Жаңалықтар

«Атамекен» ҰКП басшысының қатысуымен Қазақстан-Қытай делегациясы кездесу өткізді

atameken.kz

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған делегация құрамында Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен іскерлік кездесулерге қатысты. Делегация құрамында мемлекеттік органдар мен жеке сектордың 250-ден астам өкілдері болды.

Қытайдың ірі компанияларының өкілдерімен келіссөздер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, соның ішінде Алматы облысында астықты тереңдетіп өңдеу зауытының құрылысы талқыланды. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылдық өңдеу қуаттылығы 300 мың тонна болады деп жоспарлануда. Жұмыс орындарының жалпы саны 500-ге жуық. Жобаның екінші кезеңінде бидайды өңдеу қуаты 600 мың тоннаға дейін артады. Зауыт бидайдан 100 000 тонна лимон қышқылын, 100 000 тонна лизин, 60 000 тонна треонин және 10 000 тонна триптофан өндіреді. Кәсіпорынның жылдық өндірісі шамамен 850 миллион АҚШ долларын құрайды.

Жоба инвесторларының бірі – әлемдегі ең ірі жүз құрылыс компаниясының қатарына кіретін 2,73 миллиард доллар табысы бар қытайлық CITIC Construction құрылыс-инжинирингтік компаниясы.

Жалпы инвестиция көлемі 350 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс мерзімі шамамен 2 жыл, өтелу мерзімі 2,5 жылдан аспайды. Қазіргі уақытта консорциумға қытайлық компаниялардың қатысу үлесін анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Baosheng International Co. Ltd. компаниясымен келіссөздер жүргізді. Бұл - жолдар, көпірлер, тоннельдер, су қоймалары, муниципалитеттердің құрылысына және интеллектуалды автоматты басқару жүйесін дамытуға маманданған қытайлық инвестициялық компания.

Компания Қазақстанның 6 ірі қаласында: Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Атырау, Таразда құрылыс қалдықтарын тиімді жинауды және кәдеге жаратуды жоспарлап отыр. Құрылыс материалдарын өндіру үшін құрылыс қалдықтарын (бетон, цемент, ерітінді, сынықтар, кірпіш және т.б.) қайта пайдалану жоспарлануда. Осыған байланысты құрылыс қалдықтарын орталықтандырылған түрде жинау және кәдеге жарату бойынша жергілікті атқарушы органдармен келісімшарт жасау мәселесі қарастырылуда.

Сондай-ақ компания ауылшаруашылық саласына қажетті, сондай-ақ құтқару, өрт сөндіру және өзге де мақсаттарға пайдаланылатын дрондарға, сондай-ақ дронға қарсы құралдар өндірісін ашуға мүдделі.

Одан бөлек, химия өнеркәсібіндегі компаниялармен, соның ішінде «250 үздік жаһандық мердігерлер» тізімінде 16-шы орында тұрған Қытайдың CNCEC ұлттық химиялық машина жасау корпорациясымен келіссөздер сәтті жүргізілді.

Бұған дейін CNCEC Қазақстанда бірқатар инжинирингтік жобаларды жүзеге асырды, соның ішінде Атырау облысындағы IPCI химиялық кешен жобасы. Бұл Қазақстандағы тұңғыш полипропилен өндіру жобасы болып табылады. 2022 жылдың қарашасында осы зауыттың іске қосылу салтанатына Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Қазіргі уақытта Қазақстанда аммиак пен карбамид өндіретін тағы бір зауыт салу жоспарда бар. CNCEC Қазақстандағы мұнай-химия және газ-химия салаларындағы кәсіпорындардың құрылысына қатыспақ.

Химия өнеркәсібіндегі жетекші қытайлық «Xinjiang Zhongtai Chemical Co., Ltd» компаниясы да қазақстандық тараппен ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта компанияның 49 еншілес ұйымы бар және 46 акционерлік қоғамның капиталының мүшесі болып табылады. Компаниялар тобы «Fortune Global 500» тізімінде 412-орында. Өндірілетін өнімнің негізгі түрлері мұнай, химия, тоқыма және жеңіл өнеркәсіпте қолданылатын поливинилхлорид, хлор-сілті өнімдері, вискоза талшықтары мен жіптер.

Екіжақты кездесулер нәтижелі болды. Жеке жобаларды талқылау барысында тараптар қос ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайтуға бағытталған Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының айрықша маңызын атап өтті.