Спорт

«Астана» мен «Ақтөбенің» эмблемаларын аяқпен басқан: «Қайрат» клубы 1 млн 846 мың теңге айыппұл төлейтін болды

желіден алынды

«Қайрат» клубына 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

Қазақстан футбол федерациясының Әдеп жөніндегі комитетінің отырысында Қазақстан құрамасы мен «Қайрат» клубының капитаны Игита бастаған футзалшылар автобусқа дейін жанкүйерлер төсеп қойған қарсылас командалардың эмблемаларын басып өткеніне қатысты мәселе қарастырылды, деп хабарлайды ҚФФ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған отырыста қарсылас команданың атрибутикасына құрметсіздік танытқан «Қайрат» футзал клубы ойыншыларының спортқа жат әрекеттеріне қатысты мәселе қарастырылып, шешім қабылданды.

«Қайрат» АФК-ға 500 АЕК мөлшерінде айыппұл салынсын. Айыппұлды 2024 жылдың 10 шілдесіне дейін төлеу қажет;

«Қайрат» АФК бас директоры А.М.Құжановаға ескерту түрінде тәртіптік санкция берілсін;

«Қайрат» АФК аталмыш жағдайдың бастамашыларын (араңдатушыларын) тауып, түсіндіру жұмысын жүргізуге міндеттелсін. Нәтижесін 2024 жылдың 24 маусымына дейін хабарласын», – делінген хабарламада.