Ішімдік ішкен 7-сынып оқушысының кесірінен мектеп басшылығына таяқ тиді
Ішімдік ішкен 7-сынып оқушысының кесірінен мектеп басшылығына таяқ тиді
Жетінші сынып оқушысы сабаққа ішімдік ішіп келгені үшін Қарағанды облысы Шахтинск ауданының Долинка кентіндегі жалпы білім беретін орта мектеп директордың орынбасары мен жеткіншектің сынып жетекшісі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Оқушының мас күйінде сабаққа келгені үшін тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасары мен оқушының сынып жетекшісі тәртіптік жазаға тартылды», - деді Шахтинск қаласы білім беру бөлімінің басшысы Николай Онсович.
Бөлім басшысының айтуынша, жетінші сынып оқушысы қатты күйзелістен спирттік ішімдік ішкен. «Оның ата-анасының қарым-қатынасында қиындықтар туындаған және бала мұны ауыр қабылдаған. Бұл отбасы жақында Қызылорда қаласынан көшіп келген. Бала жаңа мектепте әзірге бейтаныс балалармен бірге оқып жүр. Осы оқиғадан кейін мектепке бірнеше рет барып, баламен сөйлестім. Оған бұл мектепте оқыған ұнай ма, оқу бағдарламасына үлгеріп жатыр ма деп қызығушылық таныттым. Өзімнің телефон нөмірімді беріп, қажет болса хабарласуын сұрадым», - деді Николай Онсович.