Жаңалықтар

Air Astana ұшақта болған келеңсіз оқиғаға қатысты пікір білдірді

Air Astana

Әлеуметтік желіде ұшақ салонында қамалып отырған жолаушылардың видеосы тарады.

Air Astana әуекомпаниясының Астана-Алматы бағытының рейсімен ұшқан ұшақ бортында ақау туындап, салдарынан кейбір жолаушылардың жағдайы нашарлаған. Әуекомпания аталмыш жағдайға қатысты түсінік берді.

Әлеуметтік желіде ұшақ салонында қамалып отырған жолаушылардың видеосы тарады. Бейнежазбадан адамдардың өзін жайсыз сезінгенін байқауға болады.

2 маусым күні "Астана-Алматы" бағытында ұшқан FlyArystan лоукостерінің KC 7332 рейсін Air Astana әуекомпаниясы орындады. Ұшақ Алматы қаласына кешігіп 19:30-да қонды. Әуе кемесі тұраққа жеткеннен кейін экипаж жолаушыларды ұшақтан шығару үшін арнайы трапты күтуге мәжбүр болды. Трап жеткізу әуежайға келген рейстердің көптігіне байланысты кешіктірілді.

«Күтіп тұрғанда ұшқыштар мен бортсеріктер жолаушыларға трап кешіктіріліп жатқанын хабарлап, ұшақтағы ішетін суды таратып берді. Өкінішке қарай, ұшақ қонғаннан кейін кондиционер жұмыс істемей, жолаушы әйел әлсіреп қалды. Бортсерік көмектесу мақсатында оған су ішкізіп, оттегі балонын алып келді. Бірнеше жолаушы ұшақ есігін ашуға тырысты. Экипаж мүшелері қауіпсіздік ережелері бойынша ұшақтан адам құлап кетпеу үшін трап келгенше есік ашуға болмайтынын түсіндірді», - деп хабарлады компаниядан.

Алайда жолушылардың бірі ескертуге құлақ аспай сақтандыру қақпағын ашып, есіктің тұтқасын жоғары көтерді. 20:15-те көлік трапты жеткізіп, олармен қоса әуежайдағы желілік полиция қызметкерлері де келді.

«Air Astana әуекомпаниясы тобы келтірген қолайсыздық үшін KC 7332 рейсі жолаушыларынан кешірім сұрайды. Әуекомпания мен әуежай қызметтері ішкі тексеру жүргізеді», - делінген хабарламада.