EURO 2024: Ерекшелікке толы дода
Бүгін басталатын құрлықтық сайыстың басқа бәсі биік жарыстардан бірнеше ерекшелігі бар. Әрі тарихта қалатындай жаңалығы да жоқ емес. Осы ретте аталған чемпионаттың бәрінен өзгеше қылатын деректерге шолу жасағанды жөн көрдік.
Бүгін Германияда жаһан жұрты көз тіккен доп додасы – Еуропа чемпионатының шымылдығы түріледі. Кәрі құрлықтың басты футбол мерекесі басталатын күн жақындаған сайын, БАҚ беттерінде түрлі мәлімет тарап, тіпті бапкерлер мен ойыншылар өзара сөз таластырып жатыр. Күні кеше Франция құрамасының шабуылшысы Килиан Мбаппе Еуропа чемпионатында бақ сынайтын әр құраманың ойын тактикасы күрделі болғандықтан, оны әлемдегі өте қиын турнир екенін айтып, сұхбат берген болатын. Форвардтың бұл сөзімен келіспеген Аргентина құрамасының капитаны Лионель Месси ізінше ESPN-ге берген сұхбатында «Еуропа чемпионаты – өте маңызды әрі мықты турнир. Алайда онда әлемнің үш дүркін чемпионы Аргентина, бес дүркін чемпион Бразилия және екі дүркін жеңімпаз Уругвай командалары ойнамайды. Бұлар – айтарлықтай күші мығым командалар. Мықты деп осы құрамаларға қарата айтуға болады», – деп кесіп айтты. Расында, әлем чемпионаты мықты ма, әлде Еуропа чемпионаты одан қызығырақ па – бұл – әлем жанкүйерлерінің бітпейтін дауы. Дегенмен бүгін басталатын құрлықтық сайыстың басқа бәсі биік жарыстардан бірнеше ерекшелігі бар. Әрі тарихта қалатындай жаңалығы да жоқ емес. Осы ретте аталған чемпионатты бәрінен өзгеше қылатын деректерге шолу жасағанды жөн көрдік.
1916 жылы Олимпиада өтуге тиіс болған стадион
Бір айға жалғасатын бұл байрақты бәсеке Германияның ең ірі 10 қаласындағы стадиондарда, атап айтсақ Берлиндегі «Олимпиаштадион» (74 475 адам сияды), Мюнхендегі «Альянс Арена» (75 024), Дортмундтағы «Сигнал Идуна Парк» (65 851), Штутгардтағы «МХП-Арена» (60 449) Дюссельдорфтағы «Меркур пиль Арена» (51 500), Франкфурттағы «Дойче банк парк» (48 000), Гельзенкирхендегі «Фельтинкс-Арена» (54 750), Гамбургтегі «Фолькспаркштадион» (51 500), Кельндегі «Рейн Энерги» (46 195) және Лейпцигтегі «Ред Булл Арена» (42 259) стадиондарында өтеді. Аталған 10 стадионның 9-ында (Дюссельдорфтан басқасы) 2006 жылы футболдан әлем чемпионатының ойындары өткізілген болатын. Спортсүйер қауым, әсіресе екі стадионның – әйгілі «Бавария» командасының үйі саналатын «Альянс Арена» мен ең көне кешен «Олимпиаштадионның» тарихын жақсы біледі. «Альянс Аренада» 2006 жылы әлем чемпионатынан бөлек, 2011 жылы Чемпиондар лигасының финалы, 2020 жылы Еуропа чемпионатының ойындары өткізілді. Бүгін ондағы шымылдық ашар ойында Германия құрамасы Шотландия командасына қарсы ойнайды. Ал 14 шілдеде өтетін финалдық кездесу атақты «Олимпиаштадионда» өтпек. Негізі, бұл спорт кешенінде 1916 жылы Жазғы Олимпиада ойындары өтуге тиіс болатын. Алайда Бірінші дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, ақырында тарихта тұңғыш рет ол ойындар өткізілмей қойды. Десе де, араға 20 жыл салып, 1936 жылы «Олимпиаштадион» төртжылдықтың басты додасын қабылдады. Одан кейін мұнда әлем чемпионатының екі ойыны (1974, 2006), Чемпиондар лигасының финалы (2015) және жеңіл атлетикадан көптеген ірі жарыс ұйымдастырылды. Дәл осы стадионда өткен әлем чемпионатында аузына құс тістеген жүйрік, ямайкалық Усэйн Болт 100 және 200 метрге жүгіруден рекорд орнатқан болатын. 8 дүркін Олимпиада жеңімпазы әрі 11 дүркін әлем чемпионы деген дардай атағы бар оның бұл рекордының мұртын бұзатын әзірге ешкім табылмай тұр.
Ең қымбат құрама қайсы?
Еуро-2024 турнирінің жалпы жүлде қоры – 331 млн еуро. Топтық кезеңде қатысқан 24 құраманың әрбірі 9,25 млн еуро көлемінде сыйақы алады. Бұл кезеңде өткізілетін 36 ойында жеңіске жеткендеріне 1 млн, ал тең есеп тіркегендерге 500 мың еуро қосымша бонус төленеді. 1/8 финалға өткен құрамалар 1,5 млн, жартылай финалға жеткен командалар 2,5 млн еуро сыйақы алады. Ал финалда жеңіліп қалған футболшыларға 5 млн еуро көлемінде сыйақы беріледі. Ал Еуропа чемионы атанған құрамаға 8 млн еуро көлемінде ақшалай сыйлық табысталады. Жуырда Transfermarkt.de сайты құрлықтық додаға қатысатын құрамалар сапындағы ең қымбат ойыншылар тізімін жариялады. Бірінші орынды Жуд Беллингем (Англия) және Килиан Мбаппе (Франция) өзара бөлісіп тұр. Әрбірінің трансферлік құны – 180 миллион еуро. Сондай-ақ үздік бестіктегі Фил Фоден (Англия) 150, Букайо Сака (Англия) 140, Флориан Вирц (Германия) 130 миллион еуроға бағаланған. Жалпы, сапында ең қымбат ойыншылары бар үздік үштікке Англия (1,5 млрд еуро), Франция (1,23 млрд) және Португалия (1,05 млрд) құрамалары кіреді.
Жасы ең үлкен ойыншы мен бапкер
Қарт құрлықтың басты додасына қатысатын аяқ доп шеберлерінің арасында жасы ең үлкен үш спортшы бар. Олар – Португалия құрамасының шабуылшысы 41 жастағы Пепе, оның отандасы 39 жастағы Криштиану Роналду және Хорватия құрамасының капитаны Лука Модрич (38 жас). Айта кетерлігі, Криштиану – Еуропа чемпионатына алтыншы рет қатысқалы тұрған тарихтағы тұңғыш ойыншы. Ол бұған дейін 2004, 2008, 2012, 2016 және 2020 жылдары өткен құрлықтық жарыста құрама намысын қорғаған болатын. «Мен Еуропаның алты чемпионатына қатарынан қатысқан тарихтағы тұңғыш ойыншы болатынымды мақтан тұтамын. Мен мұны қатты бағалаймын, себебі бұл менің мансабымның мерзімі ұзақ уақытқа жалғасып жатқанын айғақтайды. Алайда бұл – футболдағы мен жеткен жетістіктердің бір парасы ғана. Дегенмен ұлттық команданың алға қойған мақсатына жетуіне көмектесу – мен үшін үлкен құрмет», – дейді ол УЕФА-ның ресми сайтына берген сұхбатында. Германия құрамасын былтырдан бері жаттықтыратын 36 жастағы Юлиан Нагельсман чемпионаттың ең жас бапкері деп танылды. Сонымен қатар бұл тізімде Бельгия құрамасын баптайтын 38 жастағы Доменико Тедеско да бар. Ал ең жасы үлкен бапкерлер қатарында Ральф Рангник (Аустрия құрамасы) мен Лучано Спаллетти (Италия құрамасы) бар. Екеуі де 65 жаста.
Грузия мен Сербия командалары бірінші рет қатыспақ
Төрт жылда бір өтетін теңбіл доп тартысының іріктеу турнирлеріне жалпы саны 53 құрама қатысты. Оның ішінде 20 команда іріктеуден іркілмей өтсе, 12 құрама Ұлттар Лигасында ойнатылған 3 жолдама үшін таласқа түсіп, ақырында Польша, Украина және Грузия командалары топ жарып шықты. Ал Германия құрамасы алаң иесі ретінде іріктеу сайыстарына қатыспай, бірден топтық турнирде бой көрсетеді. Немістер 1972 жылдан бері кәрі құрлық чемпионатына үздіксіз қатысып келеді. Айта кетерлігі, 1960 жылдан бері өткізіліп келе жатқан тұғыры биік бұл жарыста Грузия мен Сербия командалары биыл бірінші рет бақ сынап көрмек. Бұған дейін 16 рет ұйымдастырылған Еуропа чемпионатында олжаға ең көп кенелген үш үздік құраманы ерекше атап өтуге болады. Көш басында Германия құрамасы тұр. 1972, 1980 және 1996 жылдары чемпион атағын иеленген немістер 1976, 1992 және 2008 жылдары күміс жүлдені місе тұтқан болатын. Испания құрамасы да үш рет (1964, 2008, 2012) жеңіс тойын тойлаған әрі 1984 жылы финалисі атанды. Үздік үштікті Италия командасы түйіндейді. 1964 жылы екінші рет өткізілген Еуропа чемпионатында атой салған италиялықтар араға 53 жыл салып, 2020 жылы өткен соңғы чемпионатта жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ 2000 және 2012 жылдары финалға дейін іркілмей жеткен олар ақырында Франция және Испания құрамаларына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен бүгіннен бастап топтық турнирде мына құрамалар өзара кім мықтыны анықтайды:
«А» тобы – Германия, Шотландия, Мажарстан, Швейцария. «В» тобы – Испания, Хорватия, Италия, Албания. «С» тобы – Словения, Дания, Сербия, Англия. «D» тобы – Польша, Нидерланд, Аустрия, Франция. «Е» тобы – Бельгия, Словакия, Румыния, Украина. «F» тобы – Түркия, Грузия, Португалия, Чехия.
Әр топта жоғары нәтиже көрсеткен екі команда әрі 3-орын алғандар арасында ең көп ұпай жиған 4 ұлттық құрама 29 маусымда басталатын плей-офф кезеңінде шеберлік байқасады. Ширек финалда кімнің мықты екені 5-6 шілдеде анықталса, ал жартылай финал 9-10 шілде аралығында өткізіледі. Ал жарыс жеңімпазы 14 шілдеде жоғарыда атап өткен «Олимпиаштадионда» анықталады.
Adidas-тан чипі бар доп және Альберт
Adidas әзірлеп шығарған Еуро-2024 турнирінің ресми добын көпшілік «ақылды доп» деп атап жүр. Оның бұрын қолданылған доптардан басты ерекшелігі – онда микрочип кіріктірілген. Times басылымының мәліметінше, ол доп Connected Ball технологиясымен жабдықталған. Төреші ол арқылы ойыншының допқа қолы тиген-тимегенін, оффсайдта болған-болмағанын әрі доптың қақпаға салынған уақытын анықтай алады. Әлгі чип доптың ұшу траекториясына немесе соққы күшіне әсер етпейді. Дегенмен ол секундына 500 рет доптың нақты орналасқан жері туралы мәлімет бере алады. Осылайша, төрешілер VAR бейнеқайталау жүйесінің көмегіне жүгінген кезде уақыт созбай әрі дауға ұластырмай тез шешім қабылдай алады. Бұл чемпионаттағы тағы бір ерекшелік – бірінші рет талисман ретінде қонжықтың таңдалуы. Бұған дейінгі чемпионаттарда маскот ретінде фристайлшы Скиллзи, супер Виктор секілді адам есімдері мен арыстан, көжек, әтештің бейнесі пайдаланылған болатын. Биыл УЕФА-ның ресми сайтының қолданушылары мен Еуропа оқушылары арасында дауыс беру жүргізіліп, нәтижесінде басты доданың маскоты ретінде қонжық таңдалды. Әрі оқушылар ұсынылған 4 нұсқаның ішінен ол қонжыққа Альберт деген есім берді.
Ең таза әрі шығыны аз чемпионат
Бұл чемпионаттың алдыңғы жарыстардан бірнеше басты өзгешелігі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Еуро-2024 экологиялық тұрғыда ең таза чемпионат ретінде тарихта қалмақ. УЕФА-ның ресми сайтында чемпионат барысында экологиялық мәселелер айрықша ескерілетін жаңашылдықтар туралы баса айтылған. Топтық кезеңдегі ойындар тек екі аймақтық кластерде өткізіледі. Ойын кестесін бұлай құрудағы басты мақсат – ойын өтетін қалаларға жүріп өтетін қашықтықты қысқарту. Мұның нәтижесінде футболшылар мен жанкүйерлер ол орындарға тез жете алады. Тиісінше, көліктерден шығатын көміртек тотығының ауада таралуы да азаяды. Мұндай ірі додалар қарсаңында көп ел арнайы спорт кешендерін салдыртатынын байқап жүрміз. Алайда Германия Үкіметі бұл чемпионат қарсаңында ешқандай жаңа стадион, жаңа әуежай немесе автобан салмады. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл чемпионатты шығыны аз турнир ретінде тарихта қалатынын тағы болжап отыр.
«Кейбір стадиондардың орналасқан жері бізге пайдасын тигізді. Ал Германияда темір жол желілері өте тығыз әрі заманауи стильде салынған. Соған байланысты біз жаңа стадиондар салуға мәжбүр болмадық. Біз көп адам көліктен гөрі, пойызбен жүргенін қаладық. Осылайша, әр адам климатқа алдымен өзі жауапты екенін түсінсе дейміз. Ол үшін жанкүйерлерге 36 сағат бойы тегін жүруге мүмкіндік беретін жүйе ойлап таптық. Бұл әрі арзан әрі климатқа зияны келтірмейді», – дейді EURO 2024 GmbH директоры Андреас Шер.
УЕФА немістің VDV (Verband Deutscher Verkehrsunternehmen) Көлік тасымалдаушылар қауымдастығымен өзара келісімшарт жасасты. Келісімшарт ережесіне сәйкес, билет сатып алған әр жанкүйерге 36 сағатқа тегін жүруге мүмкіндік беретін жол жүру билеті туралы мәлімет жолданады. Осылайша, жанкүйерлер ешқандай қосымша билеттер сатып алмай-ақ, бір билетпен экологиялық таза пойыз арқылы қалаған стадионына оңай жете алады.
Сурет: AP