T-LIFE

"Отбасы банкі" толыққанды даму институтына айналады

сурет: parlam.kz

Заң екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды.

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. 

 

Заң жобасында Отбасы банкін «толыққанды даму институты» етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген.

Депутат Лұқбек Тумашиновтың баяндамасына сүйенсек, «Тұрғын үймен қамту орталығы» жаңа электрондық мәліметтер базасын құру қөзделіп отыр. Онда тұрғын үйге мұқтаж, Отбасы Банкінде тіркелген азаматтар туралы мәліметтер болады.

Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын   бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма  енгізілген.

Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ, Отбасы Банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады. Үкіметтің оң қорытындысы бар. 

Екіншіден, Заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты. Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін  тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен  алуға мүмкіндік береді, – деді депутат.

Үшіншіден, жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Бұл ұсыныс та қолдау тапқан. 

Төртіншіден, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды.  Депутаттардың түзетуіне Үкіметтің оң қорытындысы бар. Одан бөлек, асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды.

Заң жобасы бойынша 557 ұсыныс енгізілген. Заң екінші оқылымда мақұлданып, Сенатқа жолданды.