Депутат Аманжол Әлтай әскердегі сарбаздарға қымыз бен жылқы етін беруді ұсынды
Енді бұл азық түрлері сарбаздардың тамақ рационына қосылуы мүмкін.
Парламент Мәжілісінде мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында депутат Аманжол Әлтай бие сүтін өңдейтін зауыттарды жылқы бағуға қолайлы аймақтарда салу керегін айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Жылқы сүтін тереңдетіп өңдеу арқылы қазақ халқының ұлттық брендіне айналдыру мүмкіндігіміз бар. Жылқы сүтін өңдейтін зауыттар салу жоспарда бар ма? Сүт өңдейтін зауытты жылқы көп шоғырланған Ұлытау, Абай облысы секілді өңірлерде ашқан жөн болады. Бие сүтінің Германияда, Францияда, Қытай елдерінде сұранысы жоғары. Қорғаныс министрлігі сарбаздарымызды бие сүтімен және жылқы еті өнімдерімен тамақтандыру мәселесіне басқа министрлікпен бірлесе мән бергені абзал», — деді Аманжол Әлтай.