Жаңалықтар

Қызылорда облысында қылмыстық топ адам ұрлап, мүлкін тартып алумен айналысқан

Polisia.kz

Күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін дәлелдеу олардың криминалдық байланыстарының көп болуымен қиынға соқты.

Мамыр айында Қызылордада Ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратураның үйлестіруімен аймақтағы қылмыстық топтың жетекшісі мен мүшелерін ұстау бойынша арнайы операция жүргізді, деп хабарлады turkystan.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

– Ұстаудың алдында оларға қатысты ұзақ мерзімді жедел іздестіру шаралары жүргізілген. Күдіктілердің қылмыстық әрекеттерін дәлелдеу олардың криминалдық байланыстарының көп болуымен қиынға соқты. Барлық факті бойынша тексеру жүргізілуде. Топ мүшелері өз мақсаттарын іске асыру үшін адамдарды ұрлап әкетіп, мүлкін тартып алып, қылмыстық қақтығыстарға қатысқан. Сондай-ақ олардың ойын-сауық мекемелеріне қылмыстық қамқорлық көрсетуге, құрылыс және ауыл шаруашылығы саласында бопсалауларға қатысы тексерілуде. Топтың негізгі мүшелері қамауға алынды. Атыс және травматикалық қару, ірі мөлшерде қаражат тәркіленді. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізілуде, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.