Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы жариялаған медиа сыйлықтың жеңімпаздары анықталды

Суретті түсірген: Әли Ғалым, Асылхан Сейдахмет

Биыл 10 номинация бойынша 12 жеңімпаз анықталды.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында «AMANAT» партиясы журналистер арасындағы дәстүрлі «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫ» республикалық байқауын қорытындылады, деп хабарлады turkystan.kz.

 

«AMANAT» партиясы журналистер арасындағы республикалық байқауды осымен 15 жыл қатарынан өткізіп келеді. Биыл байқауға 200-ге жуық адамнан 1500-ге жуық жұмыс келіп түсті. Олардың басым көпшілігі – аймақтардағы БАҚ қызметкерлері. Айта кетейік, биыл келіп түскен барлық жұмыстың шамамен 30%-ы «Біз біргеміз» – су тасқынымен күрес туралы үздік материал» номинациясына жолданды.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов сыйлық иегерлері мен барша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алдағы кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Журналистер – мемлекет пен қоғамның арасындағы алтын көпір. Сіздер елдің даму бағдарын, Мемлекет басшысының реформаларын, оң өзгерістерді халыққа жеткізуде шешуші роль атқарып келесіздер. Президент айтқандай, тек мықты, кәсіби және дербес масс-медиа ғана шынайы идеологиялық егемендігімізді қамтамасыз ете алады. Күні кеше оның тапсырмасы бойынша әзірленген «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойылды. Бұл құжат журналистер құқығының қорғалуын күшейтіп, отандық медиа саланы дамытуға тың мүмкіндіктер береді», – деді ол.

Өз кезегінде, «Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясының жеңімпазы Мөлдір Сапарова байқаудан алған әсерімен бөлісті.

«Біз өңірдің 80 жылдығына орай, арнайы репортаж дайындадық. Қазылар алқасы бұл жұмысты жүлдеге лайық деп танығаны қуантады. Бұл тек менің ғана жеке жетістігім емес, «Jetisý» телеарнасы ұжымының ортақ жеңісі», – деді ол.

Өз кезегінде, «Жастар туралы үздік материал»  номинациясының жеңімпазы Алтынбек Мерсадық өскелең ұрпақ жөнінде жазудың журналистер қауымы үшін қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

«Баянды болашақ – жалынды жастардың қолында. Олар жаңа қадамдарға бастамашы болып қана қоймай, әркез әлеуметтік өзгерістердің қозғаушы күшіне айналып жатады. Ал журналистика болса, осы жастар қауымының қызығушылығы мен қажеттілігін баяндай отырып, олардың өмірде оң бағыт-бағдар таңдауына ықпал етеді», – деді ол.

Осылайша, конкурстық комиссияның шешімімен келесі азаматтар «AMANAT МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ» биылғы жеңімпаздары атанды:

«Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясында – «Qazaqstan» телеарнасындағы «Апта» бағдарламасының жетекшісі әрі жүргізушісі Жайна Сламбек;«Адал азамат» туралы үздік материал»   номинациясында – «24 KZ» телеарнасындағы «Арнайы жоба» бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі Айғаным Достанбай;«Жастар туралы үздік материал» номинациясында – «Aikyn.kz» сайтының редактор-журналисі Алтынбек Мерсадық;«Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясында – «Индустриальная Караганда» газеті директорының орынбасары-бас редактор Оксана Мягких

және «Jetisý» телеарнасының журналисі Мөлдір Сапарова;«AMANAT» партиясының жұмысы туралы үздік материал» номинациясында – «Литер» газетінің тілшісі Мергуль Джилкишинова;«Алаш» қозғалысы туралы үздік материал» номинациясында – «Caspian News» телеарнасындағы тақырыптық бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы Айдос Қарабала;«Біз біргеміз» – су тасқынымен күрес туралы үздік материал» номинациясында – «Қазақ радиолары» ақпараттық-сараптау қызметінің редакторы Азамат Тілепов

және «Egemen Qazaqstan» газетінің Атырау облысы бойынша меншікті тілшісі Жолдасбек Шөпеғұл.

Арнайы сыйлық иегерлері:

Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын – журналист әрі тележүргізуші Айгүл Мүкей;

«Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын – «Mangystau» телеарнасының редакторы әрі жүргізуші Шынар Жұмасат;Қаныш Сәтбаев атындағы «Ғылым әлемі» сыйлығын – «Qazaqstan» телеарнасының арнайы тілшісі Азамат Нұғыманов иеленді.