Жаңалықтар

Бишімбаевтың қорғаушысы: Сот үкім шығарарда 20 құқықбұзушылыққа жол берді

Жоғарғы сот

Қорғаушы Бишімбаевқа шығарылған үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

Бүгін Астаналық сотта Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі бойынша апелляциялық сотының бірінші отырысы басталды. Сотта бірінші болып Қ.Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов сөз сөйледі.

Қорғаушы Бишімбаевқа шығарылған үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.

«Мен оны заңсыз деп санаймын және Қылмыстық кодекстің «Абайсызда өлімге әкеп соқтырған денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бойынша 106-бабына ауыстырылып, жаза азайтылуы қажет. Ал «Азаптау» бабы бойынша үкімнің күші жойылып, іс қайта қарауға жіберілуі керек», - деді Е.Ғазымжанов.

Оның айтуынша, үкімді өзгертуге және жоюға болады. Өйткені қорғаушы бірінші сатыдағы сот жасаған 20 бұзушылықты анықтап, апелляцияда көрсеткен. Адвокат алқабилер алқасын құру кезінде соттың кейбір кандидаттарға қарсылық білдіруін бірінші ауыр құқықбұзушылық деп атады.

«Судья өз еркімен шешім қабылдап, қайсысының сотталушымен жасты балалары бар екенін анықтай бастады және 20 үміткердің ішінен төртеуін шығарып тастады. Шығарылған үш үміткердің ұлдары бар еді. Осылайша, судья алқабилер алқасын құру тәртібін бұзбағанда және заң бойынша әрекет еткенде, осы 4 үміткердің ішінен біреу негізгі құрамға кіріп, дауыс берер еді. Үкім басқаша болуы мүмкін еді», - деді Е.Ғазымжанов.

Еске салсақ, 2023 жылы 9 қарашада Астанадағы «Bau» мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем жеткенше көз жұмды.

Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды.