Қоғам

СҚО-да суға батып кеткен 3 баланың біреуі табылмай жатыр

СҚО ТЖД

Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында 16 жастағы екі жасөспірім суға кетті, деп хабарлады turkystan.kz сайты СҚО Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

Оқиға Тайынша қаласында 16 маусым күні сағат 16.30 шамасында болған.

Чаглинка өзеніне шомылуға барған 2008 жылы туған екі жасөспірім суға кеткен.

Бала Тайыншада тұрса, екіншісі Атбасар қаласынан келген. Екеуі де — Тәжікстан Республикасының азаматы. 

«Балалардың денесін тауып, алып шықтық. Сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Фамилиялары ұқсас, туыс болуы мүмкін. Қазір осы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деді департаменттің баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.

Ал 14 маусым күні Петропавлда Есіл өзеніне шомылуға барып, батып кеткен 10 жасар баланың денесі әлі табылған жоқ.

«Петропавлда Есіл өзенінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ересектердің бақылауынсыз тыйым салынған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен 2014 жылы туған жасөспірімнің денесі табылған жоқ. Іздеу жұмыстарына СҚО төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамынан 52 адам және 5 техника жұмылдырылды. Іздеуге бір су асты дроны және ұшқышсыз басқарылатын 2 ұшу аппараты қолданылған, оқиға орнында еріктілер мен полиция да жұмыс істеп жатыр», — деді департамент қызметкері Аман Әуесханов.