T-Newspaper

«Ой ұшқындарын өлеңдей өрнектеп қағазға түсіру де – ғанибет»

Гүлжаһан Орда, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиет және көркем публицистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор

Белгілі журналист, ғалым-ұстаз Мұратбек Тоқтағазин С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітіргеннен бері еліміздің біршама басылымдарында қызмет істеп, қазақ баспасөзінің дамуына біршама үлес қосқаны елге мәлім. Өзімен қатар оқыған замандасы Бауыржан Омаров оның күн-түн демей жазу-сызумен жүретіні студенттер арасында «Қобыратып түнiмен көп қағазын, Отырады Мұратбек Тоқтағазин» деген өлең жолдарын туғызғаны, студенттер арасындағы айтысқа іліккені туралы жазған болатын. Болашағынан мол үміт күттірген ол еліміздің «Қазақстан пионері», «Алға», «Семей таңы», «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары»), «Лениншіл жас» («Жас Алаш»), «Социалистік Қазақстан» («Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан»), «Әділет БАҚ МЕДИА»,  «Әділет», «Әділет. Рухани жаңғыру» атты республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газеттерінде қызмет істеді. 

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетінің Журналистика және сая­саттану факультетінің профессоры Мұратбек Бал­қыбекұлы – жас журналистерді дайын­дау­ға үлес қосып жүрген ғалым-ұстаз. Шә­кірт тәрбиелейтін кез келген ұстаз оқу бағ­дар­ламасына ауадай қажет оқулықтарды дайын­даумен айналысатыны тарихтан мә­лім. Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, Ж.Ай­мауыт­ұлы, С.Көбеев, тағы басқалар шәкірт тәрбиелей жүріп, көптеген оқулықты дайын­да­ғанын еске алатын болсақ, Мұратбек те бі­лім саласында қалыптасқан осы дәстүрді жал­ғастырып, білім алушыларға арнап, кө­семсөздің өзекті мәселелерін зерттеген 2 мо­­нография, 2 оқу құралын шығарып, 10 ғы­лыми жинақ құрастырды. Ұлттық кө­семсөздің түрлі мәселелері жөнінде жазыл­ған ғылыми-зерттеу мақалалары Қазақстан, Бе­ларусь, Ресей және басқа елдердің ғылыми жур­налдарында, халықаралық басылым­дар­да жарияланып жүр. Қазір оқу процесі талап етіп отырғандай, Web of Science, Scopus ба­за­­ларында да оның мақалалары жария­ла­ну­да. Отандық басылымдарда журналис­ти­ка­ның әртүрлі жанрларында жазылған көп­теген мақаласы жарияланып келеді. Со­ны­мен бірге ол – «Деректілік пен көркемдік», «Ақ­­мола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі ком­­муникативті саясат және жарнама», «Эпис­толярные жанры в публицистике Бе­ларуси, России и Казахстана» (монография), «Замансөз заңғары» атты кітаптардың ав­торы.  «Ақмола үшін айқас» атты жинағына әр жыл­дарда жазылған очерктері, елімізге та­нымал тұлғалармен сұхбаттары, көсем­сөз­ мақалалары топтастырылған. Деректік, та­нымдық сипаты басым дүниелер оқыр­ман­ды бейжай қалдырмайтыны анық. Кітап­тың мазмұнын негізгі екі тарау қамтиды. «Жылдар жаңғырығы» деп аталатын тарауға әр жылдарда жазылған мақалалар топтас­ты­рылса, «Қалам қайраты» тарауында қазақ та­рихынан үлкен орын алатын қайрат­кер­лермен сұхбаттар, олар туралы мақалалар орын алған. Кітаптың жалпы мазмұнын аң­ғару үшін әр тараудан бірді-екілі мақалаға тоқталуды жөн көрдік.  Жинақтың беташары ретінде беріл­ген «Ақмола атауы үшін айқас» ма­қаласы автордың 1991 жылы «Социалистік Қазақстанның» меншікті тілшісі, халық де­путаттары Целиноград қалалық Кеңесінің Ақ­мола атауын қайтару мәселесі бойынша қо­ғамдық пікірді зерттеу комиссиясының қосалқы төрағасы болып жүрген кезінде жарияланды. Целиноград қаласының атауы Ақ­мола болып өзгеруі туралы мақала көп­шілік оқырманға ой салып, оқырман­дардан келген хаттар топтамалары газеттің әртүрлі номерлерінде бірнеше мәрте жарияланған болатын. Тоқсаныншы жылдары қалалық Кеңес­тегі депутаттардың 80 пайызы орыс­тілді азаматтар болғанын еске алатын болсақ, бұл мәселенің шын мәнісінде үлкен дау-дамайға айналғаны жасырын емес. Жур­налистік зерттеу бір жарым миллионнан ас­там тұрғыны бар бұрынғы Горькийді Ниж­ний Новгород деп өзгертуге бар болғаны 359 мың сом кеткенін анықтаған. Қ.Тұрсынов, В.Бож­ко, М.Смағұлов, В.Захаркин сынды де­путаттардың қолдауымен қалалық кеңес­тің Ақмола атауын қайтаруды зерттейтін ар­наулы комиссия құрылғаны тарихтан мәлім. Осы жөнінде автор былай дейді: «Сөйтіп, 58 депутат жақтап, 12-сі қарсы болып, төртеуі қалыс қалды. Мәселе, оң шешіліп, құрамында 9 адамы бар комиссия бекітілді. Сөз реті келгенде айта кеткен жөн, сессияда осы мә­се­ле төңірегінде пікір білд­ірген халық депу­тат­тары Целиноград об­лыс­тық Кеңесі­нің тө­рағасы А.Браун, егер мә­­­селе қаражатқа тіре­ліп тұрса, тіпті жар­­ты миллиондай сом­ды республика Ми­нистрлер Кабинетінен-ақ алып беретінін, де­путаттардың бұл мәселеге те­рең жауапкер­шілікпен қарауын өтінді». Газет халықтың үні екенін білдіріп, қо­ғам­да үлкен қозғау тудырған бұл мақаланы рес­публика көлемінде қолдаушылар өте көп болды. Сол кездегі қала тұрғындарының 80 пайы­зы өзге ұлт өкілдері болғандықтан, жаңа­ша бастамаға қаланың жергілікті тұр­ғындары тұтастай қарсы болды. Алайда рес­публика деңгейіндегі халықтың қолдауы­на ие болған бастама өз нәтижесіне жетіп, ко­миссияның шешімімен Целиноград қала­сы ежелгі атауына қайта оралып, Ақмола болып өзгерді.  Журналистің Парламентте «Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі тура­­лы» кодекс («Денсаулық кодексі») қа­ра­лып, оған көптеген министрліктің бас­шы­лық дең­гейдегі өкілдері шақырылып, ұлт сау­­лығы, тамақтануы хақында үлкен әңгіме бол­­ған кезде жазылған «Қымызың қайда, қа­­за­ғым?» мақаласының да өзіндік айтары бар. Ұлтжанды азамат, Парламент Мәжілі­сі­нің депутаты Алдан Смайыл әл-Фараби ба­ба­мыздың «Егер ұлттық тағам дастарқаннан кететін болса, ұлт ауруға шалдығады» деген ата­лы сөзін тілге тиек ете отырып, ұлттық су­­сын­ның денсаулыққа келтірер пайдасы тара­­тыла сөз болды. Ресейде «туберкулезді» қы­­мызбен емдейтін 40-тан астам сана­то­рий­дың болуы, Германияда арнайы мамандан­ды­рылған, қымыз өндіретін 50 ферма ашыл­ғаны, немістер қымызды дәрі ретінде, таб­лет­ка күйінде бүкіл Еуропаның дәріха­на­ла­рында сататыны, Ресейдің өзінде жыл сайын биенің сүтінен 500 тонна балалар тағамдары жа­салатыны, Якутияда ауыр хирургиялық операция жасалған науқастарға қымыз бере­тіні таратыла сөз болды. Осы жөнінде автор бы­лай дейді: «қымызымызды – неміс, шұба­ты­мызды – еврей, қазымызды – италиян­дық­тар өздеріне «меншіктеп», мөрлеп алға­ны­нан оқырман қауым хабардар болар. Ол аз десеңіз, Ганс Цольман деген кәсіпкер қы­мыз­дан әйелдерге арнап иісмайлар, балалар тағамын жасапты». Тоқсаныншы жылдары депутаттар көтерген ұлттық сусын туралы мәселе қай кезде де өзектілігін жой­ған емес. Бұл мәселе Үкімет, Парламент дең­­­­гейінде оң шешілсе, ұмыт болған «Қы­мыз­мұрындық», «Бие байлар», «Желі майлар» сияқ­ты дәстүрлі мерекелер қалпына келер еді. Осылайша, автор ел өміріндегі өзекті мә­селелерді дер шағында көтеріп, ұлттық құн­дылықтарға көпшілік оқырманның на­зарын аудара білді.  Ол ұзақ жыл баспасөзде қызмет істей жүріп, қазақ журналистикасына өл­шеусіз үлес қосқан Қазақстанның Халық жа­зушысы Әзілхан Нұршайықовтың мұра­сын зерттеумен айналысып, «Әзілхан Нұр­шайы­қов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Екінші дүниежүзілік соғысынан аман келген Әзілхан Нұршайықовтың С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Журна­лис­тика факультетінде білім алғаны көпші­лік оқырманға белгілі. Ол студент кезінде болашақ әдебиеттанушы-ғалым Мырзабек Дүйсеновпен қатар оқып, өмірінің соңына дейін арасынан қыл өтпес дос болғаны жө­нін­де көптеген естелік-эссе жазды. Мұратбек Әзіл­хан ағасының мұрасын зерттей жүріп, Мырзабек Дүйсеновтің мерейтойларына ар­налған республикалық конференцияларға бел­сене араласты. Қара шаңырақтың түлегі ре­тінде ұстаз ағалары туралы бірнеше есте­лік мақала жазып, аға буынның өмір жолын өзіне және замандастарына үлгі-өнеге етті. Ғалым өмірін өрнектейтін «Бекзат болмыс» атты естеліктер, эсселер, ғылыми мақалалар мен шығармашылық портреттер жинағын құрастырып шығарды.  Жоғарыда аталған жинаққа енген «Әза­ғаның афоризмдері» деген мақала автордың аталған тақырыпқа жиі-жиі қайта оралып оты­ратынын көрсетеді. «Қазақ журна­лис­тика­сының қыраны атанған», журналистика мамандығының иесі болғандығын мақтан еткен, белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов­тың өмір жолы ақпарат құралдарымен ты­ғыз байланысты болды. Сондықтан да Әза­ғаң­ның жазғандарының ішінде аталған ма­мандық, әріптес қаламдастары хақында афо­ризмдері мен қанатты сөздері көп кез­де­седі. Автор: «Оған алдыңғы буын аға-апа­ла­рымыз қанық болғанымен, азабы мол ма­мандығымыздың қыр-сыры хақында бас­пасөз құралдарының қазіргі жас буыны, уни­верситеттердегі осы жолды таңдаған тал­шыбықтай ізбасарларымыз жете біле бер­меуі мүмкін», – дей келіп, қаламгердің жур­налистер туралы қанатты сөздері мен афо­ризмдерін жариялаған болатын. Жаз­ба­ларға қарап отырсақ, Әзілхан Нұршайықов га­зет туралы мынадай қанатты сөздер қал­дырған екен: 

«Газет – айна,  Газет оқыған – пайда. Газет сөзі – шындық.

Газеттің сөзі өткір, Тілшінің көзі өткір.

Хаты көп газеттің – қанаты көп.

Тілшісі көп газеттің – тірегі мықты».  Газеттің өзі шықпайтыны белгілі, кез кел­ген газеттің басшысы, дәлірек айтсақ ре­­дакторы болады. Ұзақ жыл баспасөзде қыз­­мет еткен кәнігі журналист редактор­ларға мынадай сипаттама берген: 

«Сылбыр редактор сипақшыл келеді,  Сылдыр редактор цитатшыл келеді.

Жалтақ редактор ақылдасқыш келеді,  Жалқау редактор полосаны да жатып оқиды. Редакторы жиналыста жүреді,  Орынбасары қиналыста жүреді». Газетке материал дайындайтындар – жур­налистер болса, олардың да болмыс-бі­тімі мен талант-талғамы түрліше болып ке­леді. Бірі еңбекқор болса, екіншісі жатып ішер жалқау болатынын өмірден көріп жүрміз. Бес саусақтың бірдей болмайтыны тәрізді, журналистердің түрліше болатынын байқаған Әзағаң оларға мынадай сипаттама береді:  «Жаңалықты сезгіш журналист – журналист,  Жаңалықты сезбейтін журналист – формалист.

Жақсы журналист жаңашыл келеді.

Мақсатсыз беттен  Мағыналы хабар артық.

Кітап оқымайтын журналист – киіз журналист.

Тұрақсыз журналист редакциядан редакцияға көшіп жүреді. Тұрлаусыз журналист құр сөзбен бөсіп жүреді.

Журналистің де шаш ал десе,  Бас алатыны болады».  Сонымен бірге газеттің әр санын шы­ғаруда меншікті тілшілердің атқарар қызметі ересен зор. Автор бір-біріне ұқсамайтын, сан алуан тілшілерге төмендегіше сипаттама берген екен.  Жақсы тілші – жақсылықты көреді,  Жаман тілші кемшілікті ғана тереді.

Жақсы тілші адамды құрметтейді,  Жаман тілші сиырды суреттейді.

Алыстағы жазушыдан,  Жақындағы журналисім артық.  Алматыдағы жазушыдан,  Ауылдағы тілшім артық.

Жаман тілші естігенін жазады,  Жақсы тілші көргенін жазады.

Жақсы тілші жайдарыланып келеді,  Жаман тілші айбарланып келеді», – деген қанатты сөздерді оқып отырғанда, об­лыс­тарды аралап ақпарат жинайтын, жи­нағанын газетке жазатын тілшілердің бол­мыс-бітімі көз алдымызға келеді. Май­дангер қаламгердің кез келген дүниені жауын­герлер өмірімен салыстыруы заңды. Ол жөнінде «Қаламсыз журналист қарусыз сол­датпен тең» деген қанатты сөзін жады­мыз­да ұстауымызға болады. Кәнігі журна­лис­тің қырағы көзіне іліккен бұл мәселелер осы салада білім алып жүрген жастардың өз ма­мандығының майталман иесі болу жо­лын­да көп көмегін тигізетіні белгілі.  Қорыта айтқанда, Мұратбек Тоқтағазин – өзі сүйген мамандығын шебер игерген жур­налист, ғалым-ұстаз. Оны жоғарыда кел­тірілген мысалдардан көруге болады. Қай са­лада жүрсе де, мамандығына адал қызмет етіп жүргенін өмір жолы мен жарияланған ең­бектері растайды. Оның бір мысалы – бас­па­с­өз, білім, ғылым саласындағы еңбектері өз уақытында бағаланып, «Мәдениет май­тал­маны», Қазақстан Республикасының «Мә­дениет саласының үздігі», Қазақстанның «Ақпарат саласының үздігі» атақтарының иегері атануы. Сонымен бірге ол Ғылым және білім министрлігі шешімімен ғылым саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңір­ген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осы­лардың барлығы – мерейтой иесінің қа­зақ көсемсөзі саласындағы еңбегінің нәти­жесі. Сөзімізді Мұратбек Тоқтағазиннің зерт­теу нысанына айналған майдангер жур­налист Әзілхан Нұршайықовтың «Ой ұш­қындарын өлеңдей өрнектеп қағазға түсіру де – ғанибет» деген сөзімен қорытындылай­тын болсақ, ол – ел өміріндегі шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелерді өрнектеп қағазға түсірудің кәнігі майталманы. Жазғанынан жа­зары көп замандасымызға шыққан тауыңыз биік болып, ұлт болашағына қатыс­ты мәселелерді дер шағында журналистік зерт­теумен көтере беріңіз деген тілек айтамыз.