Заманауи кино саласындағы тақырыптық ізденіс
Табысқа жетелейтін ізденіс жолындағы тынымсыз тірліктің іркілмегені абзал, уақыттан ұтылмағандығымыз алдымен жеке басымызға, қалды ұлттық кино өнеріміздің ұпайын түгендейтін тиімді жол.
Қазақ киносының тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастау алып, бүгінге дейін өзінің жанрлық, тақырыптық тұрғысынан көптеген түрлену, даму сатысынан өтті, мазмұндық жағынан жаңаша стилін қалыптастырды. Бұны біз – қазір прокатқа шығып жатқан көптеген фильмнен және көрерменнің оған деген жылы көзқарасынан анық аңғара аламыз. Жалпылама алғанда, заманауи продюсерлер фильмдерін жаңаша эксперименттік тұрғыда түсіріп, отандық кинематографияның бағыт-бағдарын жетілдіре түсуде. Бұл талпыныстың бірден-бір басты себебі, біз бастан кешіп отырған қоғамның ұшқыр уақыт ағымына қарай талғам-түсінігінің күрт өзгеріске ұшырауы.
Соңғы он жылдың бедерінде ғылыми технология да, адами сана да дамудың даңғыл жолына түсті, кешегі бәріміз таңғалған «жаңалықтар мен кереметтер» көз алдымызда ескірді, көнерді. Оның орнына адам психологиясындағы аласапыран арпалысты сезімдерді баяндайтын баяғы көп томдықтар мен көп сериялы фильмдердің емес, шағын жанрды көркем шығармалармен-ақ көп түйінді тарқата алатындай әдіс-тәсілдер қолданысқа батыл ене бастады. Көптеген дәстүрлі норма, салт-сана, адами қарым-қатынас, жаңа мамандықтар, мемлекет пен халық арасындағы өзара түсіністік, экономикалық-әлеуметтік мәселелер және тұрмыстық мінез-құлықтың өзгеру процесі біз қалайық, қаламайық осындай жаңашылдықты мойындауымызға тура келді. Осы секілді қоғамдық өзгеріс, ойлау қабілетіміздің жаңа сатыда дамуы тікелей кино саласына да әсер етті. Еліміз тәуелсіздік алған сәтте кино өндірісінде де бұрын-соңды болмаған үлкен бетбұрыстар жасалды. Жасырары жоқ, алғашқы қадамды авторлық режиссерлер бастады. Соның бірі – ауыз толтырып айтарлықтай өзіндік дәрежеге жеткен Дәрежан Өмірбаевтың фильмдері еді. Өзінің талғамы биік режиссерлік стилімен қоғамның әлдекімдер үшін «жұмбақ» болып келген ішкі сырын барынша аша отырып, кинодағы тақырып алуандылығын кеңейтті. Оның тоқсаныншы жылдардан бастап түсірген «Кардиограмма», «Шілде», «Киллер», «Студент», «Қайрат», «Ақын» секілді бүгінгі күннің өзекті тақырыптарына айналған фильмдері әлгі айтқанымызға толықтай дәлел бола алады. Қазақ киносындағы тақырыптық түрлену процесін ең алдымен жанрлық жағынан қарастырсақ, заманауи фильмдердің бір емес, бірнеше сатыға бөлініп, түбірлі өзгерістерге ұшырағанын аңғарамыз. Бірден айтып кететін жайт, бұрын-соңды кезікпеген қайшыласқан сюжетке толы драма мен комедия әр шығарманың өзекті жұлынына айналды. Драма жанрындағы түрлену соңғы он жылдың бедерінде бірден оза шауып, басқа өрлемей-ақ жай бүлкіл аяңмен өмірімізге батыл ене отырып, қоғамда болып жатқан алас-қапас мәселелердің ішкі өзегін ақтарып, болған оқиғаларды шынайылықпен жан-жақты көрсете білді. Соңғы жылдары жарыққа шыққан Фархат Шәріповтың «18 килогерц», «Схема»; Әділхан Ержановтың «Голиаф», «Черный, черный человек»; Айжан Қасымбектің «От»; Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» секілді бірегей туындылары көрермен қошеметіне бөленді. Экраннан әлі күнге дейін түсе қойған жоқ. Тақырыптық және жанрлық тұрғыдан ерекшеленген Айсұлтан Сейітовтың «Қаш» атты картинасы жалпы халықтық тұрғыдан талдауға тұрарлық бірегей туынды. Жанрлық түрлену жағынан қарасақ, тарихи драмалық хоррор. Қазақ халқын қынадай қырған ашаршылық дәуірінің көзге жас алдыратын сұрқия зұлматын сан түрлі оқиғалар астарымен суреттей отырып, кішкентай ғана бір оқиғаны көрсету арқылы, бүкіл ұлттың басына түскен ауыртпалықты шыншылдықпен баяндауға тырысады. Және ол мақсаты діттеген жерден шыққан. Осы тұста Қуаныш Бейсековтың «Дәстүр» атты картинасы да көпшілік қошеметіне бөленген айтары бөлек туынды. Фильмнің аты айтып тұрғандай, бір отбасының талайлы тағдыры, белгілі бір жағдайларға орай діни көзқарастары әртүрлі қалыптасқан адамдардың тыныс-тіршілігі жетекші орынға шыққанымен, өмір шындығы олардың іс-әрекеттерін басып-жаншып, көрерменді тың ойларға жетелейді. Толғандырады, жіберген кемшіліктерден орынды сабақ алуға үндейді. Ал комедия жанрдағы түрлену мәселесіне тоқталсақ, бұл жерде бәрі бір қалыпты, бір ырғақпен түсірілген туындылар секілді елестейді. Фильмдердің дені коммерциялық мақсатта түсірілгендіктен, картиналар бір-бірінен анау айтқандай ерекшеленбейді. Драмалық туындылардың әрқайсысы жеке бір тақырыптық, нарратив, жанрлық, стильдік шешімдермен көмкеріледі де жаңа тұрпатты кино түсіру тәжірибесіне өзіндік тыныс ашады. Турасын айтайық, коммерциялық фильмдерді эксперименттік тұрғыда алатын болсақ та, көзге бірден байқалатын көптеген мүмкіншілігі барын аңғарамыз. Алдымен олардың бюджеті, автордың көптеген ойын ашық жеткіздіруге деген дайындығы; екіншіден көп жанрлық ерекшеліктікті де молымен қолдана алатыны. Комедия жанрының тақырыптық түрленуі Нұртас Адамбайдың «Келинка Сабина» атты 2014 жылы шыққан комедиясынан бастау алады. Ол комедияның жаңа тақырып идеясын айқындай тұра, жаңа тренд жүргізді. Яғни, ұлттық колоритті ала отырып, самоирония тұрғысынан комедияның тынысын одан әрі аша түсті. Кейінгі өмірге келіп жатқан туындылар да осы әдіс-тәсілдерді қолданып, бірегей картина-франшизаларды шығара білді. Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски», Ернар Нұрғалиевтің «Келінжан», «Брат или брак», Тимур Дулатовтың «Хотя бы в кино» және тағы сол сияқты ұқсас фильмдер комедияның түрлену мәселесін және халықтың ұлттық кодын айқындайтын туындылар десек те артық айтқандық болмас. Қазіргі заманауи қазақ киносындағы тақырыптық түрлену мәселесі әлі де тәжірибе жинақтауды, үздіксіз ізденуді, көрермен талғам-таразысымен санасуды қажет етеді. XXI ғасырдың постмодернисттік бағыты айқын және барынша түсінікті, бір өкініштісі қазақ кино өндірушілері өздерінің кино түсірудегі тәлім-тәрбиесінің мол мүмкіндіктері барын біле тұра, түбірлі өзгеріс жасауға, тың бастамаларды игеруге сәл тартыншақтайтын тәрізді. Қоғам сұранысын қанағаттандырумен ғана шектеліп жүр. Біз бастан кешіп отырған шапшаң уақыт кейде ондай бейқамдықты да көтере бермейді. Ұлттық кинематографияда тақырыптық тенденцияларды биік белеске көтеруге мүмкіндіктер мол. Табысқа жетелейтін ізденіс жолындағы тынымсыз тірліктің іркілмегені абзал, уақыттан ұтылмағандығымыз алдымен жеке басымызға, қалды ұлттық кино өнеріміздің ұпайын түгендейтін тиімді жол.
Бексұлтан Мырзалы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» факультетінің студенті