Қорғаныс министрлігінің спортшылары – күміс жүлде иегерлері
Жарысқа әлемнің 20 елінен 260 мықты спортшы қатысты.
Мунген қаласындағы Корея Қарулы күштері спорттық корпусының (KAFAC) базасында халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) ұйымдастырған тхэквондодан әскери қызметшілер арасындағы 27-ші әлем чемпионаты аяқталды.
Жарысқа әлемнің 20 елінен 260 мықты спортшы қатысты. Олар ерлер мен әйелдер арасындағы сегіз салмақ дәрежесінде бақ сынасты. Жекпе-жек нәтижелері бойынша Орталық спорт клубының спортшылары ҚР Қорғаныс министрлігінің қоржынына екі алтын, бес күміс және бір қола медаль салып, жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді. Әйелдер арасында Қарулы Күштердің қызметшісі Ясмина Нарбаева (53 келіге дейін) және Мария Севостьянова (57 келіге дейін) жеңіске жетті. Қарулы Күштердің қызметшілері Нұрай Бауыржанова (49 келіге дейін), Нұрай Құсайынова (67 келіге дейін) және Назым Махмутова (73 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Әскердің енді бір спортшысы Альмира Қанат (62 келіге дейін) қола медаль иеленді. Ерлер арасында Қарулы Күштердің саңлақтары Джавохирхон Исламов (58 келіге дейін) пен Аманбол Бегімбетов (63 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды.