Жұмыссыздар медициналық сақтандыру жүйесіне өту үшін 14 мың теңге төлеуі қажет

Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелу үшін 14 мың теңге төлеуі тиіс, – деп хабарлайды Астана арнасы.

Ал бұл соманы төлемеген жағдайда жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ақылы дәрігерлік көмекке жүгінуге мәжбүр болады. Жұмыс берушілер биылғы жылдың шілде айынан бастап, медициналық сақтандыру қорына 1 пайыз жарна аудара бастайды. Келесі жылы 1,5 пайыз, 2020 жылы екі, 2022 жылы үш пайыздан жарна аударады.

Ал мемлекет 18 жасқа толмаған мүгедек баланың күтімімен айналысатындар мен жұмыссыз оралмандардың, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтық алмағандардың төлемін өз мойнына алады. Және студенттерге оқуы аяқталған  соң 3 ай жарна төлейді. Ал жұмыссыздар банк арқылы өз беттерінше аударуы тиіс.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов: «Олар ай сайын екінші деңгейлі банктерге E-Gov арқылы төлей алады. Қазір механизмдерін қарастырып жатырмыз. Немесе алдын ала бір жылға бірден аударуға болады. 14 мың төлеп, МӘМС-тің толық пакетін алады. Яғни ай сайын ең төменгі жалақының 5 пайызын аударады деген сөз», – деп атап өтті.

Министрдің айтуынша, мемлекет пен жұмыс беруші аударатын қор қаражаты қатаң бақылауда болады. Ол үшін Ұлттық банкте есепшот ашылады.

Сонымен қатар, Үкімет отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев медициналық сақтандыруға қатысты жұмыстар жүріп жатқанымен, белсенділік төмен екендігін айтты. Үкімет басшысы «медициналық сақтандыруды осы жолы дұрыс атқара алмасақ, халықтың ашуына ілігеміз» деп атап өтті. Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұл мәселеге қатысты түсіндіру әлі де жеткіліксіз.

 

Back to top button