Руханият

Еліміздің бірқатар өңірінде «Ұлттық мұра» жобасы аясында ақындар айтысы өтіп жатыр

Өнерлі дода айтыстың барлық жанрын қамтыды: сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы.

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жезқазған қаласының Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде Республикалық ХХХІІ дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шара Қостанай және Ұлытау облыстары өнерпаздарының қатысуымен өткен Республикалық ақындар айтысынан басталды.

Өнерлі дода айтыстың барлық жанрын қамтыды: сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы. Атап айтар болсақ, сүре айтыста Төлеген Жаманов пен Айбек Қалиев сайысса, түре айтыста Сырым Нығызбай мен Айбар Рағатов сөз тартысты. Ал қайым айтыста Думан Самат пен Батырлан Сағынтай өнер көрсетсе, қыз бен жігіт айтысында Өміржан Көпбосын мен Жібек Шахмардан бақ сынады.

Айтыстың қазылар алқасына белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман төрағалық етті. Айтысты жүргізген – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай.

Қазылар алқасының шешімімен, Қостанай облысының командасы 193 ұпай жинап, келесі кезеңге жолдама алды. Күйші, жыршы, термешілерге 250 мың теңгеден, ал ақындарға 500 мың теңгеден қаржылай сыйақы сертификаттары табысталды.

Сондай-ақ Қостанай қаласындағы «Жастар сарайында» Алты Алаштың аяулы ақыны Қонысбай Әбілдің 70 жылдығына арналған «Тобыл-Торғай топжарғаны» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Шараны «AMANAT» партиясының қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырды.

Айтысқа көрермен күткен келелі сөз бен кестелі ойды өлеңмен өрген 12 ақын қатысып, Тобыл төрін жырға бөледі. Олардың қатарында Алматы қаласынан Шұғайып Сезімхан, Рүстем Қайыртайұлы, Қызылордадан Мұхтар Ниязов, Астана қаласынан Әсем Ережеқызы, Жамбыл облысынан Мұхтар Қоңарбаев, Түркістан өңірінен Аян Ниязбек, Ақтөбе жерінен Нұрбол Жауынбаев, Солтүстік Қазақстан облысынан Жарқын Жұпархан, Қостанай облысынан Айбек Қалиев, Салтанат Өтелбаева, Ғалымгерей Кенжеғозин, Батырлан Сағынтаев қатысты.

Дүбірлі сөз додасын ақын, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай жүргізді. Қазылар алқасының құрамында Жүрсін Ерман, халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Жазушылар Одағының мүшелері Ақылбек Шаяхмет, Құдайберлі Мырзабеков, Бауыржан Халиолла, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Сейфолла Шайынғазы, Дәулеткерей Кәпұлы болды.

Бұл айтыстың басты ерекшелігі — негізгі тақырыптан бөлек, әр жұпқа жеке-дара тақырыптар берілді. Мәселен алғашқы жұп Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов қазақтың дара тұлғалары Өзбекәлі Жәнібек пен Еркін Әуелбековті жырға арқау етіп, халықтың көкейінде жүрген өткір мәселелерді қозғады.

Аламан айтыстың нәтижесінде әділ қазылардың шешімімен Бас жүлдеге  Қызылорда тумасы Мұқтар Ниязов ие болды. Жеңімпаз — 3 миллион теңге ұтып алды. Бірінші орынға орамды сөзімен көпшіліктің көңілінен шыға білген айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев лайық деп танылып, 2 миллион теңгеге ие болды. Екінші орынды екі ақын алматылық Сезімхан Шұғаев пен астаналық Әсем Ережеқызы теңдей бөлісіп, әрқайсысына 800 мың теңгенің сертификаты табысталды. Жүлделі үшінші орынға да қос ақын алматылық Рүстем Қайыртайұлы мен ақтөбелік Нұрбол Жауынбаев тұрақтады. Оларға 600 мың теңгеден ақшалай сыйақы берілді.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында Ұлттық мәдениетті қолдау міндеті қойылған. Дамыған мәдениет ұлттың рухани бірлігінің негізі болуы керек. Осылайша, өз кезегінде партия халықтың көзі мен тіліне айналған айтыс өнерін тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға алды. Айта кетейік, қазіргі уақытта ақындардан құралған командалық айтыс ел көлемінде өтіп жатыр.