Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жетілдіріледі
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі әзірлеген заң жобалары Парламент Мәжілісінде қаралу үстінде.
Депутаттардың талқылауына «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» екі заң жобасы ұсынылды.
Заң жобаларымен қарастырылған жаңалықтарды құқықтық өріске енгізу, халықаралық алдыңғы қатарлы стандарттар мен құқық қолдану тәжірибесін ескере отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Өзгерістердің көпшілігі мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған. Жаңа заңнама мынадай мәселелерді қарастырады: Жемқорлар үшін ашық реестр енгізу қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді – егер адамның сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны туралы ақпарат ашық болса және сыбайлас жемқорлық қылмыс фактісі ұятты іс ретінде қаралса. Пара беруге (ұсынуға) және мұндай ұсынысты қабылдауға қатысты қылмыстық жауапкершілік енгізу қоғамның жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастырады. Бұл өз кезегінде жемқорлықтың мемлекетке зиян келтірмеуіне ықпал етеді. Кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін шенеуніктердің, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін заңды тұлғалардың әкімшілік жауапкершілігін күшейту бойынша түзетулер қарастырылған (айыппұл мөлшерін көбейту, мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту). Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою бойынша банктер, жоғары оқу орындары, ауруханалар және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың қызметкерлерінің заңсыз сыйақы алу фактілерін әшкерелеудің тиімділігін арттыру жөніндегі түзетулер қарастырылған. Қылмыстық кодекс заңсыз сыйақы беруді қылмыс ретінде қарастыратын жаңа баппен толықтырылуда. Парақорлық сияқты, бұл тек пара алушыларды ғана емес, оны берушілерді де жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді. Заң жобасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу құрамдас бөлігін күшейтуге бағытталған түзетулер қарастырылған (мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік секторда мүдделер қақтығысын болдырмау және реттеу шараларын регламенттеу (жеке мүдделерді декларациялау институтын енгізу; мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілерді жарамсыз деп тану), оны болдырмау және реттеу жөніндегі шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершілік енгізу; мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдамағаны, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоймағаны үшін жауапкершілігін күшейту және т.б.). Қазір Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің қатысуымен жан-жақты жұмыс жүргізілуде. Жалпы алғанда, заң жобалары жұмыс тобы мүшелерінің енгізген түзетулерін ескере отырып жетілдірілетін болады.