Астанада өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2500-ге жуық спортшы қатысады
21 спорт түрінің жартысы – қазақтың ұлттық спорт түрлері, қалғаны көптеген түркі елдерінің ұлттық спорт түрлері.
8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында атлеттер спорттың 21 түрінен бақ сынасады. Оның ішінде жартысы – қазақтың ұлттық спорт түрлері, қалғаны көптеген түркі елдерінің ұлттық спорт түрлері. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев хабарлады.
«Ойындарға 89 елден делегациялар қатысатынын растады. 2500 астам спортшы келеді деп күтілуде», - деді спикер баспасөз конференциясы барысында.Спорттық инфрақұрылымға тоқтала келе, вице-министр «бір сызық» концепциясы қолданылатынын атап өтті.
«Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарында тұрған спорт нысандары пайдаланылады. Негізгі 7 спорт нысаны. «Астана Аренада» жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтеді, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен жарыс өтеді, жеңіл атлетика манежі – аккредитациялауға арналған. Сондай-ақ, Ұлттық ат спорты түрлерін өткізу үшін «Қазанат» ипподромы реконструкциядан өткізіліп жатыр. «Думан» қонақ үйінде тоғызқұмалақ, мангала және т.б. спорт түрлерінен жарыстар өтеді», - деді С.Жарасбаев.Сонымен қатар, шара аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады.