Олимпиада жолдамасын алғаныма әлі сенбей жүрмін – Мұхамедсабыр Базарбайұлы
Олимпиаданы бағындыру – бала кезден бері арманым ғой! Қай боксшыдан сұрасаңыз да, Олимпиаданы бәрінен биік санайды.
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихында үшінші рет толық құрамда Олимпиада жүлдесіне таласады. Бір жарым айдан соң Париж төрінде өтетін төртжылдықтың басты додасында боксшыларымыз барлық 7 олимпиадалық салмақта ел намысын қорғайды. Қазір көпшілік сол 7 жолдаманың соңғысын күні кеше Бангкокте (Тайланд) өткен ақырғы іріктеу турнирінде қалтасына басқан Мұхамедсабыр Базарбайұлының жұдырықтасу мәнері туралы жарыса жазып жатыр. Ұлттық құрамадағы атағы шыққан былғары қолғап шеберлерімен иық тіресіп, іріктеу кезінде олардан көп кездесу өткізіп, 63,5 келіде Олимпиада рингінде жұдырықтасуға әлеуеті жететінін дәлелдей білген жас боксшыға Тайландтан келген бойда хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Сені көпшілік «құпияға толы боксшы» деп айтады. Интернетте, басылым бетінде сен туралы мәлімет жоқтың қасы. Сондықтан алдымен өзің туралы бірер сөз айта отырсаң. – Мен туралы мәліметтің аз болуы – түсінікті жайт. Себебі мен енді танылып келемін. Көпшілік мені онша танымайды. Мен «тасада» жүрген боксшымын ғой. Өзім туралы айтар болсам, мен 2003 жылы Қырғыз Республикасының Ош қаласында дүниеге келдім. Ұлтым – қырғыз. Үш жасқа толғанымда отбасыммен бірге Астана қаласына көшіп келдік. Отбасында 5 ағайындымыз. Ағаларымның арасында спортқа ден қойғандар болды, бірақ олар кейін мұны қойып кетті. Ал мен 6 жасымнан бастап боксқа қызықтым. Кішкене кезде атағы жер жарған былғары қолғап шеберлеріне қызықпаған бала жоқ шығар, сірә. Сол секілді мен де Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Рой Жонс секілді есімін күллі әлем білетін боксшылардың жекпе-жектерін көріп өстім. Олар секілді рингте жұдырықтасып, қолғап түйістіріп жүргім келді. Сөйтіп, «Бокс үйірмесіне барайыншы» деп әкеме қолқа салдым. Осылайша Астанадағы «Толқын» спорт кешенінде Иса Кенжеғұлов деген алғашқы бапкеріммен жаттыға бастадым. Соңғы 4 жыл білікті бапкер Нұркен Аңдасовтың қол астында жаттығып жүрмін. 2020 жылы Астанадағы Ғали Орманов атындағы орта мектепті тәмамдадым. Биыл бұйырса Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің дене шынықтыру факультетін аяқтаймын. Мемлекеттік емтихан тапсырғалы жүрмін.
– Көп боксшы секілді спорт интернатында білім алмасаң да, орта мектепте білім алып жүріп, жасөспірімдер, сосын жастар құрамасы сапында байрақты бәсекелерде топ жардың. Өзің айтпақшы, ересектер құрамасына ауысып, «тасадан» шығып, көпшілік көзіне енді түсіп жүрсің. Қазір бокссүйер қауым сенің жұдырықтасу стиліңді ерекше атап өтіп, «Бұл бала – біз үшін жаңалық болды», «Көзінде оты бар, намысшыл боксшы екен», «Бұл баладай Олимпиада жолдамасына сонша таласқан ешкім жоқ шығар, сірә» деген пікірлер жазып жатыр. Өзің де ол пікірлерді оқыған боларсың? – Иә, көпшілік қолдау білдіріп, жылы лебіздерін жазып жатыр. «Тасада» жүрмін дегенімде, ересектер құрамасының аяқ алысын бақылап жүретін қалың көпшілік расымен мені танымауы мүмкін. Себебі мен ересектер арасында әлем чемпионаты, Азия чемпионатына қатыспадым. Жалпы, мен бала күнімнен жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатырмын. Жастар арасында Қазақстан чемпионымын. Сонымен қатар жастар арасында Азия чемпионы деген атағым тағы бар. Ал ересектер командасына ауысқан алғашқы жылы ел чемпионатында 3-орын иелендім. Одан кейінгі жылы күміс жүлдегер атандым. Былтыр Спартакиадада топ жарып, чемпион атандым. – Олимпиадаға іріктеу жарыстарына қатысуға мүмкіндік беретін сол Спартакиаданың финалында сенің салмағыңда көш бастап жүрген азулы қарсыласың, Олимпиада ойындарының қатысушысы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановтан айлаңды асыра білдің. Сол тағдыршешті жарыстан соң өзіңе берілген мүмкіндікті уысыңнан шығарып алмауға тырсып-бақтың. – Олимпиада секілді нөмірі бірінші бәсекенің жолдамасы сарапқа салынатын болғандықтан, сол Спартакиада үмітін үкілеп, бабын келтіріп барғандардың бәрі де жеңгісі келді, бәрі сол жарысты асыға күтіп жүрді. Мен де қатты күттім. Онда қайтсем де, жеңемін деп бардым. Жалпы, менің салмағымда ел ішінде мықты қарсыластар жетерлік. Ең көп бәсекелес жиналатын салмақ осы шығар. Дейтұрғанмен, қарсыластарымнан бір бас жоғары жұдырықтасып, ақыры чемпион атандым. Әрі бірден Италияда өтетін іріктеу турниріне қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Жалпы, боксшыларға берілетін Олимпиада жолдамасы үш жарыста, атап айтсақ, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында, Италияның Бусто-Арсицио қаласында өткен турнирде, сосын күні кеше аяқталған Бангкоктегі (Тайланд) турнирде сарапқа салынды. Италияда өткен турнирде екінші кездесуімде жеңіліс таптым. Одан кейін Астанада өткізілген тартысты спарринг-кездесулерде қарсылас шақ келтірмедім. Сосын Бангкоктегі соңғы іріктеу турнирде бағымызды сынадық.
– Боксшыларымыз 4 кездесу өткізіп, жолдама иеленсе, сен 6 бірдей кездесу өткізіп, оның 5-еуінде жеңіске жеттің. Көпшілігі мұндай іріктеу жүйесін түсінбей әлек. Осы ретте жолдама алған басқа боксшыларымызға қарағанда неліктен көп жекпе-жек өткізгеніңді түсіндіре кетсең. – Мен 6 бірдей кездесу өткіземін деп ойламадым. Бірінші жекпе-жекте филиппиндік Кристиан Питт Лорент, сосын түркиялық Мизан Айкол, одан кейін италиялық Джанлуиджи Малангадан басым түстім. Ал ширек финалда кубалық, әлемнің вице-чемпионы Эрисланди Альвареске 2:3 есебімен есе жібердім. Негізі, бұл салмақта Олимпиадаға бес жолдама беріледі. Төртеуіне жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлері ие болса, бір жолдамаға ширек финалда сүрінген боксшылар таласады. Мен ширек финалда жеңіліп қалғандықтан, жолдамаға таласу үшін тағы екі кездесуде қолғап түйістіруім керек болды. Сөйтіп, алдымен колумбиялық Хосе Мануэль Вифараны жеңіп, одан кейін молдовалық Александр Парасчивтен айламды асырып, Олимпиада жолдамасын иелендім. – Төрт жыл бойы іріктеу турнирлерін асыға күткен спортшылар, соның ішінде боксшылар да Олимпиада жолдамасын жеңіп алған кезде түрлі эмоция көрсетті. Біреуі рингте алақайлап, секірсе, енді бірі көз жасына ерік берді. Ал сен төреші қолыңды көтеріп, кейін жолдаманы ұсынған кезде сабыр танытып, эмоцияңды онша байқата қоймадың. «Олимпиада рингіне шықпайынша бекерге эмоцияға берілмейін» деген тактика ма бұл? – Әлбетте, жолдаманы иеленгенімді түсініп, іштей қатты қуанып тұрдым. Олимпиаданы бағындыру – бала кезден бері арманым ғой! Қай боксшыдан сұрасаңыз да, Олимпиаданы бәрінен биік санайды. Сондықтан әлем спортшылары аңсайтын жолдама қалтама тиген кезде, әрине, қатты қуандым. Алайда мен сыртқа білдіртпеуге тырыстым. Ол жарысқа дейін қалай жүрсем, жарыстан соң да солай жүруге тырысамын. Себебі мұның бәрі еңбекпен келгенін жете түсінемін. Өз-өзімді сабырға шақырамын. Ал былайынша, ол турнирде іштей қуанғанымды сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Шыны керек, жолдама алғаныма әлі сене алмай жүрмін. Бұл турнирде өткізген алты жекпе-жектің түгелі де тартысты болды. Жолдама үлестіретін маңызды турнир болған соң ешкім аянып қалмайтыны айдан анық. Дегенмен мен өз-өзіме сенімді болдым. Өз-өзіңе сенімді болмасаң, несіне рингке шығасың? Соңғы іріктеу турнирі болғасын, міндетті түрде жеңуім керек деп өз-өзімді қамшыладым. Расымен, елге жолдамамен оралатынымды сездім. Ең маңыздысы, құрама бапкерлері мен жеке бапкерімнің айтқанын бұлжытпай орындадым. Әрі бізге психологиядан сабақ беретін Ғалия Нұрбекқызының де көмегі көп тиді. Оған қоса, ұлттық құрамамен бірге өткізген дайындық та көп көмектесті. Одан бөлек, үйде тақымын қысып отырған отбасымның да қолдауы мені қанаттандырып, алға жетелеумен болды. Құдай қаласа, Париж төрінде абыроймен жұдырықтасып, елге алтын медаль алып келемін деген үміттемін.
– Өз салмағыңда Олимпиада рингіне шығатын қарсыластарыңды зерттеп жүрген боларсың. – Әрине. Олимпиадаға осал боксшы бармайды. Менің салмағымда ең қарымды боксшы – француз Софьян Умиа. Оның өз елінде өтетін Олимпиадада барын салатыны анық. Осы салмақта өнер көрсететін Өзбекстан намысын қорғап жүрген бауырымыз Руслан Абдуллаевтың да қарымы мықты. Содан соң Италияда мен есе жіберген болгариялық Радослав Росенов та – адуынды қарсылас. Жоғарыда айтып өткенімдей, Парижге осал ешкімді апармайды. Дегенмен бұл салмақта көш бастап жүрген мықтылар – осылар. Әлбетте, оларды жеке бапкерім екеуіміз жіті зерттеп, бақылап жүрміз. Бұйырса, кімнің бабында, кімнің мықты екенін ринг көрсетеді. – Париж Олимпиадасының басталуына 1,5 ай ғана уақыт қалды. Алда соңғы оқу-жаттығу жиыны ма? Дайындық кестесі қандай? – 13-14 маусым күндері Алматыда оқу-жаттығу жиыны өткізіледі. Сосын Парижге жол жүретін боламыз. Нақты қай күні аттанатымызды білмеймін. Бірақ климатқа бейімделу үшін ертерек баратын шығармыз. – Сәттілік серігің болсын! Олимпиада төрінде атой салуды бұйырсын! – Рахмет сізге! Әңгімелескен – Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ