Шамалған ауылында ер адам әйелін 6 мың теңге үшін ұрып-соққан (ВИДЕО)
Видеода ер адамның не істеп жатқаны көрінбейді, бірақ оның не туралы айтып жатқаны анық естіледі.
Алматы облысы Шамалған ауылында ер адам ақша үшін әйелін соққыға жыққан. Оқиғаны куәгерлер жатақханалардың бірінде видеоға түсіріп алған.
Видеода ер адамның не істеп жатқаны көрінбейді, бірақ оның не туралы айтып жатқаны анық естіледі.
Ол әйелге айқайлап, ақшаны неге сұрағанда жібермегенін айтып, ұрыс шығарған. Жәбірленуші автобуста келе жатқандықтан, өзін нашар сезініп, жібере алмай қалғанын айтып ақталды.
Алайда ер адам 6 мың теңгені қайда салғанын түсіндіруді талап ете бастады. Қатты балағаттап, қорлай бастады. Содан кейін соққылар мен әйелдің жылаған даусы естілді.
Аталмыш видеодағы жағдайға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті түсінік берді.
«Бұл факті бойынша полицияға хабар түспеді. Ақпаратты тексеру үшін мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Ерлі-зайыптының арасында отбасылық жанжал болғаны анықталды. Әйел күйеуінің соққыға жыққанын жоққа шығарып, шағымы жоқ екенін айтты. Ол арыз жазудан бас тартып отыр. Полицейлер денсаулыққа жеңіл зиян келтіру фактісі бойынша жиналған материалды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді», – деді Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.