Президент тасқынмен күреске үлес қосқан азаматтарды марапаттады
Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті
Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан ел азаматтарын марапаттау рәсімінде сөз сөйледі.
Президент, ең алдымен, бұл бұрын ешқашан болмаған ең жойқын табиғи апат екенін атап өтті. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Жалпы, ел көлемінде 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты.
– Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев топан сумен күреске күштік құрылымдардың 63 мыңнан астам қызметкері атсалысқанына назар аударды. Құтқару операциясы барысында 120 мыңнан астам адам, оның ішінде 40 мың бала қауіпсіз жерге көшірілді.
– Бұл – құтқарушылар мен ұшқыштардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әбіш Кекілбаев «Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу» деп айтқан. Ұлттық еріктілер желісі табиғи апат болған сәттен бастап ерекше белсенді болды. 50 мыңнан астам волонтер көмек керуендерін ұйымдастырды. Олар апат аймақтарына азық-түлік және басқа да қажетті заттарды жеткізуге атсалысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы ортақ іске мол септігін тигізді, – деді.
Мемлекет басшысы өздерін нағыз отаншыл әрі жауапты азамат ретінде көрсеткен еріктілердің еңбегін жоғары бағалап, оларды қазіргі заманның батырлары деп атады.
– Мен еріктілер қозғалысының дамуына айрықша мән беремін. Өздеріңізге мәлім, 2020 жылды Волонтер жылы деп жарияладым. Осы уақыт ішінде еліміздегі волонтерлік қызмет мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Еріктілердің күш-жігерінің арқасында маңызды бастамалар мен жобалар жүзеге асты. Ең бастысы, біз адамдардың мемлекет пен қоғам өміріне араласуға, адами құндылықтар мен қасиеттерге сай болуға деген ниетін ояттық. Еліміздегі жан-жақты жаңғырулардың қозғаушы күші – адам. Қолға алынған ауқымды реформалар табысты жүзеге асу үшін еліміздің барша азаматы күш біріктіруі қажет екеніне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Президент баспанасыз қалған адамдарға «Қазақстан халқына» қорынан тұрғын үй салуға қаражат бөлінгенін айтты. Жалпы, 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық баспана күрделі жөндеуден өтеді.
– Тасқынның зардабын жоюға бірқатар кәсіпкеріміз қомақты қаражат бөлді. Олар әрдайым туған елімен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне сай жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз – осы. Әрине, қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес, олардың кім екенін де жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады, – деді Мемлекет басшысы.