Түгел түркі

Ақтауда 5 елден келген оқушылар арасында қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада басталды

mangystaumedia.kz

Ең үздік көрсеткіш көрсеткендерге ҚР беделді ЖОО-ның ректорлық білім гранттары табысталады.

19-23 маусым аралығында Ақтау қаласында қазақ диаспорасының балаларына арналған «Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім» атты XXI Халықаралық қазақ тілі мен әдебиетінен олимпиада басталды. Оған Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Иран және Қытайдан 50-ге жуық оқушы қатысып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл олимпиаданың басты мақсаты – қазақ диаспорасы балаларының ана тіліне, әдебиетіне, тарихына қызығушылықтарын ояту және дарынды жас лингвистер мен әдебиетшілерді анықтау. Олимпиада 3 тур бойынша өтеді: эссе жазу, «Тарихи таным» зерттеу жұмыстарын қорғау, «Өз ұлтымды сүйемін» тақырыбында шығармашылық таныстырылым жасу. Ережеге сәйкес, қатысушы елдердің әрбір командасында 14-18 жас аралығындағы 8 оқушы және 2 жетекші болуға тиіс.

Айта кетейік, жеңімпаздар мен жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің I, II және III дәрежелі дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады. Ерекше жетістікке қол жеткізген қатысушыларға «Дарын» РҒПО-ның грамоталары мен бағалы сыйлықтары беріледі. Ал ең үздік көрсеткіш көрсеткендерге ҚР беделді ЖОО-ның ректорлық білім гранттары табысталады.