Жаңалықтар

Ұлттық банк азаматтарға маңызды мәлімдеме жасады

nationalbank.kz

Ұлттық Банк алаяқтық әрекеттерге жол бермес үшін қоңырау шалған адаммен байланысты үзіп, қандай да бір талқыдан бас тартуға шақырады.

Қазақстан Ұлттық банкі қос қадамнан тұратын алаяқтық жағдайлары жиілеп кеткенін ескертті.

Бірінші кезеңде қаскөйлер өзін Ұлттық банктің немесе басқа да мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, жалған құжат жібереді. Сөйтіп банктік аударымдарға арналған деректеме ұсынып, азаматтардан барынша ақша өндіріп алуға тырысады. Алаяқтар қаражатты иемденіп алған соң алаяқтық схеманың келесі кезеңіне көшеді. Бұл жолы өздерін заңгер ретінде таныстырып, аңғал азаматтармен қайта байланыс орнатады. Өзі секілді зардап шеккен басқа да адамдардың атынан ұжымдық талап-арызбен әрекет ететін сыңай танытып, алаяқтар иемденіп кеткен қаражатты қайтаруға заңгерлік көмек ұсынады. Осылайша, қаскөйлер ақшаларды қайтару үшін «заңгерлік қызметке» ақы төлеуді сұрайды.

Ақшалай транзакция орындалған соң алаяқтар байланысқа шығуды тоқтатады.

Ұлттық Банк қызметкерлері мессенджер арқылы аудио және бейнеқоңырау шалмайды.

Үшінші тұлғалар тарапынан орындалатын алаяқтық әрекеттерге жол бермес үшін Ұлттық Банк қоңырау шалған адаммен байланысты үзіп, қандай да бір талқыдан бас тартуға шақырады.

Ұлттық Банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайды, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейді.

Егер Сіз немесе жақыныңыз алаяқтардың арбауына тап болса, арыз жазу арқылы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береміз. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Қазақстан Ұлттық Банкінің байланыс орталығына да хабарласуға болады.