Жаңалықтар

6 млн теңге алиментін төлемей жүрген маңғыстаулық ұсталды

Оған ел аумағында іздеу жарияланып, ақыры баласына берешегін төледі.

Алимент бойынша оның 6 миллион теңге қарызы болған. Оған ел аумағында іздеу жарияланып, ақыры баласына берешегін төледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасынан хабарланды.

Жаңаөзен қаласының прокуратурасы алимент бойынша 6 млн теңге берешегі бар борышкерге қатысты Қылмыстық кодекстің 139-бабымен тіркелген қылмыстық істі сотқа жолдаған. 

Айыпталушы сотқа келуден жалтарған.

Сондықтан, қала прокурорының өтінішімен бұлтартпау шарасы қамаққа алуға өзгертіліп, борышкерге іздеу жарияланды.

— Жүргізілген іздестіру шаралары нәтижесінде борышкер Қостанай қаласынан табылып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта алимент бойынша берешегі толық өтелді. Қылмыстық іс қайта қаралу үшін сотқа жолданды, — дейді прокуратурадан.