Дөрбетхан Сұраған Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі атанды
Дөрбетхан – шетелде ең көп цитата алатын қазақстандық ғалымдардың бірі.
Белгілі математик-ғалым Дөрбетхан Сұраған Ұлттық ғылым академиясының ең жас академигі атанды, деп хабарлайды turkystan.kz
Бүгін Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академиктерді сайлау жөніндегі конкурс аяқталды. Онда өткен жиналыс шешіміне сәйкес бірнеше ғалым ҰҒА академигі болып сайланды. Оның ішінде белгілі математик-ғалым Дөрбетхан Сұраған да бар.
Дөрбетхан Сұраған 1988 жылы Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағында дүниеге келген. 2005 жылы отбасымен бірге елге оралған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білімін жетілдірген. Нью-Йорк университетінің тәуелсіз бөлімшесі саналатын Курант математикалық зерттеулер институтында тәжірибеден өткен. Лондон Корольдік колледжінің теориялық физика магистрі. Сондай-ақ ол – Азия құрлығы бойынша The Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығын ең алғаш иемденген жас ғалым. Сонымен қатар, Дөрбетхан – шетелде ең көп цитата алатын қазақстандық ғалымдардың бірі. Scopus дерекқорына сәйкес, оның еңбектері 383 рет жинақталған, ал Хирш индексі (h-index) 13 құрайды.
Ол – ғылым докторы, Назарбаев университетінің ассистент профессоры.