Оралдағы жарылыс: жансақтау бөлімінде жатқандар саны 4 адамға жетті
Тағы 4 ер адам политравма бөлімшесінде жатыр.
«Ел ырысы» базарында мал союға арналған орында газ баллонының жарылуы салдарынан жансақтау бөлімінде жатқандар саны 4 адамға жетті.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен нақтылағанындай, қазіргі кезде денесін күйік шалған 3 ер адам қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімшесінде ем алып жатыр.
«Тағы 4 ер адам политравма бөлімшесінде. Соның ішінде бұдан бұрын ауруханаға жатудан бас тартқан бір адам қайтып келді. Сонымен қатар облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген жасөспірімнің біреуі жансақтау бөлімінде. Екіншісі политравма бөлімшесінде. Облыстың штаттан тыс бас травматологы және аталған ауруханалар басшыларының қатысуымен арнайы консилиум өткізілді. Сондай-ақ Астана және Алматы қалалары апаттар медицинасы орталығы реаниматологтарымен және комбустиологтарымен бірлескен телемедицина жүргізілді. Емдеу тактикасы келісілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Оралда мал соятын орында газ баллоны жарылғанын жазған болатынбыз.