T-Newspaper

Егіс науқаны: Үміт пен күдік

www.istockphoto.com

Көктемгі егіс жұмыстарын қам­та­масыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүм­кін­дік береді.

«Көктемнің бір күні – бір жылға азық» дейді. Көктем мезгілінің аяқталуымен қатар елімізде егін егу науқаны да аяқталып келеді. Биыл тасқын су басқан аймақ­тар тұқым қоймаларын су басып қалғандықтан және жер кеуіп үлгермегендіктен көктемгі дала жұмыстарын аяқтап үлгермей жатыр. Шаруаларға жанар-жағармай жеткілікті ме? Жағдай бақылауда ма? Мамандар не дейді?

Көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі та­биғи апат ауыл шаруашы­лығына орасан зор шы­ғын әкелді. «Шаңырақ» қоғамдық ұйымының бас­шысы Алмасбек Садырбаев «Су тасқыны аграрлық сек­тордың дамуын бірнеше жылға кейінге шегерді» деп баға берді. Оның айтуынша, селмен бірге арам­шөп тұқымы тарайды, оның ішінде улы шөптер болуы мүмкін. Бұл – шаруашылыққа өте үлкен зиян. Яғни, тасқынның беті қайтқанымен, салдарынан туындайтын қиындықтар енді басталады. 

                                                                             Үкімет қанша қаржы бөлді?

Тасқын судың беті қайтқаннан кейін жоқ-жітігін тү­гендеп, етек-жеңін жия бастаған жұрттың егіс жұ­мыстары қалай болар екен деп абдырап қалғаны рас. Министрлік өкілдерінің «Су тасқыны биылғы егіс науқанына кесірін тигізбейді, еш кедергі жоқ» де­ген сөзінен ауылдағы ағайынның көңілі орнына түсті.  Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкі­мет отырысында көктемгі дала жұмыстарын уа­қытылы әрі сапалы жүргізу мәселелері ерекше ба­қы­лауда екенін мәлімдеген болатын. Биыл жалпы егіс алаңы – 23,8 млн га. Оның ішінде бидай, майлы да­қыл­дар егілетін аумақ – 21 млн гектардан асады. 

– Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы да­қылдарын әртарап­тан­дыру жөніндегі тапсыр­ма­сына сәй­кес, бидайдың егістік алаңдары өт­кен жыл­мен салыстырғанда 426 мың гектарға қысқарды,  – деді А.Са­па­ров. 

Сонымен қатар майлы дақылдар алаңын 373 мың гек­тарға және азық­тық дақылдарды 66 мың гектарға ұл­ғай­ту жоспарланып отыр.  Бүгінде барлық аймақта көк­тем­гі егіс жұмыс­тары жүр­гі­зі­лу­де. АШМ мәліметі бойынша, бар­лы­ғы 17,9 млн га жерге егін егілді. Сон­дай-ақ астық, көкөніс, майлы да­қыл­дар, картоп, қант қызылшасы және мақ­та егілді. Дала жұмыстарын сәтті жүргізу­дің негізгі фак­тор­ларының бірі – ми­не­ралды тыңайтқыштарды қол­дану. Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­сы­на сәйкес, биылға арналған тыңайту жос­пары 1,5 млн тоннаны құрайды, оның 900 мың тоннасы – отандық зауыт­тар­дың өнімі. Көктемгі егіс жұмыстары өз ал­ды­на, егістіктерді хи­миялық өңдеу уа­қы­ты­лы жүрмесе, еңбектің зая кет­кені. Биыл бұл мақсатты іске асыруға мем­лекет пес­тицидтердің құнын 50 пайыз мөлшерінде суб­сидиялау тү­рін­де қолдау көрсетіп отыр.  Сала басшысы егіс науқанын жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығы құ­ры­лым­дарында 150 мың трактор, ша­­ма­мен 5 мың бірлік жоғары өнімді егіс ке­шені, 76 мың сепкіш, 219 мың то­пы­рақ өңдеу құралы бар еке­нін атап өтті.

– Бүгінгі таңда өңірлердің ақ­па­ра­ты бойынша тех­никаның дайындығы ша­мамен 98 пайыз, жаппай егіс жұ­мыс­тарының басталуына қарай бұл тех­ника 100 дайын болуы керек, – де­ген болатын А.Сапаров. 

Министрдің айтуынша, шаруа­лар­ды жеңілдетілген ди­зель оты­ны­мен қамтамасыз ету мақсатында ба­ға­сы литріне 250 теңгемен 376 мың тон­на бөлінді, бұл на­рықтық бағадан 15 пайызға арзан. Былтыр көктемгі жұ­­мыстарды жүргізуге өңірлерге 413 мың тонна ди­зель отыны бөлінген. 

Энергетика министрі Алмасадам Сәт­қалиев көктемгі егіс жұмыстары ке­­зінде қажетті дизель отынының ба­ғасы 20 өңірде де былтырғы дең­гей­де сақталатынын айтты. 

– Жалпы, биыл көктемгі дала жұ­мыс­тарын жеңілдетілген қар­жы­лан­дыру 580 млрд теңгені құрайды, оның 400 млрд теңгесі қаржы институт­та­рын тікелей субсидиялау тетігі бойын­­­ша жылдық таза 5 пайызбен шаруа­лар­ға несие ретінде берілетін қаражат, – деді АШМ Айдарбек Сапаров.

Көктемгі егіс жұмыстарын қам­та­масыз ету үшін биыл Үкімет 140 млрд теңге бөлді. Бұл кем дегенде 2 млн гектар алқапқа егін салуға мүм­кін­дік береді. Форвардтық сатып алу бағ­дарламасына 40 млрд теңге жос­пар­ланған. 

– Субсидияларды бөлу бойынша бар­лық құқықтар әкімдіктерге беріл­ген­діктен, Ауыл шаруашылығы ми­нист­рі әкімдермен бірлесіп, шаруа­лар­ға тиесілі субсидияларды әділетті жә­не тиімді бөлу мәселесін қатаң ба­­­­қылауға алу қажет. Қаржы осы са­ладағы ірі ойыншылардың табыс кө­зіне емес, ауыл тұрғындарының мүм­кіндіктерін кеңейтіп, шы­ғары­ла­тын өнім көлемін арттыруға ықпал етуі тиіс, – деген болатын Премьер-Ми­­­нистр Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы оңтүстік өңірді су­мен қамтамасыз етуді, оның ішінде ұзақ­мерзімді перспективада суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету жө­нін­де шаралар қабылдауды тапсырды.  Жалпы, былтырғы жыл шаруалар үшін оңайға соқпағанын білеміз. Жаз­дағы қуаңшылықтың соңы күзде то­лас­сыз жауынға ұласты. Нәтижесінде, ша­руалар көктемде еккен егіндерін жи­най алмай, шығынға батты. Астық­тың сапасы түсіп, субсидиялау жүйесі де істен шықты.  

                                                                           Субсидияның сұрауы

Субсидия демекші, елімізде фер­мерлерге берілетін субсидия бойынша қарыз сомасы 160 миллиард теңгеден асып кеткен. Ал ауыл шаруа­шылығы техникасы паркінің 75 пайыз­дан астамы тозып тұр. Бұл тура­лы Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.  Егіннің бітік шығуы егіс науқаны­ның қалай жүргізілгеніне байланысты. Сапалы әрі уақытылы жасалған жүйе­лі жұмыс өз нәтижесін берері анық.  Премьер-Министр қолайсыз ауа райы астықтың сапасы мен көлеміне айтарлықтай кесірін тигізетінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай олқы­лық­тың алдын алуға болады. Алайда әкім­діктер  бұл мәселеге бейжай қа­рауы шаруаны шатқаяқтатып отыр. 

– Диқандар өңірлердің нақты жос­­парлары мен салалық министр­лік­тің міндеттерінен бейхабар. Оның үстіне, егіншілердің арасында суды көп қажет ететін дақылдардың егіс ал­қаптарын әдейі азайтып көрсету фак­тілері де кездеседі. Бұл су тап­шы­лығына байланысты қалыптасып отыр­ған күрделі ахуалды одан сайын қиын­датып жібереді, – деді Үкімет бас­шысы.

Қазір техниканың дайындығы 98 пайыз дейді министрлік. Алайда Бек­те­нов ауыл шаруашылығы техни­ка­сы­ның тозғаны да өткір проблема күйін­де қалып отырғанын еске салды.   

– Қазір жалпы техника паркінің ша­мамен 75 пайыздан астамының то­зығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті ше­шімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңіл­де­тіп, сыбайлас жемқорлық тәуекел­де­рін азайту қажет. Аталған мәселені ше­шу үшін фермердің өзі төлеп кел­ген алғашқы 15 пайыз жарнаның ор­нына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс, – деді ведомство басшысы.

Орақшы – бір кісі, комбайн – мың кісі. Қазір техниканың кү­шімен адам жасар күндік жұмысты аз уақытта бітіруге болады. Көктемгі да­ла жұмыстары кезінде техника сыр бер­се, шаруалардың орта жолда опық жеп қалары анық.  Көктем келсе, шаруалар жан­та­ла­сып, дабыл қағуы жылда қайта­ла­на­тын дәстүрге айналған. Онсыз да ин­­­­­фляциядан, несиенің қымбатты­ғы­нан қажыған шаруаларға субсидия да тым кешігіп төленеді. 

– Өткен жылғы субсидиялар бойын­ша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыс­та­­рына жаратуға болатын еді. Жеңіл­де­тілген дизель отынын үлестіру ба­ры­сы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тап­шы­лық жасауға жол бермеу керек, – деп тапсырма жүктеді Үкімет басшысы. 

2023 жылдың соңында субсидия бойынша мемлекеттің шаруалар ал­дындағы қарызы 95 млрд теңгеге жет­кен еді. Сала министрінің айтуын­ша, аграрлық шаруаларды субсидия­лау­ға 155 млрд теңге қажет болған. Оның 60 млрд теңгесі шаруаларға тө­­­ленген. 

– 60 млрд теңгенің 30 млрд тен­гесі тыңайтқыштар мен тұ­қым­дарды алу­ға егін шаруашылығына берілсе, 30 млрд теңге сүт, ет, және селекция жұ­мыс­тары үшін мал шаруашылығына бө­лінген, – деп есеп берген болатын ми­нистр. 

Елімізде ауыл шаруашылығын қол­­дауға 1,2 трлн теңге жұм­сал­ғаны­мен, Қазақстан әлі де импортқа тәуел­ді. Субсидия мәселесін Сенат Төрағасы Мәу­лен Әшімбаев та қозғаған бола­тын.  

– Субсидиялау ережелері соңғы жыл­дары 50 рет өзгерген болар. Бұдан бө­лек, ауыл шаруашылығы саласында құ­­жаттарды реттеу бір жылда 3 рет өзгерді. Біз қазір құжаттар тізімін өз­герту мен субсидиялау саясатын өз­гер­тудің қаншалықты пайдасы бар еке­нін ойлауымыз керек, – деген бо­ла­тын Сенат Төрағасы. 

Жыры бітпеген субсидия мәселесі биыл да өзекті. Бұл бағдарламаны жүйе­леп, бір арнаға тоғыстыратын ма­­мандардың жоқтығы ма, әлде ми­нистрліктің немқұрайлығы ма, бел­гісіз...

                                                                           Қамба астыққа тола ма?

Елдегі 23 млн 800 гектар егістікке жа­рамды жердің бүгінде 14 млн гек­тар жеріне егін егілді. Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Аманғали Бер­да­линнің айтуынша, биыл көктемгі егіс науқанына қосымша қаражат бө­лінген. Үкіметтің қолдау қаржысы ай­мақтардағы шаруаларға берілген. 

– Су тасқыны жағдайын ескеріп, шаруаларға қолдауды күшейттік. Шаруа қожалықтарына биыл қосым­ша 300 млрд теңге берілді. Қаражат, жа­нар-жағармай – барлығы уақытын­да қамтамасыз етілді. Бәрі ойдағыдай іске асырылып жатыр, ешқандай ке­дер­гі жоқ, – деп мәлімдеді вице-ми­нистр. 

Министрлік мәлімдемесінен бө­лек шаруашылықтың қыр-сырын же­тік білетін сарапшылардың пікі­рі­не де құлақ түріп көрелік. Жақында Сә­кен Сейфуллин атындағы Қазақ аг­ротехника университетінің егін­ші­лік және өсімдік шаруашылығы ка­фед­расының қауымдастырылған про­фессоры, PhD докторы Әділбек Но­ғаев биыл егіс науқанына төнетін бірнеше қатердің бар екенін айтқан болатын. 

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде сапалы тұқымның жоқ­тығы үлкен қауіп төндіреді, өйт­ке­ні былтыр күз жауын-шашынды бол­ды. Көптеген дақыл тамыр жайып, ауыл шаруашылығы тауарын өнді­ру­шілер сапалы тұқым ала алмады. Со­ның салдарынан биыл кейбір тұ­қым­ның тапшылығы бар, алдағы қауіп-қатер осыған байланысты, өйткені са­палы тұқым – мол астықтың кепілі, – дейді Ә.Ноғаев.  

Сарапшының айтуынша, рес­пуб­ликалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып ке­туі­не байланысты жыралар пайда бол­ған. Олар кейбір егіс алқаптарына ба­ратын жолда тосқауыл болуы мүм­кін.  Апат салдары жайында дабыл қақ­қандардың бірі журналист әрі аг­рарлық сарапшы – Кирилл Павлов. 

– Біздің шаруалар тұқым ай­на­лы­мын сақтамайды. 10-15 жыл бойы бір дақылды еге береді. Әдетте, бидай са­­­лады. Мұның соңы жерде пато­ген­дердің пайда болуына алып келеді. Осы­дан келіп астық көлемі азаяды. Егістік алқаптарын тасқын су басқан­да, осы патогендер, топырақты өңдеу­ге қолданылған пестицид, инсекти­цид­тер суға қосылды. Бұл су еңістеу жер­де жатқан егістік алқаптарына же­теді. Тағы бір мәселе – егістік ше­ка­расы. Су басқан жерлерде бұл ше­кара шайылып кетті. Оны мемлекеттік жер кадастрінің автоматтандырылған ақ­параттық жүйесі бойынша қалпына кел­тіреді. Жер аумағында 500 метрге дейін өзгеріс болуы мүмкін, – дейді са­рап­шы журналистерге берген сұх­батында.  Қостанай облыстық Ауыл шаруа­шы­­­лығы және жер қатынастары бас­қар­масының бас маманы Кенже Жұ­ман­дықов: «Күздік дақылдар зардап шек­кен жоқ және жердің ылғал­ды­лы­ғы биыл жақсы болғандықтан, егіс өнім­ді бола ма деп отырмыз, – дейді.

  Басқарма маманының айтуынша, ел­дегі агросектордың локомотивтері Қос­танай, Ақмола, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында егін маусымы ма­­мырсыз басталмайды. Сол себепті биылғы тасқыннан келетін қауіп те, салдар да жоқ дейді. Шаруалар да қар суының молдығы қуаңшылықтан құтқарады деген сенімде.  Әрекет түбі – берекет. Қожалық­тар техника, жанар-жағармай, субси­дия­мен қамтылса, күзде өнім де бітік шы­ғар деген үміт көп. Соқасын сай­лап, техникасын майлап отырған сол­түстіктегі ағайынның аузына май дейміз.  P.S.  Ел арасында «Күзде нан бағасы қымбаттайды екен» деген алып-қашпа сөз желдей есіп жүр. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі елімізде бидай қоры жеткілікті екенін, су тасқыны болғанына қарамастан нан бағасы қымбаттамайтынын айтты. Бұл да ертеңін ойлап уайымдаған ағайынға жақсы жаңалық.