Астанада әскери техниканы дамыту перспективалары талқыланды
Іс-шара қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту мәселелерінде нақты болжамдарды қалыптастыруға, сондай-ақ осы саладағы перспективалық ғылыми-техникалық ізденістерді айқындауға ықпал етуге арналғанын атап өту керек.
Ұлттық қорғаныс университетінде қару-жарақ пен әскери техниканың қазіргі даму тенденцияларына арналған II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Оған Қорғаныс министрлігі бейінді департаменттерінің басшылары, Қазақстан Қарулы Күштері түрлерінің, қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының, Қазақстан әскери және азаматтық жоғары оқу орындарының, Ресей Федерациясы Қарулы күштері Жуков орденді жалпыәскери академиясының және АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің өкілдері қатысты. Жиналғандар алдында сөз алған Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков қару-жарақ пен әскери техника жүйелерін табысты дамытудың міндетті шарты ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу екенін айтты. Бұл ғылыми-техникалық жұмыстар жаңа әзірлемелер мен өндірістерге негіз бола алады. Іс-шара қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту мәселелерінде нақты болжамдарды қалыптастыруға, сондай-ақ осы саладағы перспективалық ғылыми-техникалық ізденістерді айқындауға ықпал етуге арналғанын атап өту керек. Конференция барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің дамуына байланысты көптеген теориялық және практикалық мәселе талқыланды. Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді, экипажсыз кемелерді, зымыран-артиллериялық қару-жарақты, сауытты танктерді, автомобиль техникасын дамытуға және оны қалпына келтіру ерекшеліктеріне арналған баяндамалар оқылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту перспективалары, жоғары білім беру ұйымдары жанындағы әскери кафедраларды қару-жарақпен және әскери техникамен қамтамасыз ету ерекшеліктері талқыланды. Баяндама тақырыптары ғылым мен техниканың әскери-саяси және әскери-стратегиялық мәселелерді шешудегі рөлінің артқанын көрсетеді. Баяндамашылар атап өткендей, қазіргі жағдайда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы және қару-жарақ жүйесіне инновациялық шешімдерді енгізу қарулы күресті жүргізу тәсілдеріне айтарлықтай әсер етіп, жаңа талаптар қоймақ. Бүгінде әлемдегі жетекші ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық орталықтар қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа және перспективалы үлгілерін әзірлеуге назар аударды. Конференцияның практикалық құндылығы сол, онда айтылған ұсыныстар отандық компаниялар мен ҚӨК кәсіпорындары үшін бағдар бола алады.