Әжінияз әлемі
Қарақалпақ жері мен Хиуа қаласына жасаған ғылыми сапарым барысында шайырдың Қусырық қорымындағы мазарына зиярат етіп, ол туралы мәліметтерді жинақтаған едім. Соның бірқатары осы мақалаға өзек болды.
Биыл қарақалпақ халқының ұлы шайыры Әжінияз Қосыбайұлының туғанына 200 жыл толды. Өз жұртының ғана емес, бүкіл түрк дүниесінің руханиятында жарқын із қалдырған тұлғаның өмірі мен шығармашылық мұрасы қазақ қауымына соншалықты таныс деп айта алмаймыз. Оның қазақ қызы Меңешпен айтысы фольклорлық жинақтарға, бірқатар туындылары «Қарақалпақ поэзиясының антологиясы» кітабына (Алматы, 1979) енгенімен, асыл сөз қазынасы зерттеушілеріміз тарапынан түрлі себептерге байланысты кеңінен сөз етілмеген. Қарақалпақ жері мен Хиуа қаласына жасаған ғылыми сапарым барысында шайырдың Қусырық қорымындағы мазарына зиярат етіп, ол туралы мәліметтерді жинақтаған едім. Соның бірқатары осы мақалаға өзек болды.
Ахун, молла, шайыр...
Біріншіден, Әжінияз – қарақалпақ поэзиясында тыңнан түрен салған ғажап шайыр. Екіншіден, өз ұлтына қалтқысыз қызмет етіп, оның қуанышы мен қайғысын, асқары мен аласасын бірге бөліскен жанкешті қайраткер. Осы екі қасиет тоғыса келіп, сөз ұстасының тұтас тұлғасын көз алдымызға келтіреді. Қарақалпақ классигі Бердақ Қарғабайұлының: «Әжінияз деген ағып тұрған бір дәрия, ал біз одан шыққан кішкене өзекпіз», – деген сөздері риясыз зор құрметтің белгісі болса керек. Белгілі зерттеуші Камал Мәмбетов «Әжінияз» атты еңбегінде: «Молла һәм ахун лауазымына ие болған. Демек, оның шығармаларына басқа ауыл медресесін бітірген шайырларға қарағанда едәуір өзгешеліктер тән»; «Әжинияз көрнекті шайыр болуымен бірге халық арасында «молла» және «ахун» деп аталатын атақтарға ие. Негізінен, бұл атақ оған білімді болғаны үшін берілген», – деп жазады. Басқа ғалымдар да (Н.Дәуқараев, Ә.Пахратдинов, К.Алламбергенов, Ш.Аяпов, т.б.) оның даңқы ел ішіне «Әжінияз ахун», «ғұлама, ахун, шайыр», «ахун» деген мәртебемен таралғаны жөнінде айтады. Әлбетте, «Әжінияз ахун» сөз тіркесі қазақ пен қырғыздың құлағына («Әжінияз ақын» секілді) жылы естілетіні анық. Себебі сол қазақ пен қырғыз ХІХ ғасырда сөз ұйқастырған екінің бірін емес, тек топтан озған «жыршыларын», «ырчыларын» ғана «ақын» деп атағаны белгілі. Мұның түп бастауы парсының «ахунд» сөзінен алынғанын тамаша лингвист К.Юдахин бастаған ғалымдар дәлелдеп көрсетеді. Бұған қоса, «молда» сөзі де қырғыз, қарақалпақ, әзербайжан, қазақ, татар, башқұрт, т.б. түрк халықтары сөз зергерлеріне лақап болып жамалған. Мысалы, Молдо Қылыч, Молдо Нияз, Алдаш молдо, Тоғолоқ молдо, Молда Мұса, Молла Панах, Ақмолла, т.б. Ал сондай биік дәрежеге Әжінияз қалай жетті? Халық ақындарының көбісіне қатысты айтылатындай, «Әжіниязға шайырлық осылай қонған екен» дейтін аңыз жоқ. Бірақ сол уақыттағы Қоңырат бектігіне қарасты, Арал теңізінің құбыла бетіндегі Қамысбөгет деген жерде 1924 жылы дүние есігін ашқан ол қаршадайынан өзінің білімге құштарлығын аңдатады. Әкесі Қосыбай, атасы Балтабай, бабасы Ақжігіт балықшылықпен күнелткен шаруакеш, оның үстіне ер мінезді, құралайды көзге ататын мерген адамдар болған. Анасы Нәзира сөзге ділмәр, қолма-қол айтыста бет қаратпайтын өткір тілді кісі екені сөз етіледі. Сондықтан әуелде ауылдағы Қожамұрат ишан медресесінде сауат ашқан талапкер бала артынан туған нағашысы – Бұқарадағы Мір Араб медресесін бітірген Елмұрат ишанның тәрбиесіне көшеді. Діни кітаптарды, Науаи, Хафиз, Сағди, Фүзүли жырларын құмарта оқиды. Кенеттен нағашысы дүниеден қайтқасын, елдің игі жақсылары – Тоғыз қазы және Молла Қораздың жәрдемімен Хиуаға оқуға аттанады. Қарапайым ортадан шыққан Әжінияз үшін Хиуадағы тіршілік оңайға соқпады. Негізінен, бай-бағланның және дінбасыларының балалары білім алатын атақты Шерғазы медресесіне аяқ іліктірген ол мүдаристердің (мұғалімдердің) отынын жарып, суын тасып, тұрмыс қиыншылығын шекті. Бұл медреседе түрікменнің классигі Мақтымқұлы Пырағы, қазақтың әулиесі – Пір Бекет Мырзағұлұлы да оқыған. Бүгінгі күні тарихи ғимаратта үш ұлы тұлғаға жеке-жеке арнайы бөлме жасақталып, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлер жайғастырылған. Бұдан әрі Әжінияз Хиуадағы басқа бір іргелі білім ордасы – Құтлымұрат инақ медресесіне ауысады. Оның кіре берісінде: «Бұл медреседе 1840-1844 жылдары қарақалпақ әдебиетінің классигі Әжінияз Қосыбайұлы оқыған» деген жазуы бар тақтайша орнатылған. Бұл кез Хорезм өлкесінде араб, парсы, түрк мәдениеті өзара тығыз ықпалдасып, гүлденіп тұрған шағы еді. Қолжазба көшіру, аударма жасау, кітап құрастыру ісі мейлінше жанданып, жазба әдебиет қарышты дамыды. Екі әдеби ағым пайда болды. Біріншісінің төңірегіне патшалардың жорығын, сардарлардың ерлігін мадақтайтын шайырлар қауымы топтасса, екінші бағыттағылар әрі тарихшы, әрі құснихатшы, әрі тәржімашы, әрі өнертанушы болып, әмбебаптығымен танылды. Соңғы ағымды тұтынған Шермұхаммед Мунис, Мұхаммед Риза Агахи, Мұхаммед Юсуп Баяни секілді тұлғалар әр тарапта құнды мұралар қалдырғаны мәлім. Сондай ортада рухтанған Әжінияздың көп ұзамай жұлдызы жарқырай бастады. Ол медреседе оқтын-оқтын өткізіліп тұратын шайырлар мүшәйрасында «Оян» атты өлеңін оқып, өзбектің юз тайпасының ақсүйектер әулетінен шыққан мәшһүр сөз ұстасы Агахидың көзіне түседі. Мұнан кейін өзі тұратын жатақтағы бөлмесінің есігіне жазып қойған: Қасқалдаққа бір ағарлық май бітсе, Қарқылдасып қонар көлін танымас. Патшаның дәулеті қайтайын десе, Көзіне шел бітіп, елін танымас, – деген сөздері де Агахидың назарынан қағыс қалмайды. Ақыры шәкірттің алғырлығы мен дүниетанымына разы болған ұстаздың дуалы аузынан «Зийуар» («көрнекті», «әсем», «сәулелі», «жүзі нұрлы» мағынасында) деген сөз шығып, Әжінияздың тахаллусына (әдеби бүркеншек есіміне) айналып кетеді. Қарақалпақ поэзиясының жанрлық жүйесінде ілгеріде толғау, Күнхожадан былай қарай қосық берік орныққан болса, Шығыс дәстүрінен терең сусындаған Әжінияздың арқасында халықтың сара сөз өнері ғазал, мұхаммас, рубай секілді тың өлшемдермен байыды. Қарақалпақстан Республикасы әнұраны мәтінінің авторы, дүлдүл шайыр Ибрайым Юсупов бейнелеп айтқандай, «Әжінияз Күншығыс поэзиясының ұлы дәстүрлерін һәм тәжірибелерін өзінің жүйрік қаламының ұшымен қарақалпақ поэзиясына сіңдірді». Әжінияз шығармаларында Аплатын, Ескендір Зұлқарнайн, Һарон әр-Рашид, Лұқман хәкім, Жәмшид, Қысырау, т.б. есімдердің ұшырасуы шайырдың арғы-бергі тарихты қаншалықты тұңғиық білгенін аңғартса, махаббат лирикасының ішкі өрімінен, рухи сипатынан сопылық сарындардың айқын көрінуі оның Қожа Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақырғани, Сопы Аллаяр, Бабарахим Машраб үрдісімен үндестігін танытады. Бір қызығы, халық «Хәкім Ата» деп атап кеткен Сүлеймен Бақырғанидың мемлекет қамқорлығындағы кесенесі мен Әжінияз жатқан қорымның арасы алыс емес; ендеше, екеуі де бүгінгі Мойнақ ауданының топырағында байыз тапқан болып шығады. Әжінияз туындыларының дені жазбаша үлгіде болғанымен, уақытында оларды ел арасына қыссахандар (Талдық қыссахан мектебі, Шымбай қыссахан мектебі, т.б.) ауызша таратқан. Соған қарамастан бүгінге дейін өзінің бастапқы қалпы мен құнарын жоғалтпай жеткен.
«Қарақалпақ – қазақпен теңбе-тең жұрт»
Әжінияз Хиуадағы оқуын тәмамдап, туған мекеніне оралғанда жан-жақты толысқан, айналадағы ел-жұрт мойындап үлгерген, замандастарының суреттеуі бойынша, «ат жақты, ұзын бойлы, келбетті, хош көңілді» жан сипатында көрінеді. Бірақ ауылында көп аялдай алмай, Қырға (кейбір қарақалпақ зерттеушілері Қазақ даласын солай атайды) кетуге мәжбүр болады. Оның себебі әрқалай түсіндіріледі. Бірінші болжам бойынша, Хиуа ханының тапсырмасымен қазақ арасына мұсылманшылықты насихаттау үшін арнайы жіберілген. Екінші жорамалға сенсек, Әжінияздың атастырып қойған қалыңдығы бар екен, сол аяқ астынан із-түзсіз жоғалып кетеді. Қайын жұрты шайырды кінәлап, қыспаққа алған кезде жоғалған қыздың қазақтар арасына кеткені жөнінде қауесет шығады. Сонымен, күйеу жігіт қалыңдығын іздеуге аттанады-мыс. Әлбетте, бұл анық-қанығы мәлім емес, дәлел-дәйегі кем ауызекі деректер. Ал Әжінияздың қазақ ішіне барған соң, өнерпаздық даңқы жайылғанын растайтын айғақтар баршылық. Мысалы, Әсетулла Садуллаев есімді өзбектің аузынан ғалым О.Бекбаулов мына сөздерді жазып алған: «Жадымда қалғаны, тек қарақалпақтардың Әжінияз деген шайырының атын білемін. Ол кісі қазақ ішінде көп болған, көбірек осы Түркстандағы қарақалпақтарға келіп тұрған. Ол өзі жүдә молла адам болған. Бұл туралы қазақ қариялары отырыспаларда жүдә гәп етіп отырады. Әжінияздың шайырлығын қазақтар жүдә мақтайды. Ол қарақалпақ болғанымен, өлеңді қазақ ақындарынан да өткеріп айтқан. Қазақ даласында Әжіниязды білмейтұғын қария жоқ десең де қателеспейсің» («Әмўдәрья» журналы. – 1977. – №2. – 125 б.). Түркстанды қарақалпақтар ХVІ ғасырдан бері «ата жұрт» санайды. Сондықтан «Демишлер» атты шежірелі дастанында: «Бірнеше жыл өтіп кеткен арадан, Қарақалпақ Түркстаннан тараған, Дін Хорезм қажетіне жараған, Ұрпағы бір, қауымы туыс дейді екен», – деп жазған Әжінияздың ол жерге дүркін-дүркін бет бұруы күмән тудырмайды. Ол бұл шығармасында түркі халықтарын бірлікте қарастырады: Жейхун, Сейхун – екі дария арасы, Кең мекен-дүр ұлы Тұран даласы. Өзбек, қазақ, қарақалпақ баласы, Араласып мекен еткен дейді екен. Түрікмендерді қоса отырып, Хорезмді «төрт халықтың елі» деп қарайды. Бұл жолдардың сарыны Мағжан Жұмабайұлының жырларымен үндесіп тұрғанына қайран қалмасқа шараң жоқ! Жалпы, Әжінияз қазақ жеріне үш рет сапар жасаған деп есептеледі. Біріншісі – жоғарыда айтылғандай, 1845-1846 жылдар. Бұл жолы «Шықты жан», «Ағалар бір құс қашырдым», «Бері кел», «Хабарын сұрайын ділбәрдің кімнен?», т.б. қосықтары жазылған делінеді. Сол сапардан еліне оралғанда, Хәмра есімді қызбен отасады. Одан үш ұл (Нығметолла, Хабибулла, Ниетолла), бір қыз (Хүрзада) дөреген. Екінші мәрте сапар шеккен жылы – 1863. «Сәлем дегейсің», «Молла Еріме» атты қосықтары осы уақыт ішінде дүниеге келіпті. Үшінші сапарының мерзімі – 1864-1865 жылдар. «Елдерім бар-ды», «Аман ба?», «Меңзер», «Керек», «Бар-ды», т.б. қосықтары – осы кезеңнің олжасы. Әрине, аталған уақыт межелері мен шығармалардың дүниеге келу реті шартты екенін ескерген жөн, себебі қарақалпақ зерттеушілерінің еңбектерінде бұл тарапта бірізділік жоқ, яғни әлі де нақтылайтын жайттар бар. Әжінияздың қосықтарында кездесетін жер-су (Ұлы Ойыл, Кіші Ойыл, Қобда, Елек, Жайық, т.б.) және ру-тайпа (назар, шүрен, қаракесек, ожырай кете, жақайым, т.б.) атауларына қарағанда, ол Қазақстанның батыс аймағын біраз шарлаған. Ноғай, орыс, естек этностары туралы айтуы қазақ шекарасынан әрі асып кеткенін меңзейді. Әжінияз – жазба әдебиеттің өкілі саналғанымен, ауызекі дәстүрлі поэзияның да шебері. «Түркстан уәлаяты» газетінің 1878 жылғы 11,12 қыркүйек күнгі сандарында жарық көрген «Әжінияздың қыз Меңешпен айтысы» – соның анық дәлелі. Жарасымды әзіл-қалжыңға, уытты өткір ойларға, астарлы тапқырлыққа толы бұл айтыс көркемдік ерекшеліктерімен қоса, екі бауырлас халықтың сол кезеңдегі болмыс-бітімі, тұрмыс-тіршілігі мен салт-санасы туралы қызықты мағлұматтар береді. Қыздың шымшыма сауалдарына байсалды жауап қайтарған Әжінияздың: «Қарақалпақ – қазақпен теңбе-тең жұрт, Көрмей, білмей, сыртынан қылма мазақ», – деген сөздері сөз сайысының түйіні болуға лайық. Ғалымдардың деректеріне сүйенсек, Әжінияз шамамен 1878 жылғы қарашаның аяғы – желтоқсанның басында дүниеден озған. Бұл дәлелді болса, оның қыз Меңешпен айтысы көзі тірісінде жарияланған деуге негіз табылады. Ал шайырдың өзі мұны білді ме, әлде білмеді ме – жұмбақ. Белгілісі: мәтінді редакцияға Шымкенттің бір тұрғыны жолдаған...
Бозатау баяны
Әжінияздың азаматтық тұлғасы қалыптасқан жылдары Хиуа хандығында қым-қиғаш оқиғалар болып жатты. Мұхаммед Әмин ханның дәуірі бітіп (1845-1855 жж.), онан соң таққа таласқан хандар бірінен соң бірі өлтірілді. Итырқылжыңың аяғы 1858-1859 жылдардағы Қоңырат көтерілісіне ұласты. Халық бектіктің билігіне Хиуа тарапынан тағайындалған Құтлымұрат инақтың көзін жойып, оның орнына Мұхаммед Пананы хан етіп сайлап алды. Ол Орынбор губернаторынан жәрдем сұрады. Бірақ А.Бутаков басқарған орыс флотилиясы келіп жеткенмен, оның көмегіне жүгінуден бас тартты. Хиуаның ханы Саид Мұхаммед он мың әскерімен сес көрсетті. Енді Пірім би бастаған көтерілісшілер бас имей, Әмудария мен Ақдария арасындағы Бозатау деген жерге барып, қорған салды. Хиуа ханы 1600 қожалықты қырып-жойып, тірідей қолға түскендерін Иранға құлдыққа сату үшін түрікмен отрядын аттандырды. Тарихта өшпес дақ қалдырған осы қанды қырғынның барысын Әжінияз өзінің ашамайлы-қият рулас ағайындарымен бірге жүріп, көзімен көрді. Айдауға түсті. Түрікменнің Көне Үргеніш, Қаражыңғылды, Құбатау деген жерлеріне барғасын, жәуміт, шәудір руларын үш жыл бойы паналады. Күңіреніп жүріп, «Бозатау» дастанын шығарды. Ел арасында аңыз бар. Түрікменнің ханына сарбаздарының бірі: «Мына босқындап келе жатқан топтың ішінде біздің Мақтымқұлы секілді бір шайыр бар екен», – дейді. Хан қызық көріп, оны шатырына алдыртады. «Сен, қарақалпақ, тұтқынға түскен бейшара пендесің. Тіліңді безей берсең, қырылып кететіндеріңді білмейсің бе?», – депті. Сонда Әжінияз тайсалмастан: «Қателесесің, хан ием! Қарақалпақ жерінде «Түрікмен қырылған» деген үш орын бар. Түрікмен жерінде «Қарақалпақ қырылған» деген бірде-бір орын жоқ. Сондықтан түрікмен қырылмаса, қарақалпақ қырыла қоймас», – деп жауап қайтарыпты. «Бұл алған бетінен қайтпайтын мәрт, сөзге шалт адам екен; қасындағы кісілермен бірге босатып қоя беріңдер», – депті хан. Аңыздың өзегінен кейде шындықтың сұлбасы байқалады. Бұл жерде қисынға келетін нәрсе – Мақтымқұлы мен Әжінияз арасындағы байланыс. Өйткені Әжіниязға өзінің рухы жағынан жақын тұратын екі шайырға белгі соқсаң, соның бірі Мақтымқұлы болып шығары даусыз. «Түрікменнің сөйлер тілі» болған классикке қарақалпақтың сөз ұстасы шәкірт есепті: сөз, бейне, ұйқас өз алдына, кейде өлең шумақтары да сол қалпынша ұқсап жатады. Әжінияздың Мақтымқұлы жырларын қарақалпақ тіліне қаймағын бұзбай, өз тарапынан байыта отырып, кемелдікпен аударған тұстары көп. «Бозатау – қарақалпақ халқының ең атақты ұлттық сонатасы» (И.Юсупов). Көлемі шағын болса да, ішкі қуаты зор, әр сөзі адам жанын тербеп жіберетін дүние. Кіндік кескен жерінен қол үзіп, күшпен жер ауып бара жатқан жұрттың зар-наласы. Ата қоныспен жылап қоштасуы. Бір жағы, қайсар рухтың сарыны. Ел үмітін жағатын шырақ. Әжінияз шығармашылығының биік шыңы. «Бозатауды» білмесең, қалай қарақалпақ боласың?» деген сөз халық жадында сақталып қалған. Шайыр мұрасын жинақтап, жариялаған атақты түркітанушы Н.Баскаков «Бозатау» дастанының бір көшірмесін бесікте жатқан сәбидің жастығының астынан тауып алған екен...
Түйін:
ХІХ ғасыр қазағы өз шайырындай көріп, зор қошеметпен қадірлеген Әжінияз Қосыбайұлының бай мұрасына ХХІ ғасыр қазағының мәдени өмірінің есігі айқара ашылса, екі бауырлас халық руханиятының ұмыт қалған көп парағы қайта жаңғыратыны сөзсіз.
Амантай ШӘРІП