Қоғам

Президент жалғыз қолымен қапшыққа құм толтырып, ерлерге тамақ әзірлеген Атырау тұрғынын марапаттады

видеодан скриншот

Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан азаматтарды Ақордаға жинап, марапаттады.

Атырау тұрғыны Әлия Досмұханова мүмкіндігі шектеулі болса да, су тасқыны басталған алғашқы күннен-ақ қаптарға құм толтырып, табиғи апатпен күресіп жатқандарға көмектескен деп хабарлайды turkystan.kz Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Әлия Жайықтың жағасын бекітуге септесіп қана қоймай, күні-түні жұмыс істеп жүрген адамдарға ыстық тамақ керек екенін байқап, жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанша еріктілерге дәмді ас пісіріп беріп отырған. Сөйткен Әлия кеше «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әлия Досмұханова, ерікті:

Атырауымызға тасқын су келе жатыр дегенде ешқандай марапат аламыз деген ой болған жоқ. Тек қаламызға су кетіп қалмасын деген үреймен қолдарына күрек ала алатын ер азаматтардың бәрі жаға басына жүгіргенде солармен үзеңгілесіп біздер де атсалысуға ұмтылған едік. Еңбегіміз еленіп, Президентіміздің қолынан марапат алып жатырмыз. Сезім керемет енді. Оны тек сезіну керек.

 

Айта кетейік, Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан азаматтарды Ақордаға жинап, марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылар, волонтерлер, белсенділер, әскери қызметшілер, дәрігерлер, қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері, жалпы айтқанда 73 адамның қолын қысып, рахмет айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды.