Тасқыннан зардап шеккен балаларға арналған «Талант тур-2024»
Тасқыннан зардап шеккен отбасыларға мемлекет ерекше қолдау көрсетіп жатыр
Көпбалалы отбасы Ербол мен Салтанат Рзиндердің баспанасы биыл суға кетті. Наурыз-сәуірде болған табиғи апат салдарынан олардың баспанасы жарамсыз деп танылып, бір отбасын емес, бүтін бір ауылды аудан орталығына көшіруге тура келді. Бір сәтте-ақ жиған-тергенінен, баспанасынан айырылу кім-кімге де оңай емес. Дегенмен тасқыннан зардап шеккен мұндай отбасыларға мемлекет ерекше қолдау көрсетіп жатыр. Осындай шарапатты сезінген Рзиндер отбасы бүгінде аудан орталығында самаладай жарқыраған үйге қоныстанып та үлгерді. Отбасының екі бірдей баласы Жамбыл және Ақмола облыстарындағы республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында демалып келді.
Қиын сәтте қолтығымыздан демеді...
Ербол мен Салтанат Рзиндердің шаңырақ көтергендеріне ширек ғасыр болды. Олар – Ақтөбе облысы Ойыл ауданына қарасты Екпетал ауылының тұрғындары. Көпбалалы отбасы. Екпетал деген бүтін бір ауылды жоқ қылған тасқынның зардабын Рзиндер отбасы да тартты. Бар жиған-тергенінен, ең бастысы – басындағы баспанасынан бір мезетте айрылған бұл отбасы да көппен бірге қиындыққа тап болды. – Өзім Екпеталдың қызымын. Жолдасым Ербол да осы ауылда туып-өскен. Екеуіміз шаңырақ көтеріп, 2001 жылдан бері Екпеталда тұрамыз. Бүгінде бес баланың ата-анасымыз. Жолдасым Ойыл орман шаруашылығына қарасты өрт сөндіру стансасының бастығы, ал мен ауыл кітапханасында кітапханашы болдым. Биыл соңғы рет 1993 жылы болған тасқын қайталанып, ауылымыз түгелдей су астында қалды. Мен балаларыммен алдын ала эвакуацияланып, аудан орталығына кетіп қалғанмын. Қазір Ойыл аудандық орталық кітапханасына жұмысқа тұрдым. Үйімізді су басқан шақта балаларымызбен далада қалғанымыз рас. Алайда мемлекеттің қолдауының арқасында бүгінде аудан орталығынан дайын үй сатып алып, қоныстанып та үлгердік, – дейді Салтанат.
Жаңа үйдің тұрғындары
Рзиндер отбасы аудан орталығы – Ойыл ауылынан құны 17 миллион 300 мың теңгеге «Болат Өтемұратов қоры» арқылы дайын үй сатып алыпты. Іші кең әрі жарық үй отбасы мүшелеріне қатты ұнаған. Бау-бақша егетін алаңы бар, ауласы да кең үйге көпбалалы отбасының қоныстанғанына көп бола қойған жоқ. – Осындай қиын сәтте қолтығымыздан демеп, сүйеу бола білген жандарға, әсіресе бірлігі жарасқан еліміздің, мемлекетіміздің шарапатын сезінгенде, көзімізге еріксіз жас келді. Қалтамыздан бір тиын шығармай-ақ, аудан орталығынан зәулім үйлі болып, қалыпты өмір сүріп жатырмыз. Басымызға қиындық туғанда жалақымыз да үзілмей, төленіп жатты. Қазір аудандық орталық кітапханаға штаттық режимде жұмысқа қабылдандым. Жұрт қатарлы күнімізді көріп жатырмыз. Балаларымыздың да оқуы үзілген жоқ. Мектеп жасындағы екі ұлым табиғи апат кезінде Жамбыл және Ақмола облыстарындағы оқу-сауықтыру орталықтарында оқып әрі демалды. Ұлдарымның лагерьден алған әсері ерекше. Бұған дейін Ақтөбе облысы аумағындағы жазғы демалыс лагерьлеріне ғана барып жүрген балаларым бұл жолы Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ», Ақмола облысындағы «Балдаурен-Щучинск» лагерьлерінде екі апта болып қайтты, – дейді Салтанат.
500 баланың қуанышы
Ақтөбе облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, тасқын суға байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған Ақтөбе облысының алты ауданындағы балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді өткізу мақсатында облыста «Талант тур-2024» мәдени-ағартушылық, танымдық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Екі маусымнан құралған жобаға алты ауданнан 500 бала қатыстырылыпты. – Өңірімізде болған көктемгі су тасқынына байланысты Алматы, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды облыстарында орналасқан сауықтыру орталықтарында Ақтөбеден 343 бала демалды. Сонымен қатар аймақта төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен аудан балаларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың мәдени-ағартушылық, танымдық бағытта білімін кеңейту, қолдау және жазғы демалыс уақытын ұтымды өткізу мақсатында «Талант тур-2024» мәдени-ағартушылық, танымдық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба екі маусымнан тұрады. Қазір төтенше жағдай жарияланған алты ауданнан, яғни Әйтеке би, Ойыл, Темір, Ырғыз, Мұғалжар және Қобда өңірлерінен бұл жобаға 500 бала қатыстырылды, – деді Нұргүл Бертілеуова.
Тур және тимбилдинг
Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, «Талант тур-2024» жобасы аясында балалар қалаға және кері қарай арнайы жол қызметкерлерінің бақылауымен автобустармен жеткізіледі. Жобаны жүзеге асыруға 15 миллион теңге қарастырылған. – Бағдарламаның басты мақсаты – үшкүндік мәдени-танымдық жоба арқылы балалардың әлеуметтік-психологиялық ахуалын жақсарту, баланың тұлғасын дамыту, дене, психикалық және эмоционалдық денсаулығын бекіту, сауықтыру және бос уақытын қызықты ұйымдастыру. Сонымен қатар оларды ұжымдылыққа тәрбиелеу, коммуникативтік білікті, рухани қасиеттерді дамыту, – деді білім басқармасының өкілі. Жоба бойынша 3-5 маусым аралығында ұйымдастырылған бірінші маусымға Мұғалжар, Ойыл, Темір аудандарынан 250 бала, 7-9 маусым аралығында өткен екінші маусымда Қобда, Ырғыз, Әйтеке би аудандарынан 250 бала тартылды. Демалуға келген балалардың жас ерекшелігі – 5-10 сынып оқушылары. – Облыс орталығына үшкүндік демалысқа келген балалар үшін іс-жоспар құрылды. Алғашқы күн «Ашық аспан астындағы белсенді демалыс» деп аталды. Жобаға қатысушыларды салтанатты жағдайда күтіп алып, топтарға бөліп, орналастырғаннан кейін, «Менің есімім» тақырыбында танысу тренингі және ұжымдық шығармашылық жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ әлеуметтік тәжірибе, ортаға араласуы, жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылық жұмыспен айналысудағы қабілеттерін де білуге тырыстық. Одан әрі лагерь жұмысы мәдени, сауықтыру және ойын блогы арқылы өз жұмысына кірісті. Мәселен, сауықтыру блогында балалар қаладағы демалыс базаларының бірінде тынығып, сол жерде тимбилдинг ұйымдастырылып, түрлі локацияда фотосессиялар жүргізілді. Еркін форматта өткізілетін түрлі іс-шараларға да балалар белсенді араласуға мүмкіндік туғызылды, – деді Нұргүл Бертілеуова. Жобаға қатысқан балалар демалыс базасының су жағасында орналасқан жазғы мейрамханада тамақтанып, катерге мініп, табиғат сұлулығын тамашаласа, енді бір топ күштерін арқан саябағында сынады.
Жобаға қатысқан балалар
Жобаның екінші күнінде балаларға «Біз спортты жақсы көреміз» флешмобы ұйымдастырылып, «Бәріміз біріміз үшін» тренингі және ұжымдық-шығармашылық жұмыстар өткізілген Ақтөбе қаласындағы ойын-сауық орталығында кинопаркке барған балалардың көңілі де шат-шадыман болып, одан әрі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі, облыстық тарихи өлкетану музейі сияқты орталықтар мен көрікті жерлерде мәдени дамыту саяхаты ұйымдастырылыпты. – Демалыс турының үшінші күні де арнайы іс-шаралар жоспарланған. Біз бұл күнді «Мәдени демалыс» деп атадық. Бұл күні балалар әдеттегідей таңертеңгілік «Біз шапшаңбыз, жүйрікпіз!» ертеңгілік жаттығудан соң «Эмоционалды калейдоскоп» психологиялық тренингі мен «Жалын» спорттық туризм, «Аялы алақан» жас волонтерлар және «Жас эколог» экологиялық отрядтарының қатарында болады. Бұл күні «ЖасDOSTAR» кешінде аудан балалары өз өнерлерін де көрсетті, – дейді Н.Бертілеуова. Білім басқармасы мамандары тасқыннан зардап шеккен отбасы балалары үшін осындай демалыс ұйымдастырған жоба бүгінде өз мақсатына жеткенін айтады. – Балалар үшкүндік маусымның бағдарламасына сәйкес өткізілген іс-шараларға белсене қатысты. Оларға лагерьдің жабылу рәсімінде мадақтамалар мен номинациялар, ал олардың жетекшілері ретінде тағайындалған ауданның мектеп мұғалімдеріне Алғыс хаттар табысталды. Үшкүндік мәдени-танымдық жоба арқылы балалардың эмоционалдық денсаулығы бекітілді, – деді Нұргүл Бертілеуова. Тасқын кезінде зардап шеккен отбасы балалары үшін бұл жобадан бөлек, жоғарыда атап өткеніміздей, республикалық сауықтыру-демалыс орталықтарына жіберу мәселесі де аймақта жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, бүгінгі таңда Алматы облысындағы «Тау Тұран» сауықтыру орталығында – 100 оқушы, Жамбыл облысындағы «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығында – 50 бала, Ақмола облысындағы «Балдәурен-Щучинск» республикалық оқу-сауықтыру орталығында – 75 оқушы, Түркістан облысында орналасқан «Балдәурен-Түркістан» оқу-сауықтыру орталығында ақтөбелік 28 бала, Алматы облысындағы «Балдәурен-Қонаев» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 48 оқушы демалса, Қарағанды облысындағы «Балдәурен-Балқаш» оқу-сауықтыру орталығында Ақтөбе облысынан барған 42 оқушы тынығып қайтыпты. – «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығының бесінші ауысымына жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланған Қобда және Ойыл аудандарынан 8 оқушы демалуға барады. «Жаздық жолдама» жобасы аясында да осындай өңірлерден 36 бала лагерьмен қамтылатын болады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова.
P.S. Мақаламыздың басында айтқан Рзиндер отбасының екі ұлы – Жансерік пен Нұрсат «Талант тур-2024» жобасына да қатысып қайтты. Облыс орталығындағы үшкүндік демалыстан ауылдарына тың күшпен қайтқан балалар бүгінде ата-аналарына үй шаруасында қолғабыс етіп жүр.
Айару СЕРІК, Ақтөбе облысы