Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс заң
Сәрсенбі күні Президент «Масс-медиа туралы» заңға қол қойды. Осылайша, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң мен «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң күшін жойып, олардың негізгі ережелері жаңа заңға енді.
6 маусымда Парламенттің жоғарғы палатасы заң жобасын мақұлдаған болатын. Ал 17 сәуірде Мәжіліс оны екінші оқылымда қарап, Сенатқа жолдаған еді. Мәжіліс депутаттары жұмысқа алғалы бері заң жобасы қызу пікірталас тудырды. Мәжіліс пен Сенаттағы жұмыс топтарының қорытындысына сүйенсек, әу баста дау тудырған мәселелердің біразы заң жобасынан алынып тасталған. Ал ресми мәліметтерде жалпы жаңа заң ақпарат тарату саласын қазіргі өзгерістер призмасынан реттеу үшін қабылданғанын айтады. Сонымен, жаңа заңда қандай жаңалық бар?
«Жаңа заманға сай жаңа заң қажет»
Ресми мәліметке сүйенсек, заң Президенттің 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатымен әзірленген.
– Заң мемлекет мүддесін, қоғамның сұранысын және медиа саласының даму үрдістерін ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңды қайта қарау туралы берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Жаңа заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған, – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі.
Яғни, заңға бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілген. Бұған дейін қолданыста болған заң 1999 жылы әзірленген және онда бекітілген бірқатар анықтамалар өзектілігін жоғалтқаны рас. Әлемдегі геосаяси жағдай ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сенімді ақпарат таратудың маңыздылығын айқын көрсетті. Жалпы ақпарат өрісіндегі шекараның жойылуы және жаңа медианың пайда болуы күн өткен сайын шынайы ақпарат пен фейктерді ажыратуды қиындатып отыр. Мұндай жағдайда бәсекеге қабілетті және еркін бұқаралық ақпарат құралдары жаһандық медиа өрісінде күшті әрі төзімді ұлттық ақпараттық кеңістікті қалыптастыруда басты рөл атқаруға тиіс.
– Сондықтан сөз бостандығы құқығын нығайтуға және қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің жаңа қағидаттары мен кепілдіктеріне негізделген, сондай-ақ Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 19-бабының 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабына сәйкес, Қазақстанда осы құқықты шектеудің нақты шарттарын, ең алдымен, интернет желісінің сегментінде қамтитын заң қабылдау қажет, – деп айтылған «Масс-медиа туралы» заңы жобасының тұжырымдамасында.
Жаңа технологиялардың дамуынан пайда болған шексіз мүмкіндікпен қатар сансыз сын-қатер де сыналап еніп жатыр. Яғни, жаңа заңды қабылдаудағы мақсат шекарасыз ақпарат өрісі қалыптасып, ақпарат тарату мүмкіндігі еселеп артқан уақыт талабына сай реттеу мен қолдау тетіктерін енгізу екені айтылады.
Журналистердің мәртебесі қалай көтерілмек?
Журналистердің мәртебесін көтеру мәселесі біраз уақыттан бері биік мінберлерде айтылып жүр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, журналистің құқықтық мәртебесі демократиялық құндылықтардан, сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу қажеттілігін мойындаудан, сондай-ақ ақпаратты еркін алу және тарату мүмкіндігінен бөлек дами алмайды. Осыған байланысты жаңа заңға «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілген. Яғни, журналистің құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын, олардың ақпарат іздеу, сұрату, алу және тарату кезіндегі, сондай-ақ «Масс-медиа туралы» заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарын журналист мәртебесі деп түсіну керек. Нақтырақ айтсақ, енді шындыққа сәйкес келмейтін және азаматтардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығару туралы БАҚ-қа талап қою мерзімі бұқаралық ақпарат құралдарында мәліметтер жарияланған күннен бастап 1 жыл деп белгіленген. Яғни, заңға сәйкес, азаматтар бұқаралық ақпарат құралдарынан жалған ақпаратты немесе ар-намысына нұқсан келтіретін ақпаратты терістеуді материал жарық көрген сәттен бастап бір жыл ішінде ғана талап ете алады. Кейінгі жылдары журналистер бірнеше жыл бұрынғы басылымдарда шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді жоққа шығаруға қатысты дау-дамайға жиі тап болған еді. Шетел тәжірибесінде де ақпараттың ескіруіне қатысты белгілі бір мерзім бекітілетін жағдайлар көп. Мұндай тетік Ұлыбритания, Бельгия, Аустралия, Канада елдерінің заңында қарастырылады. Екіншіден, журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру жөніндегі норма ішінара декриминизацияланды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының бірінші бөлігі). Бұқаралық ақпарат құралдарына шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруға қойылатын талап қою мерзімдерін бекіту арқылы сөз бостандығы кепілдігін нығайтуға байланысты бірқатар новелла бар. Статистикаға сүйенсек, кейінгі 5 жылда осы бап бойынша сотқа дейінгі тергеудің 9 фактісі тіркеліпті. Осыған байланысты, бұл жаңалық бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы кепілдігін дамыту жолындағы елеулі қадам болады, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін қорғаудың тиімді тетігін жасайды деп деген сенім бары айтылған. Заң тұжырымдамасына сүйенсек, бұдан бөлек, отандық журналистиканы дамыту үшін заң жобасы шеңберінде табиғи апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, терроризм актілері, қарулы көтерілістер, ұлтаралық қақтығыстар және т.б. аймақтардан хабар тарататын журналистерді қорғауға бағытталған нормалар бар. Себебі пандемия және төтенше жағдай режимі кезінде журналистер дәрігерлермен, полицейлермен және құтқарушылармен тең дәрежеде қызмет еткені және мұндай жағдайларға байланысты құқықтық реттеудің жоқтығы белгілі болған еді. Бұл – әлем назарындағы мәселе. Өйткені кәсіби міндетін орындап жүріп қаза тапқан журналистердің саны аз емес. Мұны ЮНЕСКО сияқты ұйымдардың ресми деректері де растайды. Яғни, заңға сәйкес, журналист міндетін орындау кезінде өміріне және (немесе) денсаулығына зиян келтірген жағдайда «БАҚ иесі оны Қазақстан заңнамасына сай өтеуге міндетті». Сондай-ақ БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Заңға сәйкес, БАҚ қызметіне өзін-өзі реттеуге, медиа саланы дамытуға мүмкіндік беру мақсатында ерікті негізде қоғамдық-кәсіптік кеңес құруға және журналистердің әдеп кодексін әзірлеуге мүмкіндік беріледі. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестердің негізгі қызметі – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу. Әлеуметтік медиа, блогтар, подкасттар және басқа да платформалар ақпаратты жылдам және кең ауқымда таратуға мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндіктерді тиімді пайдалану үшін, журналистер мен контент жасаушылар аудиториямен сенімді қарым-қатынас орнатып, олардың қажеттіліктерін ескеруі қажет. Осылайша, олар тек ақпаратты таратушы ғана емес, сонымен қатар қоғамның ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандырушы, білім беруші және ой тудырушы рөлін атқарады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, журналистердің әдеп кодексі журналистік қызметтің жоғары этикалық стандарттарын сақтауды қамтамасыз етеді. Мысалы, Американдық журналистер қоғамының (SPJ) этикалық кодексі журналистерді шындықты айтуға және зиян келтірмеуге міндеттейді. Бұл кодексте журналистердің саяси, коммерциялық немесе жеке мүдделерден тәуелсіз болуын талап етеді. Әрбір журналист өз ісінде тәуелсіз және бейтарап болуы керек. Кодекс ашықтықты сақтауды және журналистердің өз жұмысы үшін жауапкершілік алуын көздейді. Осылайша, журналистер жеке тұлғалардың құпиялылығы мен абыройын құрметтеуге тиіс, ақпарат жинау кезінде адамның жеке өміріне қол сұғудан аулақ болуы қажет. Мұндай қағидалар халықаралық деңгейде журналистік қызметтің сенімділігі мен этикасын нығайтуға ықпал етеді. Журналистердің құқықтық мәртебесі демократиялық құндылықтардан, сөз бостандығы мен цензураға тыйым салу қажеттілігін мойындаудан, сондай-ақ ақпаратты еркін алу және тарату мүмкіндігінен бөлек дами алмайды. Одан бөлек, заң жобасында баспасөз картасын беру мәселесі қарастырылған еді. Дегенмен бұл мәселе төңірегінде сын көп болды. Жұмыс тобы мүшелерінің басым көпшілігі бұл норманы демократиялық принциптерге қайшы, журналистерді алалау, жан-жақты ақпарат таратуға кедергі келтіретін норма деп бағалады. Сондықтан бұл норма бойынша нақты шешім қабылданды, баспасөз картасы туралы норма жойылды. Сенатқа жолданған заң жобасында баспасөз картасын беру туралы ұсыныс болған жоқ. Сондай-ақ шетелдің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдіктері мен олардың журналистерін аккредиттеу тәртібі жетілдірілді.
– Ұсынылған барлық жаңа бастама сөз бостандығы кепілдігі, объективтілік, заңдылық, сенімділік және ашықтық сияқты бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің негізгі принциптерімен байланысты болады, сондай-ақ журналистердің мәртебесін көтеруге ықпал ететін журналистердің айрықша құқықтарының кешенін қалыптастырады, – деп айтылған заң тұжырымдамасының мәтінінде.
Ресми мекемелерден жауап алу жеңілдей ме?
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы ерекше маңызға ие болады. Сондықтан заң жобасының негізіне алынған сөз бостандығы және ақпаратқа тең қол жеткізу қағидаттары мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланыс сапасын күшейту арқылы іске асырылатын болады. Осыған байланысты, жаңа заң шеңберінде мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жетілдіру көзделеді», – деп айтылған заң тұжырымдамасының мәтінінде.
Енді, жаңа заңға сәйкес мемлекеттік мекемелер БАҚ-тың сұрағына 5 жұмыс күні ішінде жауап беруге тиіс. Бұған дейін мерзім 7 жұмыс күні болатын.
– Бұл журналистерге қажетті ақпаратты қысқа мерзімде алуға мүмкіндік береді. Осылайша, ақпараттың өзектілігі сақталады, – деп мәлімдеді Ақорданың баспасөз қызметі. Жалпы, мемлекеттік органдарға сауал жіберіп, жауап алу жұмыс процесін тежейтін негізгі кедергінің бірі екені жасырын емес. Сұрақтың жауабы жеткенше, мәселе өзектілігін жойып, «ескіріп» кетеді немесе мүлде жауап келмеуі де мүмкін. Бұл проблема көптен бері айтылып жүр. Дегенмен бұл мәселеге де біржақты қарауға болмайтыны анық. Себебі мемлекеттік органдағы жүйе жеке адамның бүкіл мекеменің атынан сөйлеуіне әлі де дайын емес екені белгілі. 5 жұмыс күні қысқа мерзім деп айтуға келмес, дегенмен біртіндеп өзгеріс еніп жатқаны көңіл қуантады.
Отандық контентті дамытуға жағдай жасалмақ
Медиа әлемінің өзгермелі және қарқынды дамып келе жатқан кеңістігінде контенттің сапасы мен оның тұтынушыларға әсері бұрын-соңды болмаған дәрежеде маңызға ие болып отыр. Ұлттық деңгейде күшті және төзімді ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, бәсекеге қабілетті және еркін бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту арқылы мүмкін болады. Сонымен қатар бұл қоғам ішіндегі ашық диалог үшін платформа ұсынады. Контентті дамытудағы тағы бір маңызды аспект – инновацияларға ашық болу. Жаңа форматтар, мультимедиялық құралдар және интерактивті элементтер аудиторияны тарту және ақпаратты тиімді жеткізу жолында маңызды рөл атқарады. Әрбір журналист және контент жасаушы өз жұмысында креативтілік пен технологиялық жаңалықтарды пайдалана отырып, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға үлес қосады. Осылайша, сапалы контентті дамыту – бұл үздіксіз үдеріс, ол журналистердің кәсібилігіне, жаңа технологияларды тиімді қолдануға және аудиторияның қажеттіліктерін ескеруіне негізделеді. Мұндай тәсілдеме арқылы ғана біз ақпараттық хаостың ішінде сенімді және шынайы ақпаратты ұсынатын медиа кеңістік құра аламыз. Сапалы отандық контент құру – жаңа заңда қарастырылған негізгі міндеттің бірі. Нақтырақ тоқталсақ, грант беру арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктері жетілдіріледі. Яғни, мемлекеттік емес БАҚ-та отандық контентті дамыту үшін гранттар беріледі. Одан бөлек, ұлттық теле-радио хабарларын тарату мүддесін қорғау мақсатында қазақ тілінде хабар тарататын отандық теле-радио бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 50 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Ал отандық теле-радио арналарда шетелдік теле-радио бағдарламаларын ретрансляциялау көлемі 20 пайыздан 10 пайызға дейін азайтылады. Сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауды насихаттайтын ақпаратты, өзін-өзі өлтірудің жолдары мен оған үндейтін ақпаратты таратуға және (немесе) жариялауға тыйым салынады.
«Барлық тараппен ашық талқыланды»
Мәжілісте 85 депутаттың екеуі ғана заңға қарсы дауыс берді. Заң жобалары бойынша «Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» заңы жобасының призмасы арқылы медиасфераның даму тенденциялары» тақырыбында дөңгелек үстел, «Мемлекеттік ақпараттық саясатты жетілдіру және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде баспа басылымдарын мемлекеттік қолдау» тақырыбында кеңейтілген тақырыптық отырыс, сондай-ақ жұмыс топтарының қызу пікірталасқа толы 34 отырысы және Комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткен.
– Бұдан бөлек, халықаралық ұйымның өкілдерімен, елшілермен, журналистермен, депутаттармен арнайы осы заң жобаларын талқыладық. Парламентте Комитет төрағасының және жұмыс тобы мүшелерінің қатысуымен ЕҚЫҰ-ның БАҚ бостандығы жөніндегі ресми өкілі Тереза Риберо ханым бастаған делегациямен де заң жобаларына қатысты талқылау өтті. Халықаралық қоғамдастық өкілдері аталған заң жобасына өздерінің қолдауларымен қоса нақты ұсыныстарын айтты. Парламенттің қоғамдық палатасының Алматы қаласындағы көшпелі отырысында барлық тараптармен ашық талқыланды, – деген еді депутат Жанарбек Әшімжан қорытынды баяндамасында.
Ілеспе заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, кәсіпкерлік кодекстеріне және 12 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Ал Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев заң жобасын мақұлдағаннан кейін айтқан қорытынды сөзінде жаңа заң барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастыратынына сенім білдірген болатын.
– Оқиғаларды объективті түрде жариялау және таратылатын ақпараттың анықтығы заңда көрсетілген негізгі қағидаттардың бірі. Жаңа нормалар арқылы БАҚ қызметін ұйымдастыру шарттары, журналистердің кепілдіктері, олардың азаматтармен және ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негіздері де реттелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту мақсатымен отандық контентті дамытуға арналған ережелер де қарастырылған. Балалар мен мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қосымша қорғауға арналған нормалар да бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақстанның берік іргетасына айналуға тиіс. Осы ретте мақұлданған заңдар барлық мүдделі тараптың пікірін ескеретін сапалы жаңа құқықтық модель қалыптастырады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Төрағаның айтуынша, бұл заңдар масс-медиа саласындағы заңнаманы жүйелі түрде жетілдіруді көздейді, негізгі заң арқылы масс-медиа қызметінің мақсаттары, қағидаттары мен міндеттері бекітіледі.
Қорыта айтқанда, ақпарат кеңістігіндегі жаһандық өзгерістер ақпарат тарату саласын реттеудің жаңа тетіктерін қарастыруды күн тәртібіне қойып отыр. Осыған байланысты, жаңа заң тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар, демократиялық құндылықтарды сақтау мен нығайтудың кепілі ретінде жұмыс істеуі керек. Сонда ғана ақпарат кеңістігі ашық диалог алаңына айналып, ел игілігіне қызмет етеді.