Берік Садыр: Әр халықтың өз болмысына сай әзіл-қалжыңы болуы керек
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, сатирик
Сатира қай қоғамның болсын, кемшілігін әшкерелеп, келеңсіздіктерін сөзбен түйрейді. Сондықтан бұл жанрда еңбек ететін қаламгерлердің сөздері ащы, тілі өткір келеді. Осындай тілі ащы сатириктердің бірі – жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Берік Садыр. Ұзақ жыл түрлі басылымдарда еңбек етіп, қазақ сатирасының өз деңгейінен түспеуі үшін тер төккен қалам иесімен сұхбатымызда қазақ сатирасының өткені мен бүгіні және оның қоғамға әсері туралы әңгімелескен едік.
– Сіз еңбек жолыңызды аудандық газеттен бастап, кейін жұмысыңызды «Қазақ әдебиеті», «Ара» журналында жалғастырдыңыз, фельетонист-журналист болдыңыз. Сынағанын сеспей қатыратын фельетон жанрында жазуыңыз сізді сатираға әкелді ме, әлде сатириктік қабілет бойыңызда бұрыннан бар ма еді?
– Университеттің филология факультетін бітіріп, тек мұғалім болатыныма сенімді болатынмын. Ал жазып кету үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Оқу бітіріп, Алматы облысы, Райымбек ауданындағы «Қызылшекара» мектебінде тіл-әдебиеттен дәріс беру бұйырды да, келесі жылы әкем Алматыдан қазынадан үй алып, мен болсам бойдақпын, ілесіп қалаға келуге тура келді... Ол кезде мұғалімдікке орналасу өте қиын екен. Бос жүруге болмайды, қара жұмыс істеуге тура келді. Содан «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне корректорлық жұмысқа тұрдым. Онда 8 ай істеп секретариатқа ауысып, макет сызуға тура келді. Яғни, менің журналистикам осылай басталды. Үш жылдан аса «Лениншіл жастың», 1982 жылдан бес жыл «Қазақ әдебиетінде», одан соң «Ара-Шмель» журналының секретариатында болып, «Ұлан» газетінде жауапты хатшы қызметін атқара жүріп, журналистік мамандықты кәсіп етпедім. Бірлі-жарым фельетон тұрғысында сыни мақалалар жазғаным болмаса, журналистігім жоқтың қасы болды. «Тамаша» мен «Бауыржан шоу» әзіл-сықақ отауларында аздап редактор болып барып, 1996 жылы «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Сөз сойыл» әзіл-сықақ мүйісінің тізгінін ұстап, оны ширек ғасыр шығарып барып құрметті демалысқа шықтым. Университет бітіріп, екі жыл қызмет істеп жүріп те сол жазуға құлқым болмапты. «Лениншіл жас» газетінің «қазанына» тап болған соң, бір күні ойыма мұғалім болып жүргендегі бір оқиға оралып, соны қағазға түсіруге тура келді. Ондағы оқиға: ауылда мұғаліммін. Бір күні менен басқа ұстаз атаулы абыр-сабыр, «Басекең кетті... шығарып салайық!..» деп мектепті бір маған табыстап ізім-қайым тайып тұрғандары бар... Ойыма келгені: «Басекең марқұм болып... соны шығарып салуға кеткен екен...» болды. Кейін білсем, басекеңнің (совхоз директоры) қызметі өсіп ауданға барып, ел-жұрты сол кісінің көшін «шығарып салуға» жөңкіген екен... Содан, жазғаным, тұңғыш сатиралық әңгімем 1980 жылдың 22 ақпанында «Қолпаш» деген атпен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Ал сатириктік қабілетке келетін болсақ, ол бойымызда арғы ата-бабадан бар қасиет екен. Ру жағынан ағайындас ел «Сүйіндіктің сүйкемесінен сақтан» деп біздердің «сүйкеп» тастайтынымызды ескерткен. Ылғи да «қағытпаға, тікен тіркеске» бейім келетініміз табиғатымызға тән құбылыс. Яғни, Сүйіндік бабамыздың «сүйкемелік» – тоқсан ауыз сөзді түйіп берер қасиеті болған. Сол бертін келе ұрпағынан сыншы, сатириктік ерекшелікпен көрініс тапқан болуы керек. Бұл жерде, «қағытпамыздың» астары үнемі әзіл-қалжыңға бейім тұрады да, одан әргі әңгіме аужайын әзіл-анекдотпен жалғастырып кетуді жөн көріп тұрамыз.
– «Кеш жарық», «О несі-ай?!», «Қосымша ми», т.б. сияқты көптеген сатиралық кітаптың авторысыз. Әрине, сатирик болу оңай емес, біреуге тілің қаттырақ тиіп кетеді, біреуге сынағаның ұнамайды дегендей. Сатираңыз үшін зардап шеккен кездеріңіз болды ма?
– Зардап шеккен кездерімнен айтайын... Алғашқысы, 1983 жылы «Осы мен не айтайын деп едім?» атты әңгімем «Қазақ әдебиеті» газетіне шыққан кезде болды. Ондағы оқиға сол кездегі өзім қызмет істеген газеттің редакторының мінезін тап басып... Содан ол кісі мен басқа жерде қызмет істеп жүргенде хабарласып айбат шеге біраз нәрсе айтқан болатын. Содан кейін, Кеңес заманы кезінде, «Қазақ әдебиеті» газетінде істеп жүрген кезімде жарияланған қызметі өскен бастық туралы «Қолпаш» деген бір сатиралық әңгімемнің жай-жапсары «Голос Америка» радиосынан беріліп пәлеге тап келгенім бар. Абырой болғанда Кеңес өкіметі жабулы қазан жабулы күйінде қалдыруға мәжбүр болды, өйткені мені жазаласа, Америка радиосы «шындықты айтқан жазушыны жазалады» деп шу көтереді деп ойлаған екен. Келесісі, осыдан он жыл бұрын болып еді. Бұрынғы Президентіміздің дәуірі дүрілдеп тұрған кезде, сол кездегі қоғамдағы ащы-тұщыларды жариялай беретін басылымның мықтысы «Жалын» журналының 6-санында жарияланған, Елбасының есіміне орай жазылған «Есеңгіреткен есім», Жапония мен Қазақстан арасындағы қайшылықты тілге тиек еткен «Ерте... ерте... ерте де емес», жылда жарияланатын Жолдауды әңгіме өзегі еткен «Жоталы жолдау», сайлаудағы келеңсіздікті сыбаған «Жетілікке жеті шелпек» деген келеңсіздіктерді сынап-мінеген әңгімелеріме қатысты болды. Сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы шақырып, ашулы күйінде менің алдыма «Жалын» журналын лақтырып кеп жіберіп: «Мынаны бас бастық берді, біраз нәрсе айтты!..» деді тыжырынып... Мәселені бірден түсіндім де үндемедім. Бас редактор: «Өзің істеп отырған шаңырақты ойладың ба?!. Сөздің қысқасы, жоғарыдан «дөй» бола қалса, қызметтен кетуге дайындала бер!» деді айбат шеге... Е, иә, жұмысын кім қисын, оныма да өкінген жағдай болып, ақыры «ана жақтан» дүмпу болмай тағы да бір аман қалғанмын.
– Бұрынғы сатира мен қазіргі сатираның қандай айырмасы бар? Бұрында сатира нақты объектке алынған адамдарды әзілмен мәдениетті түйреу арқылы ес жидыруға, кей жағымсыз әдеттерге төзімсіз болуға шақыратын. Ал кейінгі кездің сатирасы, әсіресе, бүгінде қаптап кеткен әзіл-сықақ театрлары адамдарды қылжақ етуге, кейде тіпті оларды жеке тұлғасын мазақтап, қорауға дейін барып қалады. Анайы түрде әңгіме айтып, белгілі бір кәсіп иелерін (мәселен, ұстаздың оқушысымен жеке қарым-қатынаста болатыны жайындағы «Нысана» театрының интермедиясы) келемеждейтін жағдайға дейін жетіп қалды. Қалай ойлайсыз, осы дұрыс па? Әлде сатираның өзіне де цензура керек пе?
– Бұрынғы сатира мен қазіргі сатирада едәуір айырмашылық бар деуге болады. Өзім «Тамаша» ойын-сауық отауында редактор болып қызмет істегенмін. Ол қазақтың алғашқы әзіл-сықақ театры болды. Телевидение аз, ол кезде оларды қазіргідей жетісіне гулетіп жататын әзіл-сықақ бұрышы атымен жоқ болатын. Ал «Тамаша» мерекелерге орайластырылып жылына 5-6 рет қана «Республика» сарайында қойылып барып теледидардан көрсетілетін. Көрсетілер алдында цензураның қатаң сүзгісінен өтіп барып эфирге жолданатын. Мұндайда анайылықтың ауылы алыс болып, жеке тұлғаларды мазақтау тұрмақ, белгілі бір кәсіп иесін келемеждеуге, мазақ етуге әсте болмайтын. Оны білетін театр басшылығы ондай скетчтерден бас тартатын. Негізгі ерекшелігі – «Тамашада» белгілі бір театрдың танымал артистері ойнайтын. Және де ондағы әртістер рөлді ойнағанды ғана білетін. Оларға материалды тауып беріп отыратын театрдың арнайы редакторлары болды. Және бұған сол кездегі Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Сейіт Кенжеахметов секілді белгілі сатириктер үнемі атсалысты. Әзіл-сықақ театрының бастауы «Тамаша» болса, «Бауыржан шоу», «Терісқақпай», «Күлкі керуен», «Аққу-Гәкку», «Нысана» деп жеке отау тікті. Аймақтарда да құрылды. Бір кездердегі «Хабардағы» «Ду-думаннан» «Қуандық пен Бақыт», «Беймарал», «Керемет» дегендерді өз басым бірінші рет естідім... Жарайды, көптік етпес. Осы жерде «сан сапаға әсер етеді» атты қағиданы еске алуға да болатын шығар. Мына парадоксты қараңыз, Ресейдің «Кривое зеркаласында» 20-дай әртіс бір ұжымға топтасқан. Олардың әрқайсысының өзі жеке театр құруына бедел-қасиеттері жетіп артылса да бір ұжымда еңбек етеді. Неге? Ұжым – ұтады. Жетекшісі Евгений Петресян «ұтудың» оңды-солды жолын тапқан. Мәселен, скетч табуда Петресяндардың талғамы керек. Конкурсқа мыңдай материал келіп түседі екен. Себебі – оған, таңдап алынғанға төленер қаржы өте қомақты көрінеді. Және де Петресян «керек» авторымен сұхбат жүргізіп, насихаттап отырады. Ал олардың менталитеті басқаша деген пікірге келіспеймін. Өз басым ол театрдың әр қойылымын ыждағаттылықпен тамашалаймын. Үлгі боларлық театр-ақ... Әзіл-оспақ театр өкілдері үнемі «Қазір сатира жоқ» деумен келеді. Олардың айтып отырғаны сахнаға алып шығатын скетч болса керек. Ал жалпы сатира бар, бұрындары да болған, және бола береді. Сатиралық театрлар көбейіп отыр дедік қой, солар жарқ етіп шығарда бірлі-жарым тәуірлеу скетчпен көрінеді де, күн өте «тақырға тап болып» сұйылып, ақыры үнсіз кетеді. Неге? О баста қоржындарын скетчпен қамтымағанында. Негізі, скетч жазатын сатириктермен қоян-қолтық жұмыс істейтін редактордың жоқтығында. Театрға керегі – қазанның үш бұты: режиссер, автор және актер бірігіп жұмыс істесе, қазандағы ет бабымен пісіп асып төгілер еді.
– «Ана тілімен» амандасу» дейтін сатиралық әңгімеңізде бүгінгі оқушының кітаптағы көркем шығарманың мәнін ұқпай, оны тура түсініп қылжаққа айналдырғаны жайында айтылады. Меніңше, бұл арада бүгінгі қазақтың өз ана тілін білмейтін жағдайға жеткен қасіреті туралы жазған сияқтысыз. Бұл келеңсіздіктен қалай құтылуға болады? Мәселен, бүгінде сарказмның жөні осы екен деп, сатириктер тіліне тиек қылған мәселенің астарына бойламай, оны өз мақсатына пайдаланып кететіндер аз емес. Сатираны қоғамды тәрбиелеу құралына қалай айналдыруға болады?
– Негізгі салмақ «Сатираны қоғамды тәрбиелеу құралына қалай айналдыруға болады?» деген сұрағыңда жатыр екен, соған жауап берейін. Әңгімемізді әріге жіберіп көрсек, келмеске кеткен Кеңестік қоғамдағы сатира-юмордың беделі бес батпан екен. Бұған дәлелді сатира жанрының жілігін шаққан Темірбек Қожекеевтің еңбектерінен табуға болады. Ол «Сатира – күштілер қаруы» атты кітабында: «Партия мен үкіметіміз бұл қаруға деген үміт, ықыласын, сенім-нанымын ешқашан бәсеңсіткен емес. Ол сатира мен юморға, оның жауынгер жанрларына сонау жиырмасыншы жылдары-ақ зор мән берді. Лениндік партияның 1924 жылы мамыр айының 23-31 күндері өткен XIII съезі «Баспасөз туралы» қарарында жергілікті ұлттардың баспасөзін дамытуды, оның түр саласын молайтуды міндеттеді» деп жазады. Одан кейін де сатираны күшейту мақсатында, қоғамда болып жатқан өзгерістерді назарда ұстап, кемшіліктерді дер кезінде байқап отыру үшін үнемі сатираға қатысты қаулы-қарарлар шығарып отырған. Яғни, сатира ешқашан назардан тыс қалып қоймаған. Бұл өз кезегінде сатираны жауынгер, өткір жанрға айналдырған. Кеңестік дәуірде сатира «дәуренінің жүруі» – бұл жанрды тікелей биліктің өзі қадағалап, назарда ұстауында десек, қателеспейміз. Мұхтар Әуезов: «Күлкі – өлмес елдің өшпес күші» дейді. Иә, ешқашан өшпейтін мұндай мықты жанрға дәл Кеңес өкіметі тұсындағыдай мән берілсе, сатира – ұлттық идеологияға, ортақ мүддеге қызмет ететін айбынды қаруға айналатын еді. Бір кездегі сатира-юморлық журнал «Ара» қайта жарық көрсе, сатириктердің үлкен мақсаты орындалып, соның іс-әрекеті қазіргі қоғамға дарыса – сатириктеріміз тосырқауды сілкіп тастап, бір кездегідей белді буып буырқанар-ақ еді... Оларға қарап оң-солын таныған жас буыннан да әзіл-оспақтың әжептәуір жастары да шығары сөзсіз...
– Сатира оташының қолындағы қандауыр сияқты өткір болса, юмор – «мақтамен бауыздау» құралы. Кейінгі кезде адам санасының түпкіріне дейін жетіп, оқығанды рахаттана күлдіретін мәдениетті қазақы қалжың дамымай жатқан сияқты. Әр халықтың өз болмысына сай әзіл-қалжыңы болады десек, тапқырлыққа толы ұлттық әзіліміз – қазақы қалжыңға бүгінгі қаламгерлер неге бара бермейді, әлде жаһандану заманы бәрімізді біртекті қылып бара жатқан заманда ұлттық болмыстан алыстап барамыз ба?
– Негізінде сатира – болмыстағы жағымсыз құбылыстарды сынап, әшкерелеуді, күлкі етуді мақсат етіп – қарасөзбен немесе өлеңмен жазылатын көркем әдебиеттің түрі. Ал юмор – болмыстың әлсіз, жөнсіз жағын жеңіл күлкі, әзіл-оспақтармен тәлкек етудің, бағалаудың түрі. Әр халықтың өз болмысына сай әзіл-қалжыңы болуы – заңдылық. 1976 жылы Қалтай Мұхамеджанов Әзиз Несинмен Аркадий Райкиннің кешіне барып, Әзиз Несиннің бейжайлығын сұрағанда: «Әрине, Райкиннің жақсы-ақ актер, бірақ әр қоғамдағы әр халықтың күлкісінің өз нысаны, мақсаты, әшкере етер кесел-кесірі болады. Біздегі қоғамның нысанасы басқа, осы тұрғыдан алсақ, сіздердегідей майда-шүйде күлетін дәрежеге біз әлі жеткен жоқпыз» депті. Классикалық сатира мен советтік сатираның осы мазмұн-міндетіне орай атақты Түрік сатиригі Әзиз Несин бірде былай дейді: «Сіздердің қоғамдарыңыз – зиялы, тәрбиелі қоғам. Оның бойында біздің қоғамдағыдай мерез жоқ, сорақылық жоқ. Сіздер өз қоғамдарыңызға ризасыздар, оны құрметтейсіздер. Сіздер қасиетті қоғамдарыңызға лайық емес жекелеген кісілердің теріс қылықтарын әшкерелеп күлесіздер. Ал біз өзіміздегі капиталистік қоғамның бізге, кейінгі ұрпақтарымызға жасап отырған зұлымдықтарын, кесапаттарын әшкерелеп күлеміз. Сіздер өз қоғамдарыңыз үшін өмір сүресіздер. Біз өз қоғамымызды жою үшін өмір сүреміз! Сіздер күлгенде – көздеріңізден жас ағады. Біз күлгенде – көзімізден қан ағады». Қазақы қалжыңның шеберлері қазір арамызда жоқтың қасы, ал нағыз қазақи қалжыңдар ауылда айтылып, өңделіп көпшілікке тарап жатпаушы ма еді. Ал «урбанизация» кеселіне ұшырағалы бері, қазақи қалжың көзден бұлбұл ұшқаны анық. Жалпы, сатираға ден қойып жатқан жастарымыз да бірен-саран болған мына заманда қазақи қалжың өрісін кеңейте алмас. Жаһандану қанша жерден айдаһар болса да, ұлттық болмысымызды өзгерте қоймас.
– Негізі, сатира да, юмор да барлық халықта ежелден бар жанр ғой. Көптеген халықта өз аңыз кейіпкері секілді күлдіргілер бар, мысалы біздегі Қожанасыр секілді. Халық солардың атымен айтылатын әңгімелерді тыңдап рақаттанады. Мәселен, Түркияда көптеген түркі халқына ортақ күлдіргі – Қожанасырға ерекше мән берілген дейді? Сол жайында не білесіз?
– Қожанасыр – түркі әлемі сықақ сардарларының көш бастаушысы және оны әр түркі жұрты өзіне меншіктеп те алған. Мысалы, Туркияда ол Насретдин Хожа, Әзербайжанда Молла Насретдин, Өзбекстанда Насретдин афанды, Шығыс Түркістанда Насрадин аванти, Иранда Молла Насреддин, ғағауыздарда Настраддин атанған. Қожанасырға Түркияда құрмет-қошемет өте жоғары деңгейде екен. Анкарада болғанымызда жолымыз түсіп ондағы Насретдин Хожа ауылында болдық. Ол Ескішехир уәләятына қарасты Сиврихисар ауданының Хорты ауылында 1208 жылы дүниеге келіпті-мыс. Әкесі Абдулла эфенди ауыл имамы болыпты. Хожа да Кониа қаласында медреседе оқып, имамдықты меңгерген. Хожа дүниеге келген Хорты (Үшкіртау) елді мекеніне кіреберісте – есегіне шірене отырған, қолында ұзынша таяғы бар ескерткіш орнатылыпты. Онда «Дүниенің кіндігі осы жер» деп жазылыпты. Ал беріректегі ауыл мен мектеп – Насретдин Хожа есімімен аталыпты. Бұл ауылға да үлкен жолдан бұрылар бұрышқа Хожекеңнің есегіне теріс мінген ескерткіші қойылыпты. Ауылдағылар өздерін Хожа ұрпағымыз деп санап, ХІІІ ғасырда Хожаның әкесі, одан кейін өзі тұрған үйін көздің қарашығындай сақтап келген. Түркияның Ақшехир қаласында «Насретдин Хожа және туризм» қоғамының ұйымдастыруымен жылда шілде айында карикатура, мультфильм мен әзіл-оспақ әңгімелердің халықаралық конкурсы өткізіліп тұратын көрінеді. Ал 1996 жылды ЮНЕСКО-ның шешімімен Қожанасыр жылы деп жариялап, мерекелерге осы түркі жұрты мұрындық болыпты. Жалпы, Қожекеңе байланысты түйін сөз мынау: Атақты Әзиз Несін – «Тумай тұрып және өлгеннен кейін де өмір сүрген адам кім? Ол – Қожанасыр» депті.
– Қазақша КВН-ның, бізше айтқанда «Жайдарман» көңілді тапқырлар клубының қарқыны қалай, оларға көңіліңіз тола ма?
– Көңілді тапқырлар клубы – жастардың әзіл-сықақ отауы. Артықшылығы – қысқа-нұсқалығында. Яғни, анекдот пошымында айтылып, айтарын шолақ қайырады. Орындайтын да, көбіне тыңдарманы да жастар болып келеді. Өз басым осы салаға қатысым болмаса да біздегі КВН-ды көре бермеймін. Өйткені мен үшін тұщымсыз, әлсіз. Ал олардың әлсіз болатыны – эфирге жолданарда талғамы жоғары редактордың сұрыптауынан өтпейтіні. Орыстарда сұрыптаудан өтіп, редакцияланып барып ұсынылады екен. Ал осы жерде айта кететін жағдай, КВН-нан тартып, жалпы анекдот айтқызып жүрген телебағдарламар – қазақ сатирасы емес, қазақ сатирасын олардың деңгейімен өлшеуге әсте болмайды.
– Күнделік жазасыз ба?
– Күнделік жазуды 1980 жылы бастаппын. Осы жөн-ау деген штрих-деталь дейміз бе, жалпы түртуге боларлық дүниені нөмірлеп «тіркеп» қоямын да, 4-5-еу болып қордаланып қалғанда, сол күнгі мезгілді қойып бір қорытынды жасап қаттап қоятыным бар. Яғни, күнделік көп күндерде бір рет реттеледі, хатталады. Сол «Анекдотпен аяқталатын күнделікті» «Жас Алаш» пен «Қазақ әдебиеті» газеттері өздерінде қызмет еткен жылдардағыларын жариялап жатыр. Онымен қоса күнделіктің толық күйін әлеуметтік желі Facebook парақшасында осы айдан бастап күн сайын жариялап жатырмын, ол сегіз айдан асып барып бітеді екен. Күнделігімнің «өзіндік ерекшелігі» – соңын шама жеткенше айтылып отырған әңгіме өзегіне қарай анекдот, әзіл-қалжыңмен аяқтаймын.
– Соңғы сұраққа қысқаша жауап берсеңіз: осы күнге дейін жазған-сызғандарыңыздың көлемі қанша болды, оларды жинақтап шығару ойда бар ма?
– Қысқаша айтып, цифрмен сөйлесем: жалпы 575 сатиралық әңгіме жазыппын, толық шығармалар жинағым 7 том, таңдамалым 5 том болыпты. Шетел сатириктерінің 370-тей әңгімесін аударып, оным «Әлем әзіл әңгімелері» деген атпен мемлекеттік тапсырыспен кітап болып шығып, соған биыл Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алдым. Жалпы, адамзатқа ортақ 165 әңгімені іріктедім, орысшаға 175 әңгімемді аудартып қойдым...
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ