2 мыңнан астам жемқорлық әрекеті анықталды
Бүгінде комплаенс-қызметтер осы сектордың 6 мыңнан астам ұйымдарында жұмыс істейді.
2020 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда алғаш рет жемқорлыққа қарсы комплаенс институты іске қосылған болатын. Оның негізгі міндеті – жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету.
Бүгінде комплаенс-қызметтер осы сектордың 6 мыңнан астам ұйымдарында жұмыс істейді. 2022 жылдан бастап олардың атқарушы органнан тәуелсіздігі қамтамасыз етілді, олар тек жоғары басқару органына есеп береді. Ал 2023 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің қызметін үйлестіру және бірыңғай үлгілік ережені әзірлеу құзыреті берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2023 жылы комплаенс-офицерлердің біліктілігін арттыру мақсатында 10-нан астам конференциялар мен семинарлар өткізді. Еліміздің барлық өңірлерінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектептері» ұйымдастырылған, онда жетекші отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен оқыту жүргізіледі. Нәтижесінде, өткен жылы ғана комплаенс-офицерлер 2,2 мыңнан астам жемқорлық әрекетін анықтаған. Олардың ішінде 70 мүдделер қақтығысы және бұрын жемқорлық құқық бұзушылық жасаған адамдарды жұмысқа қабылдаудың 5 фактісі бар. Барлық аталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылданып, квазимемлекеттік сектордың 5 басшысы әкімшілік жауапкершілікке, ал 57 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Институт қызметін жетілдіру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет комплаенс-процестерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл сын-қатерді азайтуды, есеп беру және бақылау процестерін жақсартуды, ашықтық пен тиімділікті арттыруды қамтамасыз етеді. Жалпы, Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы комплаенс институты даму үстінде. Ал қабылданып жатқан шаралар корпоративтік парасаттылықты арттыруға және жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етеді.