Қытай басшысы ЭКСПО көрмесіне қатысады

Қытай басшысы ЭКСПО көрмесіне қатысады

Қытай басшысы ЭКСПО көрмесіне қатысады
ашық дереккөзі

«Астана ЭКСПО–2017» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ахметжан Есiмов Қытайдың елiмiздегi Төтенше және өкiлеттi Елшiсi Чжан Ханьхуэймен кездестi. Ұлттық компания басшысы Қытай павильоны көрмедегi ең ауқымды әрi үздiк павильон болатынын атап өттi.

 

«Жуырда халықаралық көрмеге қатысушылардың III жиналысы өттi. Онда көрменiң дайындық және ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға берiлдi. Көрмеге жүз күнге жетпейтiн уақыт қалды. Халықаралық көрмелер бюросының басшысы Висенте Лоссерталес Астанадағы ЭКСПО-ның 25 жылдағы ең үздiк көрме болатынына сенiм бiлдiрдi. Бiз Қытай мемлекетiнiң көрменi өткiзудегi көрсеткен барлық қолдауларына ризамыз» дедi А.Есiмов.

Ханьхуэй мырза, өз кезегiнде, Қытайдың баламалы энергия көздерiне аса мән беретiнiн айтты. Әлем бойынша «Жасыл экономика» саласында аспан асты елi бiрiншi орын алады. Сондай-ақ, елшi «ЭКСПО–2017» көрмесiнiң ұйымдастырушыларына қытайлық павильонның дайындық және ұлттық секциясын дайындаудағы көрсеткен көмегi үшiн алғыс бiлдiрдi.

Айта кету керек, Қытай – «ЭКСПО–2017» халықаралық көрмесiнiң негiзгi серiктестерiнiң бiрi. Сонымен қатар, ҚХР көрмеге қатысуға бiрiншi болып ниет бiлдiрген елдердiң қатарына кiредi. Шығыстағы көршi мемлекет көрмеге туристердi көбiрек тартуға уәде берiп отыр.

«Бiздiң елдiң назары қазiр «ЭКСПО–2017» көрмесiне ауып тұр. Бұл шара Қазақстанның әлемдiк аренадағы беделiн өсiретiнiне сенiмдiмiз. Сондықтан да халықаралық көрмеге қытайлық инвесторлар мен туристердi жұмылдыруға өз тарапымыздан көмек көрсетемiз» дедi ҚХР елшiсi.

«ЭКСПО–2017» көрмесi ашылуына ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қатысады деп күтiлуде. Шара барысында Шанхай күнi (3 шiлде) мен Қытай Халық Республикасының ұлттық күнi (5 шiлде) аталып өтiлмек.+

Кездесу соңында Ханьхуэй мырза А.Есiмовтi Қытай мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауына 25 жыл толуына орай Құрмет грамотасымен марапаттады.