Жаңалықтар

"Құлағына біреулер “өл, өлтір” деп сыбырлаған": Түркістанда 2 баласын өлтірген мұғалімнің адвокаты сұмдық дерек айтты

сурет: inbusiness.kz

Соттағы психикалық сараптама 31 жастағы келіншектің ақыл-есі дұрыс деген шешімге келген.

 

Түркістанда 2 және 4 жасар баласын тұншықтырып өлтірген әйелге сот үкімі шықты. Әйелдің адвокаты адам шошырлық дерек айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

31 жастағы әйел сот кезінде өз кінәсін мойындаған. Сондай-ақ жазасын жеңілдетуді сұраған.

Ақпаратқа сүйенсек, судьяның айтуынша қылмыс мотиві - күйеуімен болған жанжал. 15 күн басқа қалада жұмыс істеп, 15 күн демалатын күйеуі үйіне мүлде келмегесін арада жанжал туған. Сотталушы қылмысты алдын ала жоспарлап жасаған.

“Бота Хамитқызы қылмысты алдын ала жоспарлап жасаған. Алдымен 4 жасар қызын, сосын 2 жасар ұлын тұншықтырып өлтірген келіншек соңында бастапқы сөзінен айнып кетті. Есінде ештеңе қалмағанын айтып, жауапқа селқос қараған әйел соты алқабилер қатысуымен өтті. Және олар жаза мерзімінің 15 жыл болуына дауыс берді”, - дейді Түркістан облыстық қылмыстық істеп жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиев. 

Бота Хамитқызының адвокаты сотталушының психикалық ауытқуы бар екеніне сенімді. Қазақшалап айтқанда “ішіне жын кірген” деген заңгер мұғалімнің берген жауаптары сәт сайын құбылып отырғанын айтады. Және бұған дейін бір айға үйінен шығып кететін кездері де болған екен.

“Өз жауабында қорғауымдағы азамат құлағына біреулердің “өл, өлтір” деп сыбырлағанын айтты. Және көзіне үнемі елес көрінетінін жеткізді. Балалары да құбыжық болып елестеген дейді. Біз үкіммен келіспейміз. Апелляцияға береміз”, - дейді Айнагүл Рүстемова.

Соттағы психикалық сараптама 31 жастағы келіншектің ақыл-есі дұрыс деген шешімге келген. Және қылмысты жасаған уақытында да ешқандай аффект жағдайында болмапты.