Жаңалықтар

Үйлену тойында оқ атқандар қатаң жазалануы керек – Нартай Сәрсенғалиев

сурет: parlam.kz

Бұл елдің заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрінісі екенін айтқан депутат абырой болғанда, қаңғыған оқтан жапа шеккен азамат жоқ екенін жеткізді.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылындағы үйлену тойында болған оқиғаға қатысты мәселе көтерді. 

 

Қазақ «Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» дейді. Өкінішке орай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өздерін өзгелерден биік қоятын ауруға шалдыққан. Оның емі қатаң жаза ғана. Нақты мысалы күні кеше ғана  Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болды. Үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып оқ атып қызық қуған. Қымбат көлік, көп ақша заңды белден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкелмеуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе?, – деді депутат.

Бұл елдің заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрінісі екенін айтқан ол абырой болғанда, қаңғыған оқтан жапа шеккен азамат жоқ екенін жеткізді.

Бірақ үрейленген халықтың көңілі күпті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз,  ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастырымыз жүретін көшеде қызық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат берді? Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны  қайдан алған? Әлде оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме? Бұл – желіккен жастардың жәй ғана бұзақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заңға ашық қарсылығы. Халықтан, елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауапты құқық қорғау органдарынан еш айылын жимай, «Ал, не істеп аласың?» деп дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, азаматтардың өмірін қатерге тігіп ауылдың ортасында оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап жазадан құтылып кетпеу керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты. Жаман әдет жұққыш келеді. Ертең бұларға еліктеушілер шығып, атыс ұйымдастырса не болмақ?!  Сол себепті бұл заң бұзушыларға заңға сәйкес шара қолдану процесі көпке жария түрде жүруі тиіс, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Қорыта келе, депутат жауапты органдарға мына шараларды қолға алуды ұсынды:

1. Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын күшейтіп, түлектердің кештерінде заңсыздық орын алмауы үшін рейдтер жүргізу қажет.

2. Прокуратура, Сот-тергеу органдары Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болған оқиғаны саралап, оған қатысы бар азаматтарға заңға сай қатаң жаза кесуі керек.

3. Ішкі істер министрлігі қарапайым азаматтардың қолындағы қару-жараққа инвентаризация жүргізіп, олардың заңға сәйкес келмейтіндерін тәркілеу қажет. Және осы саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді қатаңдату керек.

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз.