Жаңалықтар

"Кіші сержант соқты": Қордайда ауруханаға түскен сарбаздың ата-анасы өз ойын айтты

сурет: inbusiness.kz

Куәгерлердің сөзінше 6 маусым күні, әдепкі сапқа тұру барысында  Д. есімді кіші сержант қатардағы жауынгер Нұржігіт Асанұлының ішінен ұрған.

Қордайда ауруханаға түскен сарбаздың анасы дәрігерлердің диагнозына сенбейді. Бұл туралы inbusiness.kz жазды

Ақпаратқа сүйенсек, сарбаздың ата-анасы ұлының ауруханаға түскенін естіген соң бірден Қордай ауданына барған. Баласын көрген ата-ана ұлының денесінен күдікті нәрсені байқаған.

"Дәрігерлер "баланың ертеңін болжап айта аламаймыз, өйткені жағдайы өте ауыр", - деді. Баланы көрмек ниетте біз де палатаға бардық. Ең бірінші үсті-басын толық тексеріп шықтым. Көгерген, қызарған жерлер байқалмады. Десе де бір бүйіріндегі сарғыш-қоңыр дақ назарымды аудартты. Бейне бір енді қайтып келе жатқан соққы ізі сияқты", - дейді әкесі Тимур Жаналин

Ауруханадан шыға сала баланың жақындары әскери бөлімшеге барған.    

"Бізді әскери бөлімшеге дейін әскери қызметкерлері алып жүрді. Бөлімшеде алдымыздан тергеуші шықты. Ол тергеу кезінде бірнеше фактілер анықталғанын жеткізді. Тергеушінің сөзінше, 6 маусым күні, сапқа тұру кезінде бір оқиға орын алған. Куәгерлер де бар екен", - дейді әкесі Тимур Жаналин. 

Куәгерлердің сөзінше 6 маусым күні, әдепкі сапқа тұру барысында  Д. есімді кіші сержант қатардағы жауынгер Нұржігіт Асанұлының ішінен ұрған. Бұған сарбаздың қолын қалтасына салып тұрғаны себеп болған.

"Баламыз әскерге кетер кезде, тамағы ауырғанын айтып спрей алдыртқан еді. Міне, сол сапқа тұру кезінде, Нұржігіт дәрісін қалтасына салып жатқанда, Сержант оны басқаша түсініп ұрып жіберген. Жанында бірге болған куәгерлердің сөзінше одан ауырсынған дауыс шыққан. Десе де, өз әлсіздігін көрсетпеу үшін, балам, бәрі жақсы деп, сапқа қайта тұрыпты" , - дейді әкесі Тимур Жаналин тергеушінің сөзін негізге келтіре.

Бірақ, ертесіне сарбаздың жүрегі айнып, іші ауырып, әлсірей бастаған. Өзге сарбаздар хәлін сұрағанда ауырып тұрғанын жеткізген. Солайша әбден әлі құрыған сарбаз бүк түсіп, отырып қалыпты. Жолдастары мән-жайды командирге баяндап, баланы санитарлық бөлімге жеткізіп берген. Десе де жауынгердің жағдайы одан әрі нашарлап, мамандар оны 8 маусым күні санитарлық бөлімнен госпиталға, одан да оңалмаған соң, 9 маусым күні госпиталдан Қордайдағы азаматтық ауруханаға жеткізген. Қазір сарбазды Алматы қаласына транспортация бойынша алдырып алған.

Қордай ауруханасында медбикелер баладан сұрау алып жатқан кезде, сарбаз "Мені кіші сержант соқты" деп жауап қатыпты. Ауыр халде түскен науқастың беті әлі бері қарамаған. Дәрігерлер сарбаздың ата-анасына қуантарлық жаңалық әзірге жоқ дейді.

"Әр кірген сайын "балам есіңді жишы" деймін. Бір кезде "қашанғы жата бересің" деп басынан сипағанымда, қол аяғын көтеріп ұмтылыс жасап еді. Бірақ дәрігерлер бұл баланың сыртқы қоздырғаштарға реакциясы, ол  саналы емес, сондықтан бұл фактіге қатты қуанбаңыздар дейді. Бірақ үміт шіркін жібермейді..." , - дейді Жанна  Жаналина.