Қазақстан Қоқысстанға айналмасын десек...
Ал пластик өнімдерді шығаратын зауыттар бір жылда атмосфераны 400 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газымен улайды. Осының кесірінен қазір жануарлардың 800-ге жуық түрінің пластикті жеп қоюына және пластикпен улануына байланысты жойылып кету қаупі төніп тұр дейді мамандар.
Пластик соңғы 40 жылдан астам уақытта адамзат өмірінің бір бөлшегіне айналды. Жейтін тамақ, ішетін сусынның бәрі пластик құтыларда. Пластик бөтелкелердің 60 пайызы су, тәтті сусын, газды су мен шырындарды қаптауға жұмсалады екен. Әлемде жыл сайын 500 млрд пластик бөтелке өндіріледі. Бұл шамамен 1 минутта 1 млн бөтелке шығады деген сөз. Бір литр бөтелкені өндіру үшін 1,5 литр су және 250 мл мұнай қолданылады. Мәселен, АҚШ-та пластик бөтелкелерді өндіру, тасымалдау және қайта өңдеуге жылына 1 млн автомобильге жететін мұнай жұмсалады екен.
Ал пластик өнімдерді шығаратын зауыттар бір жылда атмосфераны 400 млн тоннаға дейін көмірқышқыл газымен улайды. Осының кесірінен қазір жануарлардың 800-ге жуық түрінің пластикті жеп қоюына және пластикпен улануына байланысты жойылып кету қаупі төніп тұр дейді мамандар.
Пластикке тұншыққан тынық мұхиты
Пластиктер бір рет қолдануға арналғанымен, табиғи түрде өте баяу ыдырайды. Ғалымдар оның ыдырауы 500-1000 жылға дейін созылатынын және ол толық ыдыраған кезде микропластиктерге айналатынын айтады. Сырт қарағанда бөтелкелер жүздеген жыл бойы зиянсыз жата беретіндей көрінеді. Алайда олар қаладағы кәріз жүйелерін толтырып, су басу қаупін тудырады. Сондай-ақ туристік аймақтарды ластайды. Былтыр әлемдегі мұхиттарда шамамен 50-75 триллион пластик пен микропластик бөлшектері бар екені анықталды. Бұл пластик қалдықтары көбіне өзендер арқылы мұхитқа жетіп, орталық ағыстар арқылы бүкіл әлем бойынша таралады. Пластик қалдықтарының көп бөлігі мұхиттардың орталық ағыстарына жиналады. Әлемдегі ең үлкен қоқыс жинақтарының бірі – Гавайи мен Калифорния аралығында орналасқан Үлкен Тынық мұхиты қоқыс аймағы. Great Pacific Garbage Patch көлемі өте үлкен және онда миллиондаған тонна пластик жиналған. Бұл мәселе жаһандық экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Бүгінде оны шешу үшін халықаралық қауымдастықтар бірігіп әрекет етуде. Мәселенің шешімі тезірек табылмаса, қалдықтар теңіз тіршілігіне зиян келтіріп қана қоймай, адам денсаулығына да қауіп төндіреді, себебі микропластиктер азық-түлік тізбегіне еніп, біз тұтынатын тамақ пен суға жетеді. Бұл өз кезегінде экожүйелердің климаттың өзгеруіне бейімделу қабілетін төмендетіп, тіршілікке айтарлықтай зиян келтіреді. Өкініштісі, барлық пластикалық бөтелкелердің тек 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Олардың 79 пайызы қоқыста жатса, 12 пайызы ғана өртеледі. Мәселен, АҚШ-та бөтелкелердің 29 пайызы қайта өңделеді. Бұл салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіш деп есептеледі. Ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары – 41 пайызға жетеді. – Францияда бір рет қолданылатын пластикалық ыдысқа тыйым салынған. Мәселен, АҚШ, Канада, Ұлыбританияда косметикада қолданылатын микропластикті, пластикалық ыдысты қолдануға тыйым салды. Бұл өте күрделі салдарға әкелуі мүмкін. Кәдімгі полиэтилен пакеті жанған кезде ауаға 70-ке жуық түрлі зиянды зат бөлінеді, олардың көбі адам үшін өте улы. Жану барысында бөлінетін канцерогендер ауада жиналып, онкологиялық аурулар санының өсуіне әкеледі. Мәселен, жыл сайын 35 мыңға жуық адам онкологиялық аурумен тіркеледі. Жыл сайын қатерлі ісік ауырынан 15 мыңға жуық адам көз жұмады, – деп мәлімдеген болатын сарапшы-эколог Әлия Күшбаева. Әлемде қоқысты қайта өңдеу мәселесін толыққанды шешкен елдер де бар. Солардың бірі – Швейцария. Онда әрбір азамат қоқысты сұрыптап төгуге міндетті. Пластмассаны пластмассаға, қағазды қағазға, темірді темірге тастайды. Олардың әрқайсына арналған жеке қоқыс жәшіктері бар. Соның арқасында қоқыс қалдықтарының 90 пайызы қайта өңделеді екен. Бөтелкелерді қайта өңдеу адамзат баласының экологиялық мәдениетіне тікелей байланысты болғандықтан, кейбір компаниялар оны табиғи түрде өздігінен ыдырайтын, жүгері крахмалы, қамыс қантынан өндіріп жатыр. Мұндай бөтелкелер тез ыдырайды және қоршаған ортаға зияны аз.
1 бөтелке – 4 сағат энергияға тең
Жалпы, бір рет пайдалануға арналған пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, екінші «тынысын» ашып, жаңа өмір сыйлауға болады. Мысалы, әртүрлі өнімдер өндірісінде, киім (жүнді курткалар тігуде) өнеркәсібінде, құрылыс материалдарында және жаңа бөтелке жасауда пайдалануға болады. Бір бөтелкені кәдеге жаратсаңыз, 100 ваттық лампочканы 4 сағат жағуға жететіндей энергия алуға болады. Елімізде жыл сайын шамамен 90 мың тонна пластик қалдықтары өндіріледі. Тек соның 3,1 мың тоннасы ғана (3,5 пайыз) қайта өңделеді екен. Ал қоқыс полигондарында жыл сайын шамамен 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болады. Бүгінде елімізде пластик бөтелкелер қабылдайтын мекемелер бар, бірақ аз. Экобелсенді Азаматхан Әміртай мұның себебін мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың болмауымен деп түсіндірді. – Қазақстан бұл ретте шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуы керек. Кәсіпкерлер үшін ең бірінші мақсат – пайда табу. Пайдасы болмайтын бизнеске олар еш уақытта бармайды. Сондықтан оларға табыс табатындай мүмкіндік жасалуға тиіс. Себебі кәсіпкер бизнесін аяққа тұрғызса, мемлекетке салық төлейді, жұмыс орындарын ашады. Бұл жерде мемлекет оларға көмектескеннен ұтылмайды, керісінше ұтады. Осы арқылы елдің экологиялық мәселесін біршама реттеуге болады. Бұл заңмен реттеліп, экологиялық кодекске өзгеріс енгізілуі керек. Одан бөлек біз күнделікті өмірде үйден шыққан әрбір қоқысты сұрыптап үйренуіміз керек. Сонда қоқыс сұрыптайтындардың жұмысы жеңілдейді, – дейді белсенді. Экологтардың мәліметінше, еліміздің әрбір тұрғыны жыл сайын шамамен 42 келі пластик қалдығын тастайды екен. Бұл дегеніміз, орта есеппен әрбір қала тұрғыны аптасына бір пакеттің көлеміндей пластикті қоқысқа тастайды деген сөз. Қоқыс полигонынан пластик бөтелкелерді жинап, сұрыптап, қайта өңдеумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің бірі – Елмұрат Егембердиев. Шымкент қаласынан қоқыс өңдейтін екі зауыт ашқан. Бүгінде қол астында 60-қа жуық қызметкері бар ұжымның жұмысын дөңгелетіп отыр. – Біз қабылдаған бөтелкелерді Ресей мен Өзбекстанға жібереміз. Олар қайта өңдеуден өткен шикізаттан синтепон жасайды, оны киім өнеркәсібінде пайдаланады. Қазақстанда мұндай өндіріс орындары жоқ, – дейді Елмұрат. Кәсіпкер бөтелкелерді жан-жақтан жинайды. Қоқыс полигонынан, қаладағы қабылдау пункттерінен, көшелерге қойылған сеткалардан. Кейде адамдар өздері үйлерінде жинап қойып, тегін алыңыз деп хабарласады екен. Тіпті, аудан тұрғындары қалаға келе жатып бөтелкелерді ала келеді екен. Мұның бәрі халықтың экологиялық мәдениеті мен санасының өзгеріп жатқаны дейді кейіпкеріміз. – Негізі, зауытымыз 15 тонна өнімді өңдеуге қауқарлы. Қазір 8 тонна өнім өңдеп отырмыз. Өйткені пластик бөтелкелер азайды. Көбісі қоқыста көміліп кетеді. Одан бөлек ӨКМ (РОП) қалдықтарды жинауды, тасымалдауды, өңдеуді, залалсыздандыруды, пайдалануды, кәдеге асыруды тоқтатты. Осыдан кейін бөтелке өткізетіндер саны да күрт төмендеді. Бұрын қоқыс жинаушылар ресми тіркеліп, әр әкелген қалдықтың салмағына қарай мемлекеттен ақша алып отыратын. Қазір бұл жойылғандықтан, жұмысымыз аздап қиындады әрі баяулады. Бүгінде 1 келі пластик бөтелкені 180 теңгеден аламыз. 1 литрлік бөтелкенің 15-20 данасы 1 келі болады. Бағаны 180 теңгеден жоғары көтере алмай отырмыз. Өйткені шетелдік компаниялар бізден арзанға сатып алғысы келеді. Қазір көптеген қалдық қабылдайтын мекеме жабылып жатыр, өйткені шығыны көп, – дейді кәсіпкер. Мақаланы жазу барысында СҚО-дағы ТҚҚ жинайтын бірнеше мекемеге хабарласқанымызда, қазір қайта өңдеу жұмыстарымен айналыспайтынын, өйткені бұл бизнестен табыс табудың қиындағанын жеткізді. Өйткені жергілікті жауапты мекемелерден қолдау жоқ, ал қалдық қабылдайтын мекемелер мемлекет қолдауынсыз өзін-өзі қамтамасыз ете алмайды. – Біз қалдықтарды қайта өңдеу саласында көршілес Өзбекстаннан әлдеқайда артта қалғанбыз. Барсаңыз, жерде жатқан бір қоқыс көрмейсіз. Өндірілген 100 пайыз пластикалық бөтелкенің 95 пайызы қайта өңделеді. Менің есебімше, Шымкент қаласында қалдықтардың шамамен 35 пайызы кәдеге жаратылады. Өзге аймақтарда тіпті 1 пайызға да жетпейді деп оқыдым. Мұндай жағдайда мемлекет субсидия бермесе де, аз пайызбен несие берсе жақсы болар еді. 25-30 пайызбен ұсынатын несиелер тым қымбатқа түседі. Несиені төлейміз ба, әлде жұмысшылардың жалақысын береміз бе деп басымыз қатар еді. Егер бізге жеңілдетілген несиелер берілсе, ары қарай қайта өңделген шикізаттарды кәдеге жаратып, ел экономикасына үлесімізді қосар едік, – дейді Ермұрат Егембердиев.
Қазақстанда қалдық өңдеу көрсеткіші төмен
Қазақстан қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі бойынша әлем елдері арасында артта қалып отыр. Елімізде барлық қалдықтардың тек шамамен 11 пайызы қайта өңделеді. Бұл туралы былтыр өткен XV KazEnergy Еуразиялық форумының есебінде мәлім болды. Мамандардың айтуынша, аталмыш көрсеткіш елдің қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын жетілдіру және қайта өңдеу жүйелерін жақсарту қажеттігін көрсетеді. Алайда Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда тұрмыстық қатты қалдықтардың 25 пайызы сұрыпталып, қайта өңделеді. Мәселен, 2022 жылы 4,3 тонна қоқыстың тек 1,1 млн тоннасы сұрыптау белдеуінен немесе қоқыс өңдеу зауытынан өткен. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының дерегіне сүйенсек, алдағы бір жарым жылда ТҚҚ өңдеу саласындағы экологиялық бағдарламаларды іске асыру нәтижесі шамамен 3-4 пайызға жақсарады. 2022 жылғы есеп бойынша, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша Астана қаласы көш басында. Қалдықты кәдеге жаратуға Қарағанды облысының да қосып отырған үлесі қомақты екен. Мұнда қалдықтардың 56 пайызы қайта өңделеді. Орташа деңгейдегі аймақтарға – Атырау (27,5 пайыз), Маңғыстау (32,1 пайыз) және Павлодар (27,3 пайыз) облыстары, сондай-ақ Шымкент (30,3 пайыз) кіреді. Ең төменгі көрсеткішке ие болған аймақтар тізімі біршама. Нақтырақ айтсақ, 14 өңір 25,4 пайыздық межеге жете алмаған. Ең аз үлес Ұлытау (0,1 пайыз) және Абай (1,6 пайыз) облыстарына тиесілі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ТҚҚ-ны қайта өңдеу көрсеткіші қайтадан төмендеген. 2023 жылы қалдықтарды сұрыптауды 27 пайызға жеткіземіз деген мақсат орындалмай қалды. Өңдеу үлесі де, қалдықтардың көлемі да азайған. Соңғы бір жылда Қазақстанда 4,1 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықтар жиналған (2022 жылмен салыстырғанда 4,7 пайызға азайған). Еліміздегі «Жасыл экономика» тұжырымдамасына сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу көрсеткіші 40 пайызға жетуге тиіс. Алайда бұл межеге жету оңай болмайын деп тұр, өйткені тұрмыстық қалдық саласында шешімін таппаған мәселе жетерлік. Біріншіден, халыққа ТҚҚ-ны жинау, шығару қызметтері қолжетімді емес. Екіншіден, инфрақұрылым дамымаған. Бүгінде елімізде 82 мың контейнер жетіспейді екен. Коммуналдық кәсіпорындар қоқыс шығаратын техника жетіспейді деп шағымданады. Ал ең қиыны полигондардың басым бөлігінде заманауи экологиялық қауіпсіздік стандарттарына сай салынбаған. Сөзімізге тұздық болу үшін айта кетсек, 3 мың полигонның тек 20,6 пайызы ғана санитарлық талаптарға сай екен. Қалған 79,4 пайыз полигон қоқысқа толып кеткен, заңдастырылмаған немесе қалдықтарды нығыздаудың ескірген әдістерін қолданады дейді мамандар. Осы жерде тағы бір мәселенің басы қылтияды. Соңғы жылдары елімізде қоқыс полигондары көбейген. Бұл құрылыс қалдықтарын қоғамдық қоқыс алаңдарына тастауға тыйым салғаннан туындап отыр. Статистика жыл сайын Қазақстанда заңсыз түрде мыңдаған қоқыс полигоны пайда болатынын көрсетіп отыр. Мәселен, былтыр 5,5 мың полигон ашылып, оның 86 пайызы жойылған. Әзірге мұны азайту үшін нақты қандай шаралар қолданылатыны белгісіз. Әсіресе, ауылдық жерлерде пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу тіптен қиын. Өйткені қажетті инфрақұрылым мен логистика қызметі қолжетімді емес. Jasyl Arystan жеке қорының сарапшы-экологы Марина Дробот ауылдық жерлерде пластиктердің жиі өртелетініне алаңдаулы. – Ауылдарда пластикалық бөтелкелерден бастап, сусабын, кір жуғыш ұнтақ қаптамаларды өртей салады. Бұл экологиялық жағдайды одан ары қиындатады. Кәдімгі полиэтилен пакет жанған кезде ауаға 70-ке жуық канцерогендік заттар бөлінеді. Ауаға тараған зиянды заттар адам ағзасына түседі және кері шығарылмайды, – дейді сарапшы. Сондықтан Қазақстандағы пластикалық қалдықтар мәселесін шешу мемлекет, қоғам, бизнес және экологиялық ұйымдар тарапынан кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.