Жаһан

«Адамдар телефон пайдалануды тоқтатады»: Илон Маск ми импланттары жайлы айтты

Сурет: oxu.az

Жақын күндері тағы бір ерікті адамға Neuralink ми импланты орнатылуы мүмкін.

Американдық кәсіпкер, миллиардер Илон Маск болашақта адамдар гаджеттерді пайдаланудан бас тартады деп санайды. Өйткені оларға ми импланттары қажет болады, деп жазды turkystan.kz.

X әлеуметтік желісіндегі Not Elon Musk пародиялық аккаунтының авторы желі қолданушыларына «Миларыңызға Neuralink интерфейсін орнатасыздар ма?» деген сауал қойған. Бұл ретте Neuralink интерфейсі адамдарға телефонды ой күшімен басқаруға мүмкіндік беруді көздейтінін айта кеткен жөн. Ал жоғарыдағы жазбаға қатысты Илон Маск: «Болашақта телефондар болмайды, тек Neuralink болады» деп жауап берген.

Еске салайық, қаңтар айында Илон Маск бір адамға Neuralink импланты орнатылғанын және ол кісі өзін жақсы сезінетінін айтқан. Кәсіпкер чиптің жұмысы туралы алғашқы мәліметтер перспективалы нәтижелер көрсеткенін атап өтті.

Сондай-ақ ол жаңа Neuralink құрылғысы Telepathy деп аталатынын айтты. Оның көмегімен иесі смартфонды немесе компьютерді ой күші арқылы басқара алады. Бұл, ең алдымен, аяқ-қолды пайдалану мүмкіндігі жоқ адамдар үшін жасалған көрінеді.

Миында Neuralink импланты бар бірінші адам бұған дейін чипті күні бойы қолданатынын айтқан.

Айта кетейік, АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі Neuralink компаниясына екінші еріктінің миына Telepathy имплантын енгізуге рұқсат берді.