Экологиялық мәдениет жалпыұлттық идеологияға айналcа...
Экологиялық тиімділік индексінің 2024 жылғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан 180 елдің ішінде жалпы 40,9 балмен 93-орынға жайғасыпты.
Жадыраған жаз айы басталғалы адамдар жаппай табиғат аясына шығып, таза ауамен тыныстап, демалыс маусымын бастады. Демалыстың қай түрі болса да жақсы, алайда экологиялық мәдениетіміз қай деңгейде деген сауал санада қылаң береді.
Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл жағдайы – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін толық ауқымды экологиялық ревизия жүргізу керек екенін мәлімдегені есімізде.
«Біздің қоғамдағы экологиялық мәдениет мәселесі өте маңызды. Әлемдік экологиялық антирейтингте Қазақстан өкінішке қарай көшбасшы позициясында тұр. Біздің елде экологиялық проблемадан ада бірде-бір өңір жоқ. Туындаған бұл жағдай бізді ең батыл әрекеттерге шақыратын өте күрделі жағдай деп есептеймін», – деген болатын Президент.
Қазақстан 180 елдің ішінде 93-орында
Әлемдегі 180 елдің экологиялық көрсеткіштерін салыстырып, талдап әрі түсіндіретін Environmental Performance Index (EPI) деген көрсеткіш бар. Экологиялық тиімділік индексі соңғы жылдағы қолжетімді деректерді пайдалана отырып, мемлекеттерді экологиялық көрсеткіштеріне қарай бағалап, рейтинг жасайды және осы бағалаулардың соңғы онжылдықта қалай өзгергенін есептейді. Рейтинг елдердің климаттық өзгерістерге, экологиялық денсаулыққа және экожүйе өміршеңдігіне қатысты көрсеткіштерін бағалау үшін 58 көрсеткішті қолданады. Бұл көрсеткіштер елдердің экологиялық саясат мақсаттарына қаншалықты жақын екенін ұлттық деңгейде бағалайды. Индекс экологиялық көрсеткіштері жоғары және төмен елдерді анықтап, елдерге экологиялық тұрақтылыққа жету жолында практикалық нұсқаулар береді. Экологиялық тиімділік индексінің 2024 жылғы мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан 180 елдің ішінде жалпы 40,9 балмен 93-орынға жайғасыпты. Жақсы көрсеткіш деуге де, жаман көрсеткіш деуге де келмейді. Алдымызда – Кабо-Верде, Аргентина, Парагвай, Сальвадор, Тунис, Малави, Гвинея-Бисау, Боливия және Конго Республикасы бар екен. Ұйым жекелеген компонеттер бойынша Қазақстанның экожүйесінің өміршеңдігі – 48,10; экожүйенің саулығы – 48,60; ауаның сапасы – 28,60; су ресурстары – 27,50; ауыл шаруашылығы – 60,50; климаттың өзгеру саясаты 34,90 балды құраған. Экологиялық тиімділік индексі Қазақстанға әуе сапасы мен су ресурстары саласында экологиялық көрсеткіштерді жақсарту үшін әлі де едәуір жұмыс істеу қажет екенін көрсетеді. Бір қуанарлығы, соңғы он жылдықта Қазақстанның көрсеткіші 11,80 балға жақсарған. Рейтингтің көш басында Эстония тұр. Аталған ел соңғы жылдары парникті газдардың атмосфераға шығаруды шектеп келеді.
Экологиялық білім кімге керек?
Экологиялық білім мен тәрбие мәселесі 1970 жылы БҰҰ деңгейінде ұйымдастырылған «Адам және биосфера» бағдарламасын қабылдаудан басталған-ды. Жиында алғаш рет халықаралық деңгейде табиғат ресурстарын қорғау және оны тиімді пайдалану туралы бағдарлама жасалып, экологиялық сипат алған болатын. Сол кезден бастап дамыған елдер экологиялық білім туралы конференциялар өткізіп, шешімдер қабылдап, ғаламдық стратегиялық жоспарларын бекітті. 1992 жылы БҰҰ-ның Қоршаған ортаны қорғау және даму жөніндегі конференциясында экологиялық білім мәселесі туралы «Тұрақты даму үшін арнайы білім қажет» деген тұжырым жасалды. Ал қазақстандықтардың экологиялық білімі мен мәдениеті қандай деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Алайда соңғы жылдары жекелеген азаматтардың экологиялық санасы оянған сияқты. Жануарларға жасалған қатыгездікті, табиғатқа қарсы қиянатты, әрбір резонанстық жағдайды тез арада әлеуметтік желіде жариялап отырады. Бұл сең қозғалып жатыр дегенді білдіре ме деген сауалды жиһанкез блогер Динара Болатқа қойған болатынбыз.
– Бүгінде экологиялық мәдениет негізгі проблемалардың бірі. Алайда экономикалық, әлеуметтік мәселелер шешілмей жатқан кезде халықтың санасы экомәдениетке қарай бұрыла алмайды. Тағы бір ескеретін мәселе, біз экологиялық мәдениет, қоршаған ортаның ластануы туралы сөз қозғағанда Қазақстанды Норвегия, Финляндия, Жапония, Сингапур сияқты елдермен салыстырамыз. Аталған ел тұрғындарының әл-ауқаты жақсы, экономикасы дамыған. Брижит Бардо бізден мысықтардың құқығын талап еткені әлі есімізде. Біз әзірге үй жануарларын қорғайтын заң шығара алмаймыз. Өйткені бізде мысық тұрмақ, азаматтардың құқығы дұрыс қорғалмайды. Сондықтан да тұрмыстық мәселе шешілмей, көптің санасы экологиялық мәдениетке өзгермейді. Яғни, Маслоу пирамидасы бойынша халықтың базалық қажеттіліктері өтелгенде ғана санамызда өзгерістер пайда болады, – деді.
Шынын айту керек, Қазақстанда экологиялық мәдениетті арттыру мақсатында әртүрлі бастамалар іске асырылып жатыр. Мәселен, мектепте балаларға табиғатты қорғау және ресурстарды үнемдеу туралы айтылады, елде экологиялық акциялар мен сенбіліктер жиі өткізіледі, түрлі экологиялық қозғалыстар мен үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді.
– Экологиялық сананың ояу болғаны маңызды. Бүгінгі жастар бұл жағынан белсендірек. Олар көп жағдайда экологияны ойлап әрекет етеді. Кофе сатып алса, ішіп болғаннан кейін қағаз стақанын қайта өңдейтін жәшіктерге салады. Қайта өңделуге жататын материалдардан тігілген сөмкелерді, ыдыстарды қолданып, белгілі бір акцияларға қатысып жатады. Жаңаша, өзгеше, ерекше ойлайтын, санасы сергек жастарды қолдап, табиғатты аялау туралы фильмдер, әлеуметтік роликтер көрсетілсе, баннерлер ілінсе, үгіт-насихат жұмыстары жүргізілсе, құба-құп. Балаға агрессивті түрде айтқаннан, насихат түрінде көрсеткен нәтижелі болады. Мәселен, дамыған елдер Оңтүстік Корея немесе Жапонияның өзінде әлі күнге көп нәрсе көшеде немесе метролардың ішінде роликтер арқылы түсіндіріледі. Сондықтан біз түсіндіруден шаршамауымыз керек. Бұл ретте біз әлеуметтік желіні тиімді құрал ретінде пайдалана аламыз. Сонымен қатар үй жануарларына жасалған қорлау әрекеттерін, табиғатты бүлдіру сынды заңбұзушылықты байқаған әрбір адам әлеуметтік желі арқылы өз көзқарасын білдірсе, көптің назарын сол мәселеге аударса, нәтижелі болады, – деп қорытты ойын жиһанкез блогер Динара Болат.
Кезінде экономика ғылымдарының кандидаты Жақсыбек Құлекеев балаларға экологиялық мәдениетті мультфильм немесе қызықты видео, интерактив арқылы үйрету керек деп ұсынған болатын.
– Мұндай жердің табалдырығынан бастап танымдық мәні болуы керек. Одан бөлек, экологияға балалардың, ересектердің көзқарасы қандай екенін білу үшін ғылыми, әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Астана, Алматы, Шымкентке экомектеп, экосаябақ салу қажет. Астанада тіпті зоосаябақ жоқ, – деген болатын ғалым.
Халықтың экологиялық білімін арттырып, мәдениетін көтеріп, санасын өзгертуді балаларға экологиялық білім берумен ғана шектеуге болмас. Бала көзбен көргенін істейтінін есепке алсақ, табиғатқа жанашырлық таныту әуелі ата-анадан бастау алуы керек. Өйткені табиғат аясындағы демалыстан соң пластик бөтелкені тастап кететін, өзен-көлді ластайтын, жануарлар мен құстарды ататын, тіпті шылымның тұқылы мен шемішкенің қалдығын тастайтын көбінесе үлкендер. Алайда мына бір парадокс назар аудартпай қоймайды. Мәселен, шетелге қыдырып барған отандастарымыз сол жақта жүрген жерлерін жинап, тәртіп сақтайды. Себебі сол елдің заңы қатал екенін, жат жерде ешқандай проблемаға ұрынбай аман-есен қайтуды ойлайды. Ал өзіміздегі демалыс аймағына, табиғат аясына шыққанда, керісінше, тамағының қалдығын шашып, айналасын бүлдіріп кетеді. Қайтпек керек, тұрғындарға қолданылатын жазаны, тәртіпті қатаңдату керек пе?
Жапониядағы Токай университетінде бакалавр, магистратура, докторантура бітірген Сәуле Жолдаяқова экологиялық білім әр адамға керек деп санайды.
– Экологиялық мәдениет, ең алдымен, әр адамның бойындағы жалпы мәдениетіне, отбасындағы тәрбиесіне орай қалыптасады. Мысалы, жапондардың табиғатқа деген көзқарасы, қарым-қатынасы «үйлесіп, үндесу» философиясынан бастау алады. Табиғатпен үйлесіп өмір сүру, жыл мезгілдеріне тән ерекше құбылыстарды қалт жібермеу – Жапонияда ежелден қалыптасқан дәстүр. Жапон халқының табиғатқа зиян келтірмеу ұстанымы «моттайнай» деген өмір стилінен байқалады. Бұл сөз қазақтың «ысырап» немесе «обал болады» дегеніне келеді. Табиғи ресурстарды шектен тыс қолданбаймыз, қажеттен артығын алмаймыз деген қағида. Бүгінде бұл ұстаным дүние жүзіне кең таралып отыр, – дейді PhD докторы Forbes журналында жариялаған сараптамалық мақаласында.
Ғалымның айтуынша, қоқысты сұрыптау жапондықтардың күнделікті әдеті. Олар қоқысты шығаруда оның сұрыпталған түріне орай, өз күні, өз тәртібі бойынша реттейді. Елдің табиғи ресурсы шектеулі болғандықтан, қоқысты энергия көзіне айналдыруға баса мән береді.
– Жапондар арасында «Қоқысты сол күйінде тастай салсаң, қоқыс болып қала береді, ал сұрыптасаң, ресурсқа айналады» деген тәмсіл бар. Бұл мәселеде – 3R: Reduce. Reuse. Recycle жүйесі қолданылады. Оны қазақша «3Қ: Қысқарту. Қайта қолдану. Қайта өңдеу» деп аударуға болады, яғни: қажетіңді ғана қолдан, алғаныңды қайта қолдан, шегіне жеткенде, қайта өңде деген мағына береді, – дейді экология жанашыры.
Қазақстандықтардың экологияға деген көзқарасы әртүрлі деңгейде қалыптасып отыр. Алайда жыл сайын біртіндеп жақсарып, адамдардың экологиялық мәселелер туралы хабардар болу деңгейі артып, табиғатқа деген жанашырлығы мен жауапкершілігі артып келе жатқандай. Көптеген қазақстандық қалдықтарды сұрыптап, энергияны үнемдеп, экологиялық таза көліктерді пайдаланып, саналы түрде әрекет ете бастады. Дегенмен әлі де көптеген жұмыс атқарылып, экологиялық білім мен мәдениетті одан әрі арттыру қажет екені анық.