2 жасар бүлдіршінді күйдіріп алған балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды
2 жасар бүлдіршінді күйдіріп алған балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды
2 жасар бүлдіршінді күйдіріп алған Ақтөбе облысы, Хромтау ауданы, Бөгетсай ауылындағы балабақшаның меңгеруші мен тәрбиеші жазаланды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Оқыс оқиға 3 наурыз күні болған. Сол күні 2 жастағы Нұрай Өтеген түскі уақытта ұйықтап жатқан кезінде кереуетінен құлап кеткен. Құлаған бала жылу батареясына қыстырылып, аяғын күйдіріп алады. Бұл уақытта тәрбиеші балалардың жатын бөлмесінде болмаған. Арада 10 минут өткен соң келіп, бүлдіршіннің ата-анасына хабар берген.
Үйінде бірер күн ем алған баланың денсаулығы нашарлап, тамақ ішпей, түн ұйқысы бұзылған. Кейін оның ата-анасы Нұрай Өтегенді аудандық ауруханада емдетіп, дәрігерлердің нұсқауымен облыстық ауруханаға жатқызады. Дәрігерлер оған екінші дәрежелі күйік диагнозын қойды.
Балабақшадағы іс бойынша құқық қорғаушылар тексеру жұмыстарын бастады. Ал Хромтау аудандық білім бөлімі қызметтік тексеруден соң қорытынды шығарды. «Балабақша меңгерушісіне қатаң сөгіс берілді. Ал тәрбиеші жұмыстан шығарылды. Қазіргі уақытта қауіпсіздікті сақтау мақсатында балабақшадағы батареялардың барлығы қоршалды»,- деді облыстық білім басқармасының бас маманы Әмина Нұрманова.