Тағдыр талқысына мойымаған ғалым Балаубаев
«Салкен Балаубаев қазақ даласына алғаш психология ғылымын қазақ тілінде сөйлеткен ғұлама ғалым, ұстаз» – деп еске алады көзкөрген қарт ұстаздар:
Қызыл империяның қырғыны кеңестік елдердің барлығын қамтыды. Қазақстанда 118 мың адам сотталған. Олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Бұл кезеңді бүгінде «Ұлы зұлмат-зобалаң жылдары» деп атаймыз. Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының тауқыметті тағдырлары ешқашан ұмытылмайды. Яғни, Әлихан Бөкейхан бастаған топтың қазақ халқының өз мүддесін, еркіндігін аңсаған талаптары, халыққа ірткі салып, кеңестік принципке қарсы шығу деп айыпталды. Ал оны жақтаушылар Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ахмет Байтұрсынұлы сынды арыстарымыз жастай солардың құрбаны болғанын бүгін тарих дәлелдеп отыр. Бұл мақала осы жоғарыда аталған халқымыздың зиялы қауым қатарындағы Сәкен, Ахметтердің саяси-мәдени идеяларын қолдап, қазақ тілі мен мәдениетін көтеруге, ел тәуелсіздігі үшін күрескен және жастар арасында насихаттағандардың бірі Салкен Балаубаев жайлы.
«Салкен Балаубаев қазақ даласына алғаш психология ғылымын қазақ тілінде сөйлеткен ғұлама ғалым, ұстаз» – деп еске алады көзкөрген қарт ұстаздар: Мұса Тайтөлеуұлы, Қайролла Әбеуұлы, Қадыр Матен және әріптесі психолог, ғалым, зейнеткер Жолмұхан Түрікпенұлы. Көзкөргендердің, яғни ғалымнан дәріс алған шәкірттері мен ғалымның қатарластарының айтуынша, Салкен Балаубайұлы – тек Орталық Қазақстан үшін емес, бүкіл қазақ елінің рухани-ағартушылық жағдайын дәріптеп, насихаттаушы. Ғалымның ғылыми қабілеттілігі, шығармашылығы, білім беруге құштарлығы өмір жолы мен естеліктерінен байқалады. Ол Қарағанды облысының және оның кейбір аймақтарының, атап айтқанда Байдаулет (Бұқар жырау өңірі), Еркіншілік ауданының орталығы (қазір – Ақмола облысының Ерейментау ауданы), Асан Қайғы ауданы (қазіргі – Жаңаарқа ауданы) құрылуына бастамашы болған. (Бұл деректер Жаңаарқа аудандық сотының сайтында көрсетілген). Ол кезде ғалым небәрі 23 жаста болатын. «Совет үкіметі мені, «Алашорда» көсемі Ахмет Байтұрсынұлы мен «халық жаулары» Сәкен, Мағжан, Ілияс, Бейімбеттердің еңбектерін насихаттады деген айыппен соттады. Онысы рас еді, қазақ әдебиетін оларсыз елестету мүмкін емес қой», – дейтін Сәлкен аға өз естелігінде. Салкен (Мұхамет-Салих) Балаубайұлы Балаубаев 1900 жылдың 28 сәуірінде, (Ақмола қаласы маңындағы Май-Балық көлі, Байдәулет ауылының Жайылма өңірінде) қазіргі Жаңаарқа ауданы, «Дружба» деп аталып келген ауылда көшпелі, қарапайым қазақ отбасында тоғыз баланың бірі болып дүниеге келеді. Кішкене кезінен бала Сәлкен еңбекқорлығымен, елгезек, зеректігімен ерекшеленген. Ол 1974 жылы 74 жасында қайтыс болды. Нілдіден Волостников деген мұғалімнен 7 кластық білім алған. Араб, парсы, шағатай, неміс, өзбек, орыс тілдерін жетік білген. Салкен 16 жасқа толғанда, оған клуб меңгерушісі қызметін сеніп тапсырып, «Спасскі мыс балқыту» зауытының жұмысшыларын тұтыну кооперациясы басқармасының мүшесі болып сайланады. Салкен Балаубаев Ақмола қаласында революционер Сәкен Сейфуллин ұйымдастырған және басқарған «Жас қазақ» жастар қоғамының филиалы ретінде «Жас жүрек» Спасскі зауытының жұмысшы жастарының мәдени-ағартушылық қоғамының бастамашысы және жетекшілерінің бірі болды. Сейфуллиннің «Бақыт жолында» пьесасы бойынша алғашқы қойылымды Салкен сахналады. Әлі жарияланбаған пьесаны жоба түрінде Сәлкен Балаубаевқа Сейфуллиннің өзі берген. Қызыл Армия бөлімшелерін жабдықтау жөніндегі революциялық комитеттің хатшысы болып жұмыс істейді. 1920 жылы Ақмола революциялық комитеті болып тағайындалып, маусымнан желтоқсанға дейін Байдәулет революциялық комитетінің төрағасы (қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар-Жырау (Ульянов) ауданы) болып жұмыс істеді. Біраз уақыттан кейін Салкен Байдәулет ревкомының төрағасы, одан кейін Ақмола, Петропавл қалаларының халық судьясы, губерниялық атқару комитетінің хатшысы болып сайланады. Кеңестердің волостық съезін өткізіп, өзін қазақтың талантты жұмысшыларының бірі ретінде танытып, Қарағанды облысының Ақмола қаласына шақырылады. 1921 жылдың тамызынан 1922 жылдың маусымына дейін Ақмола уездік атқару комитетінің жауапты нұсқаушысы және Поволжьедегі аштыққа көмектесу жөніндегі округтік комиссия төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. «Бостандық туы» («Знамя свободы») Ақмола губерниялық газетінің редакциясында әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. Рас, әрі қарай ол әдеби қызметпен айналысуды қатаң түрде шеше отырып, қызмет етуден бас тартады. Ол 1924-25 жылдары Ташкент қаласына барып жұмысшы факультетіне түсіп, оны үздік бітіргеннен кейін Орталық Азия мемлекеттік университетінің психология-педагогика факультетіне түсіп, 1929 жылы 27 жасында үздік дипломмен бітіреді. Университетті бітірген соң Ташкенттегі Ортаазиялық еңбекті ұйымдастыру және сауықтыру институтының психикалық-техникалық лабораториясында бастық болады. Осы кезде «Ташкенттегі жасөспірімдердің кәсіптік бағдарламасы», «Мақта тазалайтын Джин машинасын меңгеру мамандығы», «Ташкенттегі өндірістік мекемелердің санитарлық-гигиеналық шаралары» деген еңбектерін бастырып шығартады. Осы жылдары ол ғылым саласында бірнеше еңбектер жазады. Т.Барановпен бірлесіп «Вопросы конструирования национального теста» («Советская психотехника», 1933, №1), «Мектеп группаларын комплектеу» (Алматы, 1934), «Қиын бала», «Политехникалық мектеп», (1933, №7-8), профессор А.Залкиндтің «Педологиясын», профессор П.Шимбиревтің «Педагогика» оқулықтарын қазақ тіліне аударды. Осы еңбектерде психологиялық терминдердің қазақша баламасы көптеп кездеседі. С.Балаубаев еңбектері қазақ психология ғылымы тарихында елеулі орын алады. «Мектеп группаларын коплектеу (Қызылорда, 1934, 16 бет) атты еңбегінде психология тұрғысынан сынып ұжымын құру жайында ақыл-кеңес береді. 1930-1932 жылдары Ташкент қаласындағы Қазақ педагогикалық училищесінде сабақ береді, Ортаазиялық әлеуметтік қорғау ғылыми-зерттеу институтының зертханасын меңгереді. Ол Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатында балалар әдебиеті бөлімінің төрағасы болған. Ол әдеби энциклопедиясында ақын ретінде атап өтілді. 1932 жылы аталған еңбектерінің жарық көруіне байланысты Қазақстандағы жоғары аттестациялық комиссия (төрағасы Меңдешев) психология ғылымдарының кандидаты және доцент атағын қоса береді. 1932-1935 жылдар аралығында КазПИ-де Психология кафедрасының меңгерушісі. Орал қаласындағы Педагогикалық институтқа доцент болып ауысады, осы жерде қазақша «Психология», «Мектеп жасындағы балалар психологиясы» оқулықтарын жазып, баспадан шығарады. Бірақ бұл еңбектері Салкен Балаубаевты «халық жауы» деп тұтқындап, соттағанда өртеледі. Сәлкен Балаубаев 1932-1937 жылдары Алматы, Орал, Қарағанды Педагогикалық институттарының кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді. 1935 жылы Распеннің «Мюнхаузен оқиғалары», Лермонтовтың «Демонын», Куприннің «Одеся» деген әңгімесін аударып, «Қызыл Қазақстан» журналына жариялады. Салкен Балаубаевтың ұстаздық, ғылыми тағдыры оның №5 статьямен 1937 жылдың қараша айында қайнаған ғылыми-педагогикалық қызметі кенеттен үзіледі. Оны қамауға алып, 20 жыл бас бостандығынан айырады. «Алаш» партиясына мүшелігі үшін «халық жауы» белгісі «Қазақстан Большевик» журналында «Пролетар студенттерін коммунистік тәрбиелегені үшін» тақырыбындағы аймақтық партия комитетінің үгіт-насихат және насихаттау бөлімі қызметкерінің мақаласы тұтқындауға себеп болды. Салкен Балаубаевтың «Халықаралық топқа» қатысы туралы іс бойынша материалдарда ол оны ұйымдастырушылардың бірі деп аталды. Салкен Балаубаев түрмедегілер ортасында беделді адам болады. Себебі өз тағдырластарын білімімен, біліктілігімен, ақылдылығымен, қайраттылығымен аштықты, жалаңаштықты сезбеуге үйретеді. Оны осы мінез-құлқымен біліміне қарай «академик» деп атап кеткен. Осыған орай түрме қызметкерлерімен де тіл табыса білген. Сонымен, 1954 жылы қамаудан шығады. Дегенмен үш жыл жұмыссыз, күн көрістік кәсіппен айналысып жүреді. Айына бір рет «күзетшілердің» бақылауымен барып камендатураға есеп беріп отырған. 1956-57 оқу жылының басында Қарағанды Педагогикалық институтының ректоры Сейтқали Баймурзиннің ұсынысы бойынша С.Балаубаев доцент атағына қайта қабылданып, педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. 1956 жылы №22/179-н ұйғарымымен Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы С.Балаубаевтың барлық құқығын қалпына келтіріп, толығымен ақталады. Сол 1956 жылдан бастап ол Қарағанды Педагогикалық институты мен университетінде психология кафедрасының доценті және педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді, сонымен қатар аспиранттардың психология бойынша ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Салкен Балаубаев Қазақ КСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы Балалар әдебиеті секциясының төрағасы қызметін қоса атқарады. Ол – педагогтарды психологиялық даярлаудың бірегей жүйесінің авторы. Сондай-ақ ол Қарағанды мен Қазақстанның құрметті азаматтары Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров, Сайдиль Талжанов, Жұмабай Орманбаев, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ислам Жарылғапов, Гали Мусалитимов және басқа да қоғамның ғалымдарымен қызметтес болды. Мен осы алғашқы ғұлама ғалым-ұстаз Сәлкен Балаубаев жайлы материалдарды іздестіріп жинақтаған кезде (1997-2000 ж.ж.), Қарағандыда тұратын бауыры Балаубаев Борис және шәкірті Сәбит Бармаханбетұлы деген қарттармен кездескен едім. С.Балаубаев психологиялық қоғамның республикалық, бүкілодақтық съездерінің, XVIII Дүниежүзілік психологтар конгресінің делегаты болды. Институт ректоры С.Баймурзиннің Балаубаевқа көрсеткен сенімі абыроймен ақталды. Қысқа уақыт ішінде ол оқу-әдістемелік және ғылыми-педагогикалық жұмыстың көптеген бағыты бойынша орасан зор еңбек атқарды. Кафедра меңгерушісі, аспиранттар мен студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. 1966 жылы психолог Абдулла Темірбековпен бірге педагогика институттары мен университет студенттері үшін қазақ тілінде психология бойынша алғашқы оқулық шығарды. Сәлкен Балаубаевтың 100 жылдық мерейтойы, сол кезде (1989-2000) бізде табылған деректерге байланысты туған жылы 1901 жыл деп көрсетілгеніне орай, 2001 жылы атап өтілді. Оған ғалымның жиен шөбересі Қарағанды облыстық музей қызметкері Айгүл Омарова, алғашқы аспиранты психология ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт (Октябрина) Орманбаева, басқа туысқан, көзкөргендері, бауыры Борис Балаубаев қатысып, естеліктер айтты. Осы 2000 жылы алғаш рет бүкіл жастар қауымының алдында ұлы ғалым-ұстаз, психолог, филолог Салкен Балаубаев есімі жарыққа шықты. Мерейтой барысында, психология ғылымдарының докторы (ол кезде кандидат), профессор Б.Әмірованың бастауымен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің психология кафедрасы жанынан Салкен Балаубаев атындағы этнопсихология, этнопедагогика ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Бұл күндері С.Балаубаев дәрісханасында 2001 жылдан бері күнделікті дәрістер мен «Балаубаев оқулары» өтіп тұрады. Осы мерейтойда ғалымның алғашқы аспиранты, психология ғылымдарының канидаты, доцент Октябрина (Бақыт) Кәрімқызы Орманбаева: «Мен сәтті қорғап шыққанда, Салкен Балаубайұлы «жас баладай» қатты қуанып еді», – деп жарқын көңілмен еске алды. Ал Салкен Балаубаевтан дәріс алған тарих факультетінің докторы, академик Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры Әлімжан Телғарин есіне алып, ғалымның дәрістерінің қызықты, тартымды, терең философиялық ойлар мен психологиялық тұжырымдарға толы, көптеген өмірлік жағдайды келтіре отырып, бір мезгіл «қалтасындағы құртын аузына салып қойып, жалғастыратын», – деп күлімсіреп әңгімелейді. 2021 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков басшылығымен даярланған «Қалдырған ізі мәңгілік» атты университеттің қалыптасуына өз үлесін қосқан ғалымдар мен оқытушылардың есімін сақтауға арналған естелік кітапқа Балаубаев есімі енді. Ғалым-ұстаздың есімі жастар жүрегі мен халық аудиториясында мәңгі сақталуға тиіс және оның еңбектері бүгінгі «Жаңа Қазақтанды» қалыптастырушы жастар психологиясының жаңаша дамуына үлесін қосады деген сенімдемін. Ғалымның өмір мен еңбек жолы заманауи жастардың бойында рухани қалыптасуына, патриотизмін, ұлтына деген жанашырлығын, табандылығын, парасаттылығын дамытуға үлгі болып, ұрпақ жүрегінде ұялауы тиіс деген ойдамын. Ендеше, ғұлама ғалым-ұстаз, профессор Салкен Балаубаев есімі Алаш құрбандары есімдерімен қатар ескеріліп, мектеп, көше атауы берілуге тиіс деген пікірлерін, ұсыныстарды қазақ қауымы қолдауын сұраймын. Бибісара ӘМІРОВА, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің профессоры, ПҒА академигі, психология ғылымдарының докторы