T-Newspaper

«Ақтөбе» газеті: ғасырлық жылнама

Республикамыздағы байыр­ғы басылымдардың бірі сана­ла­тын облыстық «Ақтөбе» газеті өзі­нің ғасырлық биігіне көтері­ліп отыр.

Өткен кезеңдерге үңілетін бол­сақ, ойымызға Ахмет Байтұр­сы­нов­тың «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» атты тұжырымдамасы ора­лады. Өйткені бұл газет те өзінің ғасырлық белесінде осы қағидатты берік сақтап, өз ұстанымынан ешбір айныған емес.1924 жылдың 7 маусымында бү­гінгі облыстық басылымның іза­шары «Кедей» газетінің алғашқы са­ны оқырманына жол тартты. Га­зет­тің атауынан байқалып тұр­ған­дай, ол сол уақытта бұқара деп са­на­­­латын кедей табының  мұңын жоқ­тады, жалпы ұлттың қажетін із­деді. Газет бастапқыда аптасына бір рет, екі бет көлемде жарық көріп тұр­ды. «Кедей» газетінің атауы ас­тын­да «Ақтөбе губерниялық советі һәм партия комитеттерінің тілі» де­ген жазу тұрды. Газеттің алғашқы сандарынан бас­тап «Қазақстанда», «Елден», «Жас­тар тұрмысы», «Телеграммалар», сон­дай-ақ «Ішкі хабарлар», «Сыртқы ха­барлар» айдарлары тұрақты кө­рініс тапты. Бұдан басылымның жұрт­шылықты ақпараттандыру ба­ғытын ұстанғанын аңғаруға бо­лады. Бүгінгі күні бізге «Ақтөбе» газе­ті­нің алғашқы, яғни бастапқы қа­лып­тасу тұстарындағы ахуалды ұғыну аса маңызды. Өйткені кеше­гі­сіз бүгін жоқ, сондай-ақ ертеңге апа­ратын жол да осылай сабақтасып жал­ғасын табады.

«Кедей» алғаш шыға бастағаннан жал­­ған ұраншылдыққа салынбай, ха­лықтың сауатын ашуға, мәдениетке үй­ретуге, жаңа заманның бағыт-бағ­дарын жұртшылық санасына сіңіруге ұм­тылған салмақты басылым бол­ға­ны аңғарылады. Ел жаңалықтарымен қа­тар сол заманның ең өзекті мәсе­ле­лері – білім алуға шақыру, әйел теңдігі се­кілді тақырыптар алдыңғы кезекке шық­қан. Газетке жаңа леп ала келген бас редактордың орынбасары Жиен­ғали Тілепбергенов «Оқшауша» деген ай­дар ашып, сол айдар жур­на­лис­тер­дің еркін шығармашылығының мін­бе­ріне айналған. Тіл ғылымының тео­риялық негізін қалаған ғалым Құ­дайберген Жұбановтың, «Еңбекші Қа­зақтан» келген Кенжеғали Абдул­лин­­нің кесек ойлы мақалалары газет­тің іргетасы әуелден-ақ мықты қалан­ғанын көрсетеді.  «Кедей» газеті редакциясының тұң­ғыш жауапты хатшысы болған Кен­жебай Назаралин кейінгі тұста бір ес­телігінде былай деп жазыпты: «Ке­дей» газетінің бірінші саны 1924 жыл­дың жазында жарық көрді. Тыр­на­қал­ды нөмірдің өзін әзер деп шығардық. Өйт­кені ол кезде білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қыз­мет­керлері жоқ болатын. Оның үстіне қа­зақ тіліндегі әріптер жетіспей, Қа­зан­нан алдырдық. Тәжірибесіздіктен де таяқ жедік. Бір сөзбен айтқанда, га­зет ісінің әліппесін редакцияда жұ­мыс істеп жүріп үйрендік». «Кедей» газеті басқармасының аты­нан «Тілшілер не жазу керек?», «Тіл­­­шілер! Шаруа нені аңыз қылады, жа­зыңдар!» деген сияқты нұсқаулар үне­мі беріліп отырған. Жанұзақ Жә­ні­беков «Кедей» газетін 1926-1929 жы­л­дар аралығында басқарған тұста ба­сылым өз бағытын біршама ай­қын­дап, журналистер де жазу машығына тө­селіп қалады.    Қазақтың көрнекті журналисі Әб­дуәли Қарағұловтың 1967 жылы жаз­ған естелігі былай өріледі: «…Қа­зақ­станда облыстар құрылды. Осыған бай­ланысты «Алға» газеті 1932 жылы наурыз айының орта кезінде «Со­циал­дық жол» деген жаңа атпен облыстық га­зет болып қайта құрылды. Бұл – бұ­рын­ғы округтік «Кедей» газетінің «Ал­ға» болғаннан кейінгі үшінші аты. Бұл кезде редакция қызметкерлерінің са­ны едәуір өсті. Менің үлесіме ауыл ша­руашылығы секторының мең­геру­шілігі тиді. Редактор бастаған оннан ас­там адам екі бөлмеде орналастық. 1934 жылы армия қатарынан ора­лып, газеттің жауапты хатшысы бо­лып істедім де, 1936 жылдың тамыз айын­да Алматыға кеттім. Ол кезде га­зеттің редакторы Меңетай Жақ­сы­лықов еді. Мен хатшылық жұмысты Кәрім Ержановқа тапсырдым».

Бұл естеліктер бізге облыстық га­­зетті шығарудағы алғашқы тал­пыныстар мен қиындықтарды анық аңғартады. Біздің байқаға­ны­мыз­дай, сол тұста газеттің басты мін­­­­дет­тері қатарында, яғни көтеруге тиіс та­қырыптары аясында – ауылдарды со­веттендіру, партия мен үкіметтің сая­сатын қалың бұқараға түсіндіру, ау­қаттылардың астыртын жүргізетін кү­ресін қауіпсіздендіру, байлар ием­деніп келген шабындықтарды жалшы-батырақтарға бөліп беру, қосшылар ода­ғының жұмысын жандандыру, әйел теңдігі және мектептер желісін кө­бейту мәселелері тұрды.  Газеттің алғашқы сандарынан ав­­­торлар тобы қалыптаса бастағаны бай­қалады. Қазақ оқығандары ішінен бел­гілі заң қызметкері Мырзағұл Ата­ния­зов, жазушы Жиенғали Тілеп­бер­ге­нов, тіл маманы Құдайберген Жұ­ба­нов, халық ақыны Әкімәлі Қаржауов «Ке­дейдің» штаттан тыс тілшілері қа­­­тарынан табылды. Облыс өңіріндегі өркенді өз­геріс­тер, экономикалық ілгерілеулер, ин­дустриалды даму қадамдары газеттің бас­ты тақырыбына айналды. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстың  ал­дын­да өңірде бой көтерген өндіріс алып­тары – «Алға химия комбинаты», «Ақ­төбе ферроқорытпа құрылысы» зауыт­тарының алғашқы қадамдары ту­ралы оқырманға жүйелі хабарла­нып тұрды. Газетте қарапайым еңбек адам­дарының тұлғасы айшықталып кө­рінді. Атақты тары өсіруші Шы­ға­нақ Берсиевтің іс-тәжірибесі осы ба­сылымда кеңінен насихатталды. Елімізге тұтқиылдан келген ке­са­пат – Екінші дүниежүзілік соғыс   қа­­лам иелеріне де жауапкершілік жүк­­теді. Бірқатар белсенді жур­на­лис­тер сол кезде қолдарына қару ұстап, май­­данға аттанды. Олардың қатарын­да есімдері елге танылып үлгерген Аб­долла Ерназаров, Ахмет Ескендіров, Қонысбай Ерғарин сынды жур­на­лис­тер бар еді. Ел қорғау жолында қаза тап­қан осы ерлердің есімі газет тари­хы­н­да мәңгі сақталады. Соғыстан кейінгі бүлінген шаруа­шылықты қалпына келтіру, тың игеру, басқа да күрделі мәселелер облыстық ба­сылымның тұрақты тақырыбына ай­налды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында газеттің кадрлар құрамы жаңарып, Қазақ мемлекеттік уни­верситетін бітірген жас мамандар­мен толықты. Бұған бірнеше облыс­тың бірігіп, өлке құрылуы да әсерін ти­гізді. Сол кезде өлкелік деген атауы­мен шыққан «Батыс Қазақстан» газе­ті­нің оқырмандары бұрынғыдан кө­бейе түсті. Газет басшылығы өз ор­та­ла­рына штаттан тыс авторлар құра­мын нығайтып, интеллигенция өкіл­дерін, еңбек адамдарын көбірек тарта бастады. Өлкелік газеттің 400-ге жуық тұрақ­ты авторы, 700-ден астам ауыл-село тілшісі болуы – осының айғағы. Сон­дай-ақ аудандарда жергілікті тіл­ші­лер посты құрылды. Ақтөбе қала­сы­нда ауыл-село тілшілерінің слеті өткізілді. Облыстық басылым өзінің сол қа­­­лыптасу кезеңдерінде Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көр­месінің арнаулы дипломдарымен, КСРО Журналистер одағының «Құр­мет» грамотасымен марапатталды.  1974 жылы облыстық газеттің шыға бастағанына 50 жыл толуына орай және басылымның «облыс ең­бек­шілеріне коммунистік тәрбие беру, оларды шаруашылық және мәдени құ­рылыстың міндеттерін орындауға жұ­мылдыру жөніндегі жемісті жұмы­сы үшін» қоғамдық-саяси өмірдегі бел­сенді қызметі бағаланып, еңбек ұжы­мына «Құрмет белгісі» ордені берілді. Мұның барлығы сайып келгенде ал­ғашқы қадамнан басталған ізденіс­тердің, ілгерілеулердің жемісі еді. Осы орай­да газеттің алғашқы буын басшы­лары – Абдолла Жәнібековтің, Кенже­ғали Абдуллиннің, Тумыш Сарқожаев­тың, Меңетай Жақсылықовтың, Мұқ­сым Қобдабаевтың, Құбаш Қо­жа­мұра­товтың, Смағұл Мұқашевтың есім­дерін бүгін де құрметпен атап, еске аламыз. Облыстық газетте елге танымал көп­теген ақын-жазушының қолтаң­ба­лары қалды. Олардың қатарында Қуандық Шаңғытбаев, Мұхтар Құр­ма­налин, Табыл Құлиясов, Тобық Жар­ма­ғамбетов, Құрал Тоқмырзин, Қажы­ғали Мұқанбетқалиев, Есенбай Дүй­сен­баев, Мейірхан Ақдәулетұлы, Ер­тай Ашықбаев, Бауыржан Бабажан­ұлы, Серікқали Байменше секілді танымал қаламгерлер  бар.  Облыстық газеттің қалыптасу ке­­зеңдерінде басылымда журналис­тер­дің қуатты толқыны қызмет ат­қар­ды. Олардың проблемалық мақа­ла­лары, ойлы очерктері, семсер тілді фе­льетондары республикалық газет­терде де жарияланып жатты. Бірқа­та­рының кітаптары жарық көрді сол кезеңдерде. Газетте алпысыншы жылдардан бері қарайғы кезеңде Мұрат Нұртаев, Таңа­тар Шаңбатыров, Кәдірбай Бек­ма­ғамбетов, Төлеміс Меңдіғалиев, Төре­бек Досқалиев, Смат Қабылбаев, Зей­­­нолла Құлжанов, Марат Мырза­ғұ­лов, Әкімжан Оралбаев, Сағымбай Сем­баев, Сексенбай Күлімбетов, Қуа­ныш Әлжанов, Аманқос Орынғали­ұлы, Жанғабыл Қабақбаев, Сатыпалды Сәуірбаев, Сағындық Ниянқұлов, Әлім­бай Ізбаев, тағы басқа аға буын жур­налистер өнімді еңбек етті.  1965-1992 жылдар аралығында об­­­лыстық газетті Нұрқайыр Телеуов бас­қарды. Одан кейінгі жылдарда Қуа­ныш Тектіғұлов, Идош Асқар, Әмір Орал­бай, Қасымжан Байсадақов, Бауыр­жан Бабажанұлы басылым тіз­гінін ұстады. Егер шежіреге үңілетін болсақ, ба­сылымның тарихы былай өрнек­те­лер еді: 1924 жылғы 7 маусымда – газеттің тұң­ғыш саны төте жазумен (араб әліп­биі) «Кедей» деген атпен жарыққа шық­ты. 1930 жылғы тамыз – округтер мен уез­дердің орнына аудандар ұйымдас­қан­да «Кедей» газеті «Алға» болып өз­герді. 1932 жылғы 13 наурызда – облыс құрылып, газеттің аты әуелі «Социал­дық жол», сосын «Социалистік жол» болып өзгерді.  1962 жыл – өлке құрылуына бай­ланысты газеттің атауы «Батыс Қа­зақ­стан» болды. 1965 жыл – бұдан былай облыс­тық деңгейдегі «Коммунизм жолы» атауымен шықты. 1990 жылғы 12 қазан – облыстық га­зет «Ақтөбе» атауын иеленді. Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дарында елдегі эконономи­ка­лық ауыр ахуал газеттерге де сал­қы­нын тигізбей қойған жоқ. Облыстық ба­сылымдар қағаз жетіспеушілігі, бас­қа да себептерден бірнеше ай қата­рынан шықпай қалған уақыт бол­ды. Бірақ оқырман үміті үзілген жоқ, кейін бәрі де қалпына келді.        Бүгін облыстық басы­лым­дар жаңа кезеңге аяқ басты. Об­лыс­тық «Ақтөбе» газеті қазір «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында бірнеше ба­­­сылыммен қатар жаңа уақыт тала­бына сай ұмтылыспен қызмет етуде. Сөз реті келгенде айта кететін болсақ, осы «Ақтөбе Медиа» ЖШС құрамында сондай-ақ облыстық «Актюбинский вес­тник» газеті, «Үш таған» журналы, You­Tube-арнасы, арнайы сайттар бар. «Ақтөбе» газетінде білім, мәдениет, өнер, денсаулық, тағы да басқа тақы­рып­тарда тұрақты беттер беріліп ке­леді.  «Ақтөбе» газеті өзінің 100 жылдық мерекесі қарсаңында «Жүз жыл жыл­намасы» айдарын алға шығарып, өз тарихын тағы бір түгендеуде.   Сондай-ақ нақ осы «Жүз жыл жыл­намасы» атаумен еліміздің алғаш­қы астанасы Орынборға, одан кейінгі орталығымыз болған Қызылордаға (Ақ­мешітке), Алматыға, бүгінгі елор­дамыз – Астанаға арнайы экспеди­ция­лар ұйымдастыру жоспарлануда. Биыл газеттің ғасырлық ме­рекесіне орай медиа-форум өткі­зіл­мек. Онда «Қазіргі заманғы журна­лис­ти­ка және ұлттық баспасөз», «Дәуір үні және уақыт талабы» тақырыбы ая­сында бүгінгі күннің өзекті мә­се­ле­лері қозғалады. Бұл үлкен жиынға елі­міздің танымал, тәжірибелі жур­на­листері шақырылады.   Газет мерекесі қараңында түрлі кез­десулер, спорттық сайыстар, шы­ғар­машылық конкурстар өткізу қолға алынуда. Мұның барлығы мерейтой сал­танатын көтере түседі деп ойлай­мыз. ...Басылым  басшыларының бірі ре­тінде оның деңгейін көтеруге ат са­лысқан белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев өзінің «Газетіммен сыр­ласу» атты өлеңінде: Жақсыларға жетпесе де сөзім кей, Көп мақала жазған екем көз ілмей. Талай игі орталармен жұғыстым, Ешкім мені түсінген жоқ өзіңдей, – деп жазғанындай, көптеген қалам иесі үшін «Ақтөбе» – ыстық ұя, мерейлі ме­кен, мәртебелі орта.  «Ақтөбе» газеті әр кезеңдерде жал­пы Түркі әлемімен байланысын үзген емес. Соның бір айғағы – басылымның 95 жылдық мерекесінде Түркиядан Еу­разиялық мәдениет және спорт ас­социациясының президенті Ахмет Ту­зун, Бұрса қаласындағы «Gep» те­леар­насының директоры Омер Ай­дог­ду арнайы құттықтау лебіздерін жол­­­дауы. Сөз реті келгенде айта кетейін, 1997-1998 жылдары қазақтың белгілі қа­ламгері Қалтай Мұхамеджановтың басқаруындағы халықаралық Túrkistan  газетінің республикамыздың ба­тыс облыстарындағы меншікті тіл­шісі болып қызмет атқарған кезімде, елі­мізге танымал қаламгер, журна­лис­термен қызметтес болып, тәжірибе жи­нақтадым, шығармашылық жетілу жо­лдарынан өттім. ...Байырғы басылымның 100 жыл­дығына орай таяуда ақтөбелік ал­ь­пи­нистер арнайы сапарға шығып, Тянь-Шаньдағы Альтус шыңына «Ақтөбе» га­зетінің туын тігіп қайтты. Бұл ға­сыр­лық тарихқа аяқ басқан газет жур­налистері үшін бір биіктікті игеру, жо­ғарыға ұмтылу нышаны іспетті бо­лып отыр. 

Раукен ОТЫНШИН, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы