайретуллах және т.б. ұйым басшылары мен белсенділер қатысты. Кездесу барысында Түркиядағы қазақ диаспорасының екі ел арасындағы экономикалық, әлеуметтік және мәдени капиталды дамытуға қосқан үлесі мен рөлі туралы кеңінен айтылды. «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Д.Қадыров Түркиядағы қазақ диаспорасына барынша қолдау көрсетуге мүдделі екенін, шетелдегі әр қазақ диаспорасының еліміз үшін орны ерекше екенін атап өтті. Жиында Түркиядағы этникалық қазақ жастарының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, ана тілін сақтап қалу мәселесі сөз болды. Өз кезегінде, диаспора өкілдері Түркиядағы қазақ диаспорасының қазіргі жағдайы, жетістіктері, проблемалары мен оларды шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын алға тартты. Сонымен қатар кездесуде диаспора өкілдері үшін Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру, ортақ қоғамдық, мәдени-гуманитарлық іс-шаралар өткізу мүмкіндігі талқыланды. Бас консул Н.Аманқұл диаспораның екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтағы рөлі және т.б. мәселелерін баяндады. Кездесуден кейін Қоғам президенті Д.Қадыров Ыстанбұл қаласындағы қазақ мәдени ұйымдарының кеңселерін аралады. Сондай-ақ Зейтүнбурну ауданындағы Абай атындағы мектептің қабырғасында Қазақстан Бас консулдығының бастамасымен ашылған домбыра курсының жұмысымен танысты. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Отандастар қоры» КеАҚ қолдауымен өтіп жатқан Ыстанбұлдың Бағджылар ауданында орналасқан «Қазақкент Алтай» қоғамының домбыра курстарына барып, үйірме қатысушыларының өнерін тамашалады. Шығармашылық ұжым Атажұртқа деген ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді. Атап айтсақ, Ыстанбұлдағы Қазақстанның Бас консулдығы 2023 жылы Қазақстан Республикасының Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе жоғарыда аталған ұжымдарға ұлттық аспабымыз домбыраны сыйға тартқан болатын. Мазмұнды жиын барысында қиырдағы отандастарымыз жыл сайын асыға күтетін дәстүрлі «Қоржын» жиынтығы Ыстанбұлдағы «Қазақкент Алтай» қоғамына табысталды. Ол жиынтық қазақтың салт-дәстүрі мен тамыры тереңнен бастау алатын құндылықтарын дәріптеп жүрген қара шаңырақтың кәдесіне жарамақ. Кездесу соңында «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Д.Қадыров: «Қазақ-түрік бауырластығы нығая берсін. Түркиядағы қазақ диаспорасы – бауырлас екі ел арасындағы алтын көпірдің берік кепілі», – деп сенім білдірді.
Ә.ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ