T-Newspaper

Қазақстанда емге жұмсалатын шығынды 100 пайыз мемлекет төлейді

Мысалы, миға қойылатын бір стенд 3 миллион тең­­геден жоғары тұрады. Кейде бір адамға екі стенд қоя­тын жағдай кездесуі мүмкін. Қа­­зақ­станда бұның бә­рін мемлекет өз мой­нына алып отыр.

«Қазақстанда дұрыс емдемейді» деген сөз бар. Бірақ осыны жоққа шығарып жүрген білікті мамандар да жетерлік. Қазір ми қан тамырлары ауруымен ауыратын науқастардың арасында «Ұлттық ғылыми  медициналық  орталығы» акционерлік қоғамы нейрохирургия бөлімшесіне, оның  басшысы Серік Дүйсенбіұлының алдына барсақ дейтіндердің қатары  көбейіп тұр. Бір ғажабы, мұнда келген науқастармен қарым-қатынас тек қазақ тілінде жүргізіледі. Ашылғанына әлі 4 жыл бола қоймаған бөлімшенің  ел арасында осыншама беделге ие болуының себебі неде? Біз бөлімше басшысымен әңгімелескенде,  осының астарына үңіліп көрдік.

                                                                                           Серік Дүйсенбіұлы кім?

Алдымен оқырманға кейіпкерімізді таныстырып алған жөн шығар. Серік Дүй­сенбіұлы 1972 жылы Қытайдағы Үрімші қала­сын­да дүниеге келген. Мектепте қазақ ті­лінде білім алған. 1990 жылы мектепті үз­дік бітіргесін оқуға түсіп, дәрігер болуға ниет қылады. Ол үшін қытай тілін білу ке­рек еді. 2 жыл қытай тілін оқытатын курс оқы­ды. Табиғатынан алғыр бала іліп әкетті. Со­ның арқасында 1992 жылы Шиян ме­ди­цина университетіне оқуға түсті. Бұл – ті­ке­лей Қытай денсаулық сақтау министр­лігіне қарайтын 5 іргелі оқу орнының бірі еді. Клиникалық медицина факультетінде тәлім алды. Сосын Шыңжаң медицина уни­вер­ситетінің магистратурасына түсті. Сол кез­де нейрохирургия саласына ден қойды. Төрт жыл оқудың алғашқы жарты жы­лын­да университетте негізгі білім бойынша т­ә­лім алды. Жарты жылдан соң универ­си­теттің 4000 кереуеттік 1-клиникасына ауыс­ты. Енді науқастармен тікелей жұмыс іс­те­ді. Ота жасауға араласты. Тәлімгерлері жа­нында еді. Профессор-ғалымдармен тізе қо­сып жұмыс істеді. Нейрохирургияның қыр-сырына жіті үңілді.  Қытайдағы білім жүйесі бөлек. Ол жақ­тағы магистратура дегеніміз қазақстандық өлшеммен алғанда резидентурадан өт­кен­мен бірдей. Магистратура бітірген адам бір­неше құжат – магистрлік бітіргендігі, ре­зи­дентураны тәмамдағаны һәм лицензия ал­ғандығы туралы сертификат алып шы­ғады.  Университетте өте жақсы оқыды. Қы­тай тілін меңгергенін жоғарыда айт­тық қой, енді ағылшын тіліне ден қой­ды. Өйткені ағылшын тілі – ғылым тілі. Он­сыз алға аттап басу мүмкін емес. Оны да же­тік меңгерді. 2004 жылы біздегі «Бола­шақ» секілді Қытайдағы бағдарлармада бақ сынап, Жапонияда білім алуға мүмкіндік алды. Жапонияда оқу үшін жапон тілін білу керек-тін. Жарты жыл тіл үйрету курсында оқы­ды. Сосын Жапонияның Kyoto Univer­sity-інде білімін жетілдірді.  Жалпы, Шығыс, Батыс медицинасы деген ұғым бар ғой. Қытайлықтар шығыс ме­дицинасы дегеннен гөрі қытай ме­ди­цинасы деуге бейім. Ал жапондар шығыс ме­дицинасы дейді. Қытайда да, Жапонияда да Шығыс, Батыс медицинасы қатар қол­данылады. Екі мыңыншы жылдардың ба­сында Қытайда жапон медицинасын озық үлгі ретінде танитын. «Жапонияда оқып, ал­ған біліміңіз алдағы 10-15 жылға жа­рай­ды» деген тәмсіл бар еді. Бұның сыры мы­нада – сіз сол білім алған кезде қолданған тех­нологияңыз Қытайға 10-15 жыл ішінде жетуі мүмкін. Бірақ Қытай соңғы жылдарда бұл айырмашылықты едәуір қысқартты. Ал ол кезде жағдай басқаша еді. Міне, бұл сол уақ­та білім алды. Жалпы, Жапонияда ме­ди­цина ғылымының деңгейі мүлде жоғары. Кейін Американың Department of Neurosurgery, Miami Univeristy, Jackson Memorial Hospital, Harborview Medical Center, Washington University, Seattle University of California-Sanfrancisco секілді орындарда өн­дірістік тәжірибеден өтті ғой, бірақ жапон­дардағы ғы­лымға деген көзқарас, науқас­тармен жұ­мыс істеу тәсілі мүлде бөлек еке­ніне көзі жет­ті. Жалпы, Жапония мен Аме­рикада ме­дицина саласының қатты да­мып кет­кенін көңілге түйді.  Қытайға оралғасын емдеуші-дәрігер бо­лып жұмыс істеді. Медицина универси­те­тінде дәріс оқыды. 2004 жылы докторан­тура­ға тапсырған болатын, 2007 жылы ме­дицина ғылымының докторы атанды. Қы­тайдағы оқу жүйесінің ерекшелігі сол, жұмыс істеп жүріп, оқи бересің. Бір күн де клиниканың жұмысынан қол үзбейсің. Яғни, жазып жатқан дүниеңді, ғылыми тәжіри­беңді іс жүзінде жүзеге асырып жатасың. Док­торлық диссертацияң дайын болған кез­де ғана, қорғайтын күніңді белгілейді.  2012 жылдан бастап Серік Дүйсенбіұлы ма­гистранттар тәрбиелей бастады. Жы­лы­на екі тәлімгер қабылдайтын. 2019 жылы Қа­зақстанға кеткенше он шақты магист­рант­ты тәрбиелеп шығарды. Сол жылы про­фессор атанды. Осы арада айта кететін бір жайт бар. Қытайда профессор атану оңай емес. Мысалы, Шыңжаңда қазақтан шық­қан 10 шақты медицина ғылым­дары­ның докторы бар. Ал «Медицина ғы­лым­дарының профессоры» атанғандар бір қо­лыңыздың саусағына жетпейді. Өйткені та­лап өте жоғары, оның үдесінен шығу екі­нің бірінің қолынан келе бермейді. Ал про­фессор атанған адам болашақ меди­ци­на ғылымдарының докторын әзірлеуге мүм­кіндік алады. Яғни, докторлық диссер­та­цияға жетекшілік етеді. Оның үстіне біздің кейіпкеріміз мемлекеттен үлкен грант алатын. Қаржысы қомақты еді. Сол грант арқылы шәкірт тәрбиелеуге мүм­кіндігі бар-ды. Бірақ Серік аттың басын Қа­зақстанға бұрғанды жөн санады. 2006 жыл­дан бастап атамекенге келіп кетіп жү­ретін. Ол кезде Қазақстандағы медицина са­ласы көп төмен-ді. Ұлттық нейрохирургия орталығы әлі құрылмаған шақ. 2008 жылы атал­ған орталық құрылғанда арнайы ша­қыртумен келіп, шеберлік дәрісін оқыды. Ата­қты дәрігер Серік Ақшолақовпен тізе қо­сып жұмыс істеді.  2013 жылы Қалқаман ауруханасында 3 айдай жұмыс істеп кетті. 2017 жылы «Ұлт­тық ғылыми медициналық орталығы» АҚ бас­қарма төрағасы Абай Байкенжин Қы­тай­ға барған сапарында, егер, бұның елге қай­татын ойы болса, орталықтан нейро­хи­­рургия бөлімін ашып беруге әзір екенін айт­ты. 2019 жылы елге келгенде сол ұсы­ныс бір бүйірінде жатқан-ды. Алматыға келгесін Абай Қабатайұлына хабарласқаны содан. Ол кісі сөзінде тұрды. Орталықтағы Нейрохирургия бөлімшесі осылай дүниеге келген-ді. Бұл – 2020 жылдың наурызы болатын. 

                                                                                               Жылына 400 ота жасалады

Серік Дүйсенбұлының айтуынша, ней­ро­хирургия – өте нәзік, күрделі, қауіп-қа­тері көп, отасы ұзаққа созылатын, нау­­қа­сы бірден аяққа тұрып кете қоюы қиын са­ла. Шығыны да көп. Өйткені ол ең соңғы үл­гідегі жабдықтармен қамтылуға тиіс. «Ға­рыш саласында қолданылатын тех­но­ло­гияның бәрі нейрохирургияда қол­да­ны­лады, – дейді кейіпкеріміз. – Мысалы, ми­дың ішіндегі өспені табу үшін нави­га­ция­лық жүйе, стереотаксикалық әдіс, ро­бот тех­нологиясы осы нейрохиругияда жү­зеге асы­­рылады. Нейрохирургия – жүйке жүйе­сі. Ол 3 бөлімнен тұрады – ми, жұлын жә­не пе­ри­фериялық жүйке жүйесі. Пери­фе­рия­лық жүйке жүйесі дегеніміз, жұ­лын­нан шық­қан сыртқы жүйке талшықтары. Біз осы­ған қатысты оталардың бәрін жа­сай­­мыз».  Бөлімшеде ота негізінен жоспарлы түр­де жасалады. Мидың неше түрлі ісігі, ми қан тамырларына ұшыраған, яғни инсульт болған адамдар, миына су жи­нал­ғандар, миында туабітті ақауы бар кісілер осында келеді. Кейбір жағдайларда ол ақаулар жылдар бойы білінбей келіп, жас ұлғая келе белгі беруі мүмкін. Бұдан бө­лек бұнда жұлынға да ота жасалады. Бұл – жұлын, омыртқа және жұлынның сыртына біткен жүйке талшықтарына жасалатын ота болып үшке бөлінеді. Бұның бәрі мик­рохирургиялық отаға жатады. Жалпы, жұрт «грыжа диски» дейтін ауруды біздің кейіп­керіміз омыртқа табақшасының жарылуы деп атайды. Табақша дегеніміз – екі сүйек­тің ортасындағы қысымды азайтып, ұстап тұратын жұмсақ сүйек. Ол әртүрлі себеппен қысы­лып, жарылып кетуі, сөйтіп, жұлынды ба­сып қалуы, сыртқа барып тұрған жүйке жүйе­сін зақымдауы мүмкін. Міне, бөлім­ше­де осындай ауруларға ота жасалады.  17 кереуеттік бөлімшеге науқастар рес­­пуб­ликаның түпкір-түпкірінен квота ар­қы­лы келеді. Бөлімше ең соңғы үлгідегі жаб­дықтармен жабдықталған. Жылына 400-ге жуық ота жасалады. Миға жасалатын күрделі оталарды негізінен Серік Дүйсен-біұлы өз жауапкершілігіне алады. Хирургтің бай­қауынша, қазір, әсіресе, қазақ арасында ми артериясының қалталануы (Cerebral Aneurysm – ред.) басым. Әдетте, қан тамырының «қабырғасы» өте жұқа. Қалталанған сәтте шар секілді сыртына шығып кетеді. Бұның се­бебін зерттей келе ол бұның негізінен суық өңірлерде тұратын адамдардың ара­сын­да көп болатынын аңғарды. Өйткені суық­қа байланысты қан тамыры жиі тітір­кенеді, кейде босап, кейде қатты қатаяды. Суық өңірлерде тұратын адамдардың қан қысымы ойнамалы болатыны да содан. Бұған біздің ылғи майлы, тұзды тамақ тұ­ты­натынымыз да себеп болады. Оның үс­тіне қазір адамдар үнемі күйзелісте жүреді. Инсульттің көбеюіне мұның да әсері бар. Айтпақшы, қытай қазақтары «стресті» «идеялық ауыртпашылық» дейді екен...

Миға, жұлынға ота жасау өте қиын жұ­мыс. Мидың ең бір күрделі нүк­те­сіне «бой­лай алу» екінің бірінің қолынан келе бермейді. Миллиметрлер рөл ой­най­тын сәтте қолың дірілдемеуі керек. Серік Дүй­­сенбіұлының айтуынша, жүрегің ор­нық­ты бо­лып, миың мен қолың бірге жұ­мыс іс­теу­ге тиіс. Бұндайда жылдар бойы жи­наған тә­жірибең «көмекке келеді». Миға қай тұс­тан «кіретініңді» түйсікпен сезінуің ке­рек. Өйт­кені қан қай жерде ұйығанын сіз біл­мейсіз. Ал ми талшықтары дегеніңіз – шек­­сіз әлем, «жайып салса», жер шарын не­ше рет айналып кетер еді. Тәжірибелі дәрі­г­ер «ми­дың жотасы», «мидың сайы» деп бө­ліп оты­рады. Алғаш ота жасаған жас та­лап бұ­ны біле бермейді. Қолың сәл діріл­де­се, қоз­ғалып кетіп ми ұлпаларын жаралап алуыңыз мүмкін. Әрине, қазір соңғы үл­гі­дегі навигациялық жүйе қатты кө­мек­теседі. Бірақ хас маманның жөні бөлек. «Ж­а­по­ния­ға барған кезімізде нейро­на­ви­га­циялық жүйені көріп қатты қызықтық. Өйткені Қытайда бұл жүйе әлі жоқ еді. Сон­да білікті жапон дәрігерінен бұның қан­шалықты пайдасы бар дегенімде, ол: «Ең үл­кен навигация – нейрохирургтің миы» деп жауап берді» – дейді кейіпкеріміз. Ра­сында да, тәжірибелі дәрігер қай жерде қан ұйығанын немесе ісік барын түйсікпен се­зе­ді. Миға қай жерден «кіру» керегін де аңғара қояды. 

                                                                               Өлім деңгейі әлемдік көрсеткіштен төмен 

Қазір заманда нейрохирургия саласы­ның мамандары үш түрлі – микрохи­рур­гия­лық, эндоскопиялық, эндоваскулярлық – технологияға сүйенеді. Бұның ішінде мик­рохирургия күрделі болып саналады. Мы­салы, эндоваскулярлық технологияны жар­ты жылда үйренсе, бұған он шақты жыл керек болады. Сондықтан да бұл сала­дағы маман өте аз.  Серік Дүйсенбіұлы нейрохирургиялық ота­ларды 4 дәрежеге бөледі. Біріншісі – миды ашу, мидың тері, сүйек жарақаттарын ем­деу. Екіншісі – мидың сүйегінің астындағы, бе­тін­дегі өспелерді сылып тастау. Үшіншісі – мидың ішкі қабатындағы гематомаларды, те­рең емес ісіктерді алу. Төртіншісі – ми ба­ға­насының ішіндегі ісіктерді алу, түп­­­­­кірде, мидың негізінде орналасқан ісікті алу, т.б.  Осы арада ерекше бір айта кететін нәр­се бар. Бізде квотамен келген науқастардың ота шығынын 100 пайыз мемлекет төлейді. Ал көп мемлекеттерде олай емес. Мысалы, Қы­­­­тайдың өзінде 90 пайыздан аспайды. Онда да ол кезінде жақсы жұмыс істеп, сақ­тандыру полисіндегі ақшасы жоғары бол­са ғана жоғары төленеді. Ал көршілес Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында кво­та арқылы келгендерге ауруханада жа­тып, ота жасау тегін болғанымен, мидың қан тамырларына жасалатын эндовас­куляр­лық оталардың материалына (стенд, спирал секілді – ред) кететін шығынды өзі төлейді. Ол материалдардың бәрі шетелден әкелінеді. Ал бұл – өте көп қаржы. Мы­салы, миға қойылатын бір стенд 3 миллион тең­­геден жоғары тұрады. Кейде бір адамға екі стенд қоя­тын жағдай кездесуі мүмкін. Қа­­зақ­станда бұның бә­рін мемлекет өз мой­нына алып отыр. Сондықтан сақ­­тан­дыру жүйе­сін керек­сіз деуге бол­майды. Бұл са­ла­ны мей­лін­ше дамыту ке­рек. Бұл – күллі әлем­де бар тәжірибе. Сақтан­ды­ру­ға деп тө­леген қар­­жыңыз басқа біреуді аман алып қалуы немесе басқа біреу­дің салған ақ­ша­сы­ның сіз­ге пай­дасы тиюі әб­ден мүмкін. Егер, сіз өз қал­таңыз­дан төлейтін бол­саңыз, ж­иған қаржыңыз ол отаның ши­­ре­гіне де жетпеуі мүмкін.  Бөлімшеге квотасыз келіп, ота жа­сау туралы өтініш айтатындар да бар екен. Бірақ жеңіл-желпі болмаса, күр­делі ота жасайтындарға квотамен келу ке­рек­тігі жөнінде кеңес беріледі. Өйткені ней­ро­хирур­гия – қауіп-қатері мол сала. Көз­сіз тәуе­келге баруға болмайды. Науқас көп жа­тып қалуы мүмкін.  Қазір медицина күн санап дамып жа­тыр. Әлемде нейрохирургия саласына эн­дос­копиялық, эндоваскулярлық, робо­то­тех­никалық әдістер кеңінен енді. Бұл – адам­ға келетін зақымды азайтуға мүмкін­дік б­ереді. Мысалы, бұрын миды ашып жасай­тын оталардың көбі қазір арнайы жабдық­тар­дың көмегімен тамыр арқылы жасалады. Пайыздық өлшемге шаққанда 70-80 пайыз шамасында.  Ал енді отадан шыққандардың ара­сын­дағы өлім деңгейі қандай? Әлемдік көрсет­кіш 5 пайызды көрсетіп тұр. Яғни, 100 ота­­ның 5-еуі қайғылы аяқталады. Ота үстін­де немесе отадан кейін дүние салады. Оның әртүрлі себебі бар. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш одан төмен. Әңгіме арнаулы квотамен келіп, жоспарлы түрде ота жасат­қан­дар туралы екенін еске саламыз. Серік Дүйсенбіұлы басқаратын бөлімшеде 4 жыл­ға жуық уақыт ішіндегі өлім көрсеткіші 1 пайыздан төмен. Бірақ ауруханадан шық­қаннан кейінгі жағдай өзіңіздің күтінуіңізге және сіз тұратын аудандағы дәрігердің ем­деу қабілетіне байланысты.  Айтпақшы, бөлімшеде іс-қағаздарының бә­рі қазақ тілінде жүргізіледі. Диагноз да қа­зақша қойылады. Бұнда жұмыс істейтін 5 дәрігердің бәрі ана тілін жетік біледі. Ал ен­ді науқас орыстілді болса, онымен аудар­машы арқылы сөйлеседі. Аудармашы бол­ғанда, сол іштегі дәрігерлердің көмегімен. Бір­ақ дәл осы себеппен келушілер қатары азайып жатқан жоқ. Керісінше, Серік Дүй­сенбіұлының алдына жете алмай жүрген адам көп. 

                                                                                         Маман даярлау ісіне мән беру керек! 

Кейіпкеріміздің айтуынша, маман даяр­лау ісіне жіті мән беру керек. Әр маман өзін-өзі үнемі жетілдіріп отырған абзал. Қазақстандағыны айтпағанда, Қы­тай­да 4 мыңнан астам ота жасаған Серіктің ка­бинетінде қытай тіліндегі көптеген кітап бар. Әр отаға кірердің алдында бір шолып шы­ғады. Дәрігер ғылыммен шұғылдануы ке­рек. Әйтпесе, оның жай оташыдан айыр­машылығы болмайды. Яғни, академиялық жол­мен жүруі керек. Серік Дүйсенбіұлының бір бай­қағаны, Қазақстанда аурухана уни­вер­ситетке қарамайды екен. Яғни, «уни­вер­си­теттің ауруханасы» дейтін аурухана жо­қ­тың қасы. Ал әлемдік тәжірибеде үлкен ауру­ханалар оқу орнымен тікелей бай­ла­ныста болады. Яғни, ғылымға сүйенеді. Ар­найы зертханасы болады. Студент ә де­геннен жұмысқа араласады. Бізде осы мә­селені жолға қойған абзал. Әлемдік стан­дарт солай. Серік Дүйсенбіұлы секілді білікті ма­мандар жоғары оқу орнында сабақ беру­ге тиіс. Ол қазір өз бастамасымен Ас­та­н­а медицина университетінен 3 тәлімгер алыпты. Ал негізінен бұл мәселені мемлекет реттеуі керек.  «Сіз әлемдік деңгейдегі мықты ма­ман­сыз! Қазақстан сізге қандай жағдай жа­са­ды?» – деп сұраймын ғой Секеңнен. «Бө­лім­ше ашып берді. Жұмыс жасауға мүмкіндік жа­сады. Одан артық не керек?» – дейді ол кү­ліп. Қандас мәртебесін алып, соның жеңіл­діктерін пайдалану ойына да кел­меп­ті. Үйді өзі сатып алған. Ешкімге алақан жай­ғысы келмейді. Керісінше, барынша жұрт­қа көмектесіп жүр. Қазақстанның әлем­дегі ең бір мойны озық елдермен қатар тұр­ғанын көргісі келеді.  Оның айтуынша, қазір Қытайдан ме­дицина саласына қатысты мық­ты мамандар келген. Бірақ олардың көбі жұ­мыссыз жүр. Өйткені тіл білмейді. Орыс ті­лін! Лицензия алу да бір ақырет. Өйткені ол жерде де орыстілділер отыр. Бұндай жағ­дай Серік Дүйсенбіұлының де басынан өт­кен. Бұл лицензия алу үшін емтиханды ағыл­шын тілінде тапсыруды өтініпті. Өйт­кені орыс тілін білмейді, ал қазақ тіліндегі оқулықтарды түсіну өте қиын. Әлемдік стан­дарттағы терминологияның көбі өзге­ріп кеткен. Негізінен, орыс тілінен ауда­рыл­ған. Қотарылған десек, дәлірек келетін шы­ғар. Басында құзырлы органдар ағыл­шын тілінде тапсыруға келіскенімен, кейін әң­гіме сиырқұйымшақтанып, қазақ немесе орыс тілінің бірін таңдауға тура келген. Бұл қа­зақ тілін таңдапты. Өйткені жаза білмесе де, оқи алады. Соның арқасында лицензия ал­ған.  Міне, әлемдік деңгейде танылған, дү­ние­нің төрт бұрышында өз саласындағы кез келген мәселе бойынша кез келген мық­ты маманмен ашық сұхбат құра ала­тын ғалым-дәрігер өз елінде осындай сынақтан өтуге мәжбүр болған. Бұл Серік Дүйсенбіұлының басын­дағы ғана жағдай емес. Ол қайта өзін дә­лел­деп, жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Нау­қастардың алғысына бөленіп жүр. Со­ған жағдай жасаған «Ұлттық ғылыми ме­дициналық орталығы» АҚ басқарма төра­­ғасы Абай Байкенжинге рахмет айта­ды. Ал Қытайдан келген, сондағы ірі ауру­ханаларда жұмыс істеген көптеген маман қазір жұмыс таба алмай отыр. Дені – қазақ мектебін бітір­ген, қытай тілін жетік біле­тіндер. Ара­сында мықты онколог, гастроэн­теролог т.б. мамандар бар. Бірақ олардың қазақ­шасы Қа­зақстанға жарамай тұр. Ден­саулық сақ­тау министрлігінде осы мәселе бірнеше рет көтерілгенімен түйін әлі шешілмепті. Енді олар өздері бір орталық құруға ұмтылып жа­тыр екен. Бірақ әзірге кедергі көп.  Бұл – Қазақстанға келген маман қазақ­тардың жағдайы. Ал әлемнің түпкір-түп­кірін­де мықты клиникаларда істеп жүрген қандастарымыз бар. Олар да атамекенге оралғысы келеді. Бірақ... «Бірағымыз» көп болып тұр... Мемлекет басшысы шетелде жүрген мықты мамандарды, ғалымдарды елге шақыру жөніндегі мәселені жиі көтеріп жүр. Ғылым мықты болған жерде ғана еліміз ілгері дамиды. Әйтпесе, өгіз аяңмен алысқа бармасымыз анық.  Қазақстаннан кеткен мықты ғалымдар­мен бірге, өзін әлемге танытқан қандас­тары­мызды да шақыру керек. Сонда ғана кө­шіміз түзеледі.               Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ