Қоғам

Шымкент тұрғыны қытайлық инвесторды 530 миллион теңгеге алдап кеткен

otyrar.kz

Шымкент тұрғыны бұрын Қытайда тұрған әрі қытай тілін жетік білсе керек.

Қытайлық инвестор Шымкентте бетон зауытын салмақ болған, алайда ол алаяқтарға тап болып, қыруар ақшасынан айрылып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Шетелдік инвестор «Отырар» телеарнасының журналистеріне берген сұхбатында Шымкент тұрғыны бетон зауытын салуға көмектесемін деп 530 млн теңге алғанын айтады. Бірнеше жыл өткен соң инвестор зауыттың иесі де бола алмаған әрі ақшасын да қайтара алмаған.

Юхуа Хан онымен 5 жыл бұрын танысқан. Шымкент тұрғыны бұрын Қытайда тұрған әрі қытай тілін жетік білсе керек. Ол Юхуаны Қытайға арнайы шақырып, зауыт салатын аймақты көрсеткен. Сосын жер сатып алуға 120 млн теңге сұраған. Содан соң жақында зауыт құрылысын бастау үшін тағы ақша қажет болатыны айтқан.

Юхуа Хан, Қытай азаматы:

«Мұның бәрі карантинге дейін болды. Мен осында жұмыс істеуге келгенде алданып қалғанымды түсіндім. Мен Қытайда кәсіпкерлікпен айналысамын, бетон өндіретін зауытым бар. Осы жағдайдан соң полицияға және Қытай елшілігінің көмегіне жүгіндім. Олар маған күн сайын мәселенің мән-жайын айтып отыр. Дегенмен маған қиын. Мен бұл іске бола Қазақстанға жиі келіп тұрамын», – дейді инвестор.

Қытайлық инвестор ақшаны қайтаруын талап еткен кезде Шымкент тұрғыны құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтай алмай жатқанын айтып, оны Қазақстанда қытайлық көліктерді сатумен айналысуға көндірген. Ақырында Қытай азаматы 530 млн теңге ақша салған. Инвестордың қорғаушысы Самат Сапарымбеттің айтуынша, бұл істе шикілік өте көп.

Самат Сапарымбет, Юхуа Ханның қорғаушысы:

«Былтыр тамыз айының соңында Еңбекші ауданыдағы полиция бөлімінде қылмыстық іс қозғалды, алайда бұл іс ұзаққа созылып жатыр. Қытайлық инвесторды алдаған Қазақстан азаматы тергеу басталған кезде қамауға алынған болатын. Алайда бірнеше күннен соң оны босатқан. Қазір күдікті тергеу жұмысына кедергі келтіріп жатыр.  Алайда қолда барлық айғақ бар. Әрі куәгерлер де бар. Біз Бас прокуратураға аталған істе қандай заң бұзушылықтар болғанын баяндап, бірнеше шағым түсірдік», – дейді қорғаушы.