Қоғам

Дильназ Ахмадиева бала асырап алғысы келетінін айтты

Әншінің айтуынша, ел арасында ЭКО-ға қатысты қауесет көп.

Дильназ Ахмадиева "Jibek Joly" каналына берген сұхбатында бала көтере алмай жүрген әйелдерге кеңес берді, деп хабарлады turkystan.kz порталы Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Әнші Дильназ Ахмадиевада жатырдан тыс жүктілік болған. Дәрігерлер табиғи жолмен тыйым салған соң уақыт жоғалтпай ЭКО-ға барады. Бірнеше қайтара жасалған ЭКО-дан соң өмірге сәбиін әкелді. Әнші ел арасында ЭКО-ға қатысты қауесет көп екенін айтты.

"ЭКО-мен дүниеге келген балалардың өз баласы болмайды деп айтады. Тағы бір қауесет - ЭКО-мен дүниеге келген балалардан көбіне аутизм, Дауна ауруларының пайда болуы. Мен олардың арасынан еш байланыс көрмеймін. 15 адам осылай айтса, 3 адам басқаша айтады. Біз сол 15 адамды тыңдамай, 3 адамды тыңдадық. Ал нәтиже қандай болғанын өздеріңіз де білесіздер. Мен бұл жерде генетикалық мәселе бар деп ойлаймын", - деді ол.

Дильназ Ахмадиева болашақта қыз бала асырап алғысы келетінін жасырмады.

"Балалы болудан үміт үзуге құқығымыз жоқ деп ойлаймын, бәрі - жаратқанның қолында. Жаратқанның барына сенсеңіз, сеніңіз. Мен сендім. Ал оның қандай жолмен болғаны маңызды емес. Ол табиғи жолмен, ЭКО, суррогат ана арқылы болуы мүмкін. Егер қатты балалы болғыңыз келсе, бірақ сізде ондай мүмкіндік болмаса, бала асырап алуға болады. Депрессияға кіріп кетпеңіз. Бастысы, не үшін балалы болғыңыз келетінін ойлаңыз. 

Қазіргі жолдасыммен қарым-қатынасымыз жақсы болса, мен қыз бала асырап алуым мүмкін. Мен оған психологиялық дайындалып жүрмін. Бала көтеру, жүкті болу бөлек нәрсе, ал балаға ана болу басқа нәрсе. Қорқудың қажеті жоқ. Сенімді жоғалтпаңыз. Жағымсыз ойларды азайтыңыз", - деп кеңес берді әнші.