Алматылық ардагерлер баспанамен толық қамтылды
Алматылық ардагерлер баспанамен толық қамтылды
Алматыда тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері баспанамен толық қамтылды. Бүгін қала әкімі Ахметжан Есімов тұрғын үйге мұқтаж болған соңғы жеті ардагерге пәтер кілттерін табыс етті. Бұл туралы Almatynews.kz хабарлады. «Елбасы соғыс ардагерлеріне ерекше назар аударады. Жылдан-жылға соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсетіліп жатыр. Қажетті құжаттар қабылданып, басқару органдарына тапсырмалар берілді. Осыдан бес жыл бұрын біз пәтер мәселесін шешкенбіз. Бірақ өзгерістер болып жатыр. Көшіп-қону мәселелеріне байланысты біздің ардагерлердің біразы пәтерге мұқтаж. Бұл мәселені біз бүгін толықтай шешпекпіз. Сонымен қатар, бүгін Сіздермен бірге біздің жас жауынгерлер, көп балалы аналар бар. Соларға да пәтер кілтін тапсырмақпыз. Осының бәрі Елбасының тапсыры бойынша алдымызда келе жатқан үлкен мереке қарсаңында жасалып отырған шара», – деді қала әкімі. Сондай-ақ, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» желісі бойынша 90 жас отбасы, интернационалист-жауынгерлер, көп балалы аналар мен жетім балалар да баспаналы болды. Осылайша Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында қаланың 200 тұрғыны "Алғабас" ықшам ауданындағы су жаңа пәтерлеріне орналасып, қоныс тойын тойламақ.