Аягөздегі әскери-ғылыми конференция
Аягөз гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстанның Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдиновтың басшылығымен оқу-әдістемелік жиын өтті.
Онда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесін ескере отырып, әскерлерді даярлау тәсілдерін жетілдіру мәселелері қаралды және 2024 оқу жылының қысқы кезеңіндегі әскери басқару органдары мен әскерлер қызметінің қорытындысы шығарылды. Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің, Бас штабтың, жоғары әскери оқу орындарының басшылары, Қарулы Күштер бас қолбасшылары, өңірлік және әскери бөлімдердің қолбасшылары қатысты. Жиында жедел далалық іс-шаралардың қорытындысы туралы баяндамалар тыңдалып, қорғаныс ведомствосы қызметінің басым бағыттарын іске асыру бойынша бірқатар міндеттер қойылды. Сондай-ақ жедел-әдістемелік жиын аясында әскери-ғылыми конференция өтті. Онда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың негізгі тенденциялары, ақпараттық күрес әдістері, құрамалар мен бөлімдерді басқару пункттерінің байланыс құралдарын қолдану ерекшеліктері туралы баяндамалар тыңдалды. Қатысушылардың назарына ұшқышсыз басқарылатын авиация жүйелерін жарақтандырудың қазіргі жағдайы мен перспективалары тақырыбы ұсынылды. Оған қоса соғыстар мен қарулы қақтығыстар тәжірибесі бойынша аумақтық қорғаныс күштерін қолдану ерекшеліктері қарастырылды. «Майлин» оқу-жаттығу полигонында жиынға қатысушыларға арнайы көрнекі сабақтар өткізілді. Оның барысында броньды нысандарды жою, қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларына қарсы тұру және марш кезінде мина-жарылғыш кедергілерді еңсеру тәсілдері зерделенді. Жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің қазіргі жағдайлары да ескерілді, тактикалық оқу-жаттығуларды дайындау әдістемесі қарастырылды. Тұрақты орналасу пункттерінде, позицияларда және басқару пункттерінде ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларға қарсы іс-қимыл жасау кезінде тегіс ұңғылы қаруды пайдаланудың жауынгерлік мүмкіндіктері зерттелді. Практикалық сабақта офицерлер шоғырланған жерде жедел бірлестіктің командалық пункттерін орналастыру мәселелерін де пысықтады.
А.БИМЕНДИЕВА